banner

"Қырғыз сценарийі" Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?

1593

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы.  

"Қырғыз сценарийі" Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?

Сamonitor.kz:  "Қырғыз сценарийі" Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?" – деп сұрайды басылым. Бұл сұраққа жауапты басылым тілшілері сарапшылардан іздеген. Сарапшылардың бір бөлігі қырғыз бен қазақ халықтарының ұқсастығы көп, қайталануы мүмкін десе, екінші бір бөлігі мұндай сценарийдің қайталануы екіталай деген пікірде.

Танымал қоғам қайраткері Петр Своик – "Қырғыз сценарийі" Қазақстанда қайталануы мүмкін" деген пікірді ұстанушылардың бірі. Себебі оның пайымдауынша, алдағы Парламент сайлауында мемлекеттегі партиялар бір-бірімен жарысуы мүмкін. Ал мемлекеттегі жүйе бұл өзгеріске дайын емес, өйткені бұрмалау әдісіне үйренген. Ал жеңіліп қалған партия, оған байланысы бар кландық ойыншылар сайлау нәтижесін жоққа шығарса, Қазақстанда  "қырғызстандық сценарийді" басынан кешіруі мүмкін.

Ал саясаттанушы Талған Исмағамбетов "Қырғызстанда орын алған оқиғаның Қазақстанда қайталануы екіталай" деген пікірде. Себебі  Қазақстан билігі еш уақытта тобырдың жетегінде кеткен емес. Көрші елде мұндай жағдай бірнеше рет болған. Саясаттанушының айтуынша, 1990 жылы Қырғызстандағы облыстардың бірінде қалың жұрт облыс басшысы Бекмаматовты қызметтен кетіруді талап еткен болатын. Жұрттың талабы орындалып, президент Ақаев облыс жетекшісін қызметтен босатты. Қазақстанда мұндай оқиға еш уақытта болған емес.   

"Біз, негізінен, элита арасындағы күрес және партиялық жүйе тұрғысынан Қырғызстаннан қалып қойдық, алайда оларды "қуып жетудің" қажеті жоқ. Тек элитааралық қарым-қатынас пен халық арасындағы қарым-қатынас жүйесін реттеп алсақ болғаны", – дейді саясаттанушы. 

Caravan.kz: "Батыс Қазақстан өңірінен Ресейге жаппай көшіп жатқан зейнеткерлер оңай ақша табудың әдісін тапқан", деп жазады аталмыш газет. Ресейге көшіп кеткен зейнеткерлер екі мемлекеттен де зейнетақы алып, өздеріне жағдай жасаған.

Басылымның хабарлауынша, соңғы екі-үш жылда Орал маңында тұратын орыстілді азаматтар жаппай азаматтығын ауыстырып жатыр. Себебі Оралда Ресей консулдығы жұмыс істейді. Ресейдің төлқұжатын алғысы келгендер осы қалаға келеді. Бұл құжатқа қол жеткізгеннен кейін олар қазақстандық құжаттарды тапсыруы керек, алайда олар оны тапсырмай, екі елден де зейнетақы немесе өзге де әлеуметтік төлемдерді қатар алып жүреді. Азаматтығын берген мемлекет те өз азаматтарын далаға қалдырмай, тиын-тебен беріп отырады.

"Миграциялық орган өкілдері жыл басынан бері 10 зейнеткердің екі елден зейнетақы алып отырғанын анықтаған. Олар өзге елдің азаматы бола тұра, Қазақстаннан ақша алып отырған. 56 азамат екі елдің азаматтығына ие болып жүрген. Мұндай әрекеттері үшін азаматтар заңмен жазаланады",– делінген аталған газеттің мақаласында.

Liter.kz: Аталмыш газеттің кезекті мақаласы коронавирустың киноиндустрияға тигізген залалына арналған. Басылымның хабарлауынша, пандемияның салдарынан бес мыңнан астам адам жұмыссыз қалған.

Осы салада жұмыс істеп, нан тауып жүрген мамандар "Қазақстан неге өзге елдердегідей кинотеатрларды ашпайды?" деп таңданады. Олардың айтуынша, халықты қолдап, демеп отыру үшін соғыс жылдарында да кино көрсету тоқтаған емес. Киноиндустрия жұмысы тоқтап қалғандықтан, саланың көптеген маманы өзге мамандықты игеріп жүр.

"Ресей, Өзбекстанда кинотеатрлар жұмыс істеп жатыр. Қытай кинобизнесі қалпына келген. АҚШ штаттарының тең жартысы кино көрсете бастады. Европа елдері коронавирустың екінші толқынына қарамастан, кино көрсетіп жатыр. Чехиядағы таныстарым "кинотеатрлар санитарлық ережелерді сақтай отырып, жұмыс істеп жатыр" дегенді айтты. Қазақстанның кинотеатрларын неге ашпай отырғаны бізге де түсініксіз", – дейді Kinopark&Kinoplexx Theatres-дың PR-директоры Ерлан Бұхарбаев.

Express-k.kz: "Карантин Қазақстандағы балалар спортын жойып жатыр", деп хабарлайды басылым. Мақалада келтірген деректер бойынша, жекеменшік спорт кешендері шектеулі режимде жұмыс істей алады, ал қосымша сабақ беретіндер мектептерге арналған ережеге бағынады. Сол себепті мамандардың пікірінше, карантин кәсіби балалар спортын бір жылға артқа қалдырды.

Себебі мамандардың айтуынша, бұл спорттың өкілдері жаттығудан, жарыстардан және мотивациядан қалды! Арнайы енгізілген шектеулердің зардабын ең алдымен спортпен тегін шұғылданатын балалар көріп отыр. Өйткені жекеменшік топтарға баратын балалар өз жаттығуларын жалғастырып жатыр, оларға рұқсат берілген.

"Ақша төлейтіндер мұз айдынына барып, коньки тебе алады. Демек ақшасы барлар жаттығады, ал ақшасы жоқтар үйінде отыру керек пе? Менің пікірімше, рұқсат берсе, бәріне беру керек, бермесе, ешкімге де бермеу керек", – дейді жаттықтырушы маман.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу