Қазақстанға шетелден ұрланған көліктер әкелініп жатқаны рас па?

4484

Көліктер Канадада қолды болып, Біріккен Араб Әмірліктерінде сатылған.

Қазақстанға шетелден ұрланған көліктер әкелініп жатқаны рас па? Фото: canva.com

Канада полициясы 2024 жылы 13 ақпан күні Интерполдың халықаралық базасына "ұрланған әрі заңсыз әкетілген" санатындағы 80 мыңнан аса көлік енгізгеннен кейін көптеген қазақстандық қандай мәселемен бетпе-бет келді? Бұл туралы inbusiness.kz сайтына ҚР ІІМ КПД Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі бұрынғы бас жедел уәкілі, отставкадағы полиция полковнигі, заң кеңесшісі Станислав Портнягин тарқатып берді.

– Бұл жайт туралы не ойлайсыз?

– Қылмыстық автобизнес пайда көлемі жөнінен қару-жарақ, есірткі саудасы және жезөкшеліктен кейін төртінші орында екенін айта кету керек. Қазір Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің көптеген азаматы келеңсіз жағдайға тап болды. Оны былай түсіндіруге болады. БАӘ-де көлік сатып алынған, бәрі тексерілді, бәрі дұрыс. Бірақ арада бір жарым жыл өткеннен кейін осы көліктің Канадада ұрланған көліктердің тізімінде екені анықталып отыр. 

– Қандай да бір мысал келтіре аласыз ба?

– Атын атамай-ақ қояйын Қазақстанның бір азаматы 2022 жылы күзде БАӘ-де 98 мың долларға 2022 жылы шығарылған, қозғалтқышының көлемі 6,2 литр болатын, бар болғаны 1,5 мың миль жүрген Dodge Ram көлігін сатып алды. 

– Ол көлікті нақты қай жерде сатып алған?

– Дубайдағы көлік салондарының бірінен алған.

– Машина қалай рәсімделді?

– Құжаттар толық болған. Автокөлік БАӘ-де рәсімделді. Сатып алушы көлікті БАӘ есебінен шығарып, оны Алматыға жеткізеді, кедендік тазарту, утильалымды және тағы басқасын – барлығын төлейді. Содан кейін Алматыда көлікті өз атына есепке қояды. Азамат машинаны тізгіндеп, салық төлеп жүреді.

– Одан кейін не болады?

– Адам автокөлікті қайта рәсімдеуге шешім қабылдағанда оған машинаның Интерпол жүйесі бойынша халықаралық іздеуде тұрғаны айтылады. Салдарынан көлік иесі машинаны не сата алмайды, не басқа тұлғаның атына қайта рәсімдей алмайды. Соңғы кеде Қазақстанда осындай машиналар саны көбейіп отыр.

– Алайда көлік иелері адал сатып алушылар ғой?

– Әрине, бірақ заңның аты заң.

– Әрі қарай бұл көліктердің тағдыры не болады?

– Олар айыппұл тұрағына жіберіліп, тексеру аясында трасологиялық сараптама тағайындалады. Көлік иелерінің қандай күйге түсетінін елестетіп көріңізші. Осы тұста бұл –тексерудің ұзақ уақытқа созылатынын атап өткен жөн. Себебі заңға сәйкес іздеу бастамашысына хабарланады. Бұл жағдайда Канада. 

– БАӘ-дегі көлік салонының қызметкерлері машинаның Интерпол желісі бойынша іздеуде екенінен қалай хабарсыз?

– Себебі бұрын БАӘ ұрланған көліктерді іздеу бойынша Интерполдың жалпы әлемдік базасына кірмеген. 

– Алайда көліктер БАӘ-ге әкелініп, олар кез келген адамға сатылды емес пе?

– Иә, автокөліктер БАӘ азаматтарына, келушілерге, оның ішінде туристерге де сатылды.

– Көліктер БАӘ-ге қай жақтан әкелінген?

‘– Бүкіл әлемнен әкелінді. Еуропадан негізінен өте қымбат машиналар, мәселен,  Rolls-Royce, Bentley және Maybach әкелінген. Бүгінде келесі схеманы көруге болады. 2024 жылы 13 ақпан күні Ресей Федерациясының, Орталық Азия республикаларының және Қазақстанның Интерпол базаларына соңғы 4-5 жылда Интерполдың интеграцияланған жаңартылған базасы келді. Қазір ол тізімде шетелде қолды болған 80 мыңнан астам көлік енеді. Өкінішке қарай, алаяқтар осы автокөліктердің осыған дейін Интерпол базасында болмағанын пайдаланып үлгерген. Деректер 13 ақпанда ғана түскен.

– Канадада қандай жағдай болды?

– Бүгінде біз осыны заңгерлер және компаниялар мен көлік салондарының өкілдерімен анықтау үстіндеміз. Нұсқалардың біріне көліктердің Канадада ұрлануы жатады. Содан кейін нөмірлер алынбай, қайта боялмай, аталмыш елдің порттарынан БАӘ-ге тікелей шығарылады.

Әрине, осы жерде Канада полициясына, кеден қызметіне, шекара қызметіне қатысты бірқатар сұрақ туындайды. Расында да, Солтүстік Америка континентінен шығу үшін жоғарыда аталған барлық инстанциядан өту қажет.

– Қолды болған көліктер Канададан қалай шығарылған?

– Жалған құжаттар арқылы деп болжауға болады. Себебі дәл осындай деректермен автокөліктер БАӘ-де есепке қойылып, одан соң БАӘ-ден Қазақстан азаматтарына сатылған.

– Осы мәселенің артында кім тұр деп ойлайсыз?

– Канаданың солтүстік провинциясы – Онтариода орналасқан қылмыстық құрылымдар болуы әбден мүмкін. Ұрланған көліктер бөтен адамдарға немесе кейін банкротқа ұшырайтын фирмалардың атына тіркеледі. Осы көліктерді сатып алу бойынша келісімшарттар жасалып, 5 немесе одан да көп пайызға бастапқы жарна төленіп, қалған соманы өтеу бойынша келісім жасалады. Кейін алаяқтар жалған құжаттар арқылы көліктерді БАӘ-ге жеткізеді.

– Сонда БАӘ оларға қандай көлік келе жатқанын білмей ме? 

– Олай деп ойламаймын. БАӘ-нің жауапты тұлғаларының бірі алаяқтарға уақыт бойынша басымдық беріп, көліктерді қылмыстық автокөлік базасына бірден енгізбеуі мүмкін немесе көлікті тексеруге арналған уақытты барынша қолданады. Яғни автокөлік тексеріс тізімінде тұрған кезде оны Қазақстан азаматтарына сатып жібереді. Көлік ұрлаушылардың кәсіби жаргонында осыған қатысты арнайы сөз бар. 

– Осы жағдайда көлікт адал сатып алған қазақстандықтарға қалай қол ұшын созуға болады?

– Канаданың құзыретті органдарымен байланыс орнатып, сақтандыру компанияларына хабарласу керек. Осындай жағдайды кездейсоқ деп түсіндіруге болмайтыны белгілі. Қолды болған көліктерді сатудан түскен жиынтық соманың шамамен алғандағы мәнін қоссақ, оның ірі сома екенін түсінуге болады. Әдетте ұрланған көліктер оның нақты құнының 50%-ына сатылады. 

Бірақ бұл сатып алушы осы көліктің қылмыстық тарихынан хабардар болғанда ғана. Біздің жағдайда адамдар көліктердің толық құнын төлеген.

Көлікті адал сатып алғандарға енді қандай да бір жолмен көмек берген жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу