Қызылорда Иранға 56 бас ірі қара жөнелтті

5666

Алайда ғалымдар асыл тұқымды тірі малды экспорттауға қарсы.

Қызылорда Иранға  56 бас ірі қара жөнелтті

Қызылорданың "Сыр маржаны" ЖШС 56 бас ірі қара малды Иран Ислам Республикасына жөнелтті.

Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Бақытжан Жахановтың айтуынша, өткен жылдың өзінде Иран, БАӘ, Монғолияға, 10,4 мың бас ет бағытындағы тірі қозы экспортқа шығарылған. Көршілес Өзбекстанға бордақыланған 100 бас тірі бұқашықтар, 285 түйе, БАӘ-не 81 бас тірі түйелер жөнелтілген. БАӘ-де түйенің ботасы 700 мың долларға дейін бағаланады екен.

Облыстың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, бұқашықтар серіктестікке қарасты мал бордақылау алаңында өлшеніп, Иран Ислам Республикасының "Inchen Broon Cooperative Inc" компаниясына жөнелтілді.

Қазалылық белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеевтің айтуынша, "Сыр маржаны" ЖШС 2015 жылы "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру" жобасы аясында Көларық ауылдық округінің Шеңгелді учаскесінде 500 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосқан болатын.   Қазір алаңның қуаттылығы 3000 басқа дейін үлкейтілді. Заманауи кешенде 20-ға жуық жұмысшы еңбек етуде.

Ғалымдар Қазақстаннан мұндай асыл тұқымды тірі малды экспортқа шығаруға түбегейлі қарсы. Ол қадам арқылы елдің гендік қорындағы асыл тұқымды мал жоғалады деген пікірді алға тартады.

Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер қауымдастығының президенті, академик Хисметолла Үкібаев Кеңес Одағы кезінде 6,5 миллион бас қаракөл қойы болғандығын, оның қаракөл елтірісі 13 грамм алтынға баланғандығын, қазір осы асыл тұқымды ұсақ мал басын жүз мыңға да жеткізе алмай отырған енжарлығымызды алға тартты. Қазіргі таңда Оңтүстік Африкадағы қаракөл елтірісі 500 доллардан бағалануда.

"Жақында Түркістан облысында іссапарда болдым. Өзбек ағайындар көршілес аудандардағы 20-25 мың теңге тұратын қойларды 40-50 мың теңгеден топтап сатып алып жатыр. Сарығашта мал тиеуге кезекте тұрған көліктердің ұшы-қиыры көрінбейді. Бұлай бола берсе, оңтүстік облыстарда ғалымдардың отыз жыл бойы сұрыптаған қаракөл қойларының бірі де қалмайды",– дейді Х. Үкібаев.

Дәтке қуат боларлығы мамыр айында Қызылорда қаласында халықаралық талаптарға сай келетін жылына бес мың тонна етті терең өңдеп вакуумдық қаптамамен өткізетін ет комбинаты құрылысының іргетасы қаланған екен. Болашақ ет комбинаты базасында ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және тері өңдейтін цехтар ашу жоспарлануда.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу