Майқайыңдағы апаттың алдын алуға болар еді

660

Елімізде карьерлер мен шахталар мәселесін кешенді түрде қолға алатын уақыт жетті. 

Майқайыңдағы апаттың алдын алуға болар еді Фото: ТЖМ

Сонымен жыл басында елді дүр сілкіндірген "Майқайыңалтын" оқиғасының алғашқы үкімі шықты. Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты: "меншік иесі 100% кінәлі" деген қорытындыға келді. Өйткені, қайғылы оқиға компаниядағы жауапты тұлғалардың әрекетсіздігінен туындаған. Опырылған үйінді астында қалған екі адам әлі күнге табылған жоқ. Бұл оқиға еліміздегі карьерлер мен шахталардың жағдайынан хабар бергендей.

Кенін кеміріп, кемерін қаңыратып...

Елімізде карьерлер мен шахталар мәселесін кешенді түрде қолға алатын уақыт жетті. Өйткені, жер байлығынан елге пайда аз болып тұр. Тіпті зияны көп десе де болғандай. Бірінші кезекте бұл экологиямен байланысты. Ең әуелі жер қыртысына зақым келіп, топырақ қабаты коррозияға ұшырауда. Бұған енді өндірістік қажеттілік деп қарауға болар. Бірақ, жер құнары уақыт өткен сайын тозып барады деп экологтардың дабыл қаққанына көп болды. Мәселен, бүгінгі таңда Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған екен, соның ішінде бір ғана 2018 жылдың өзінде 35 млн гектардан астам жер сортаңданып тозып кеткен. Мұнда тау-кен саласының үлесі зор болып тұр. Қолымызда бар деректер бойынша елімізде өнеркәсіп субъекттері құрылыс жүргізуде, кен орындарын игеруде, геологиялық барлау жұмыстарын атқаруда 171 мың гектар жерді бұзған болса, соның 49,9 мың гектары қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған. Осындағы тозған жерлердің ең көп үлесі Қарағанды облысына тиесілі - 41 мың гектар. Оған қоса, 10 мың гектар жер жарамсыз ретінде қолданыстан шығарылған. Ал, қалпына келтірілгені - бар-жоғы 0,9 мың гектар. Үлеске шақсақ, 1 пайызға да жетпейді. Ол аз десеңіз, ел аумағында өнімділігі төмен алқаптарда жайылуға арналған топырақтың құнарлы қабатының 21,8 млн.текше метрінде үйінділер сақталуда көрінеді. Оның басым бөлігі тағы да Қарағандыда - 3,4 млн. текше метр.

Әлқисса, одан әрі ойыссақ, бір Астананың айналасының өзінде өңделіп жатқаны мен иесіз жатқанын қосқанда 150-ден астам карьер бар екен. Оларға қатынаған жүк көліктері жер қыртысын одан сайын жұтаңдатып жатқаны екі бастан. Мұндай жағдай өзге өңірлерде де көптеп кездеседі. Бірінші кезекте, карьерлерден ұшқан шаң сол маңайдағы тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізуде. Айталық, Маңғыстау облысы бойынша жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде 30 карьер бар болса, қазір оның 25-і жұмыс істеп тұр. Ал соның ішінде 19 карьер Шетпе кентінің айналасында орналасқан. Жасыратыны жоқ, аудан ортылығының тұрғындары бүгінде шаңға тұншығып отыр. Он бес жылдың жүзі болса да бұл мәселенің шешімін табар түрі көрінбейді. Тағы бір мысал, Атырау қаласы маңындағы Тасқала ауылының тұрғындары да жақын жердегі топырақ қазатын карьерден зардап шегіп отыр.

"Атырауда жел тұрмайтын күн жоқ. Айналамыз толған карьер. Кеңес жылдарында қазылып, көмілмей қалған. Құдайдың құтты күні карьерлерден шаң ұшады. Ол аз десеңіз, Тасқаладан Атырауға тонналап топырақ тасыған "КамАЗ" автокөліктері ауыл ішіндегі каналдан өтетін жалғыз көпірді тоздырып бітті. Көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған жолы тесіліп қалды. Топырақ тиеген "КамАЗ" автокөліктері ауыл ішімен өтіп шаңдатады. Сол шаңды ауыл тұрғындары жұтып отыр. Карьерлердің кей жері 3-4 метр терең. Айналасына "жер қазылды" деген белгі де қойылмаған. Бұл жерге былтыр ауыл тұрғындарының малы құлап өлді. Онда адам құлап қалса да шығуы қиын. Карьерлердің айналасы 25 шақырымға дейін шөбі құрып кетті. Ол жерге енді мал жайыла алмайды", - дейді ауыл тұрғыны Қайрат Шоқанов.

Қарағанды аймағында кезінде дүркіреп тұрып, кейінде қаңырап қалған кен орындары көп. Ал зиянды қалдықтардан радиация тарауда. Ол жерлерде қауіптілігі 1-3 класты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флотация қалдықтары көп. Ашық кен қазу әдісі карьер салынатын жерде құнарлы топырақты жарамсыз күйге ұшыратумен қатар, өндіріс кезінде шығарылатын түрлі газдар, химиялық қосылыстар сол маңайдағы халық денсаулығына бірден-бір қауіп. Мәселен, Нілді кенішінің орнында көлшік пайда болған. Одан мал да, құс та су ішеді. Қысы-жазы суы бір сарқылмайтын бұл кеніштің тереңдігі қанша екенін ешкім тап басып айта алмайды. Рекультивация жүргізілмегендіктен Қарағанды облысындағы Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы, Ақшатау кеніштерінің қалдықтары бұрқырап желге ұшып жатыр. Оның мөлшерін есептеп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, радиациялық фон 16 рентгеннен аспауы қажет болса, бір кездері Ақшатауда ол 3 жарым есеге артық екені дәлелденген.

Атырау облысы Индербор кентінде де осындай жағдай. Мұнда карьерлер ауылдың ішінде орналасқан. Әрине, кезінде құрылыс жұмыстарына қиыршық тас-топырағы алынып, кейін иесіз қалған бұл шұңқыр бүгінде стихиялы қоқыс полигонына айналып кеткен. Онда да құрылыс қалдықтары, малдың қиы төгілсе бір сәрі, мұнда автокөліктердің майынан босаған ыдыстар, дөңгелек шиналары, малдың өлекселері, баклашка сынды басқа да қалдықтар жайрап жатыр. Ал өндірістік қалдықтардың зардабы адамның тыныс, өкпе жүйесінің зақымдануына әкеліп, соматикалық ауруларға соқтыруы мүмкін. Ол аз десеңіз, карьердің бір шеті гипсокартон қалдықтарымен толтырылып, беті топырақпен жабылып, сол аумақтан жер телімдері берілуде екен. Жергілікті мамандар, бұл аса қауіпті екенін, ол жерде тұруға болмайтынын айтады. Адам тұрмақ бұрын, осы тұрысының өзінде де ол жерасты суларына қатер төндіріп тұр. Ондағы химиялық қоспалар жерасты сумен байланысып, ауылдағы бірден-бір ауыз су көзі – Жайық өзеніне құйылуы мүмкін. Жалпы елімізде жер асты, жер үсті сулары қаншалықты былғанып жатқанын тұрақты зерделеп жатқан ешкім жоқ.

Мәселен, кеңестік кезеңнен қалған кен орындарының қалдықтарынан зардап шегіп келе жатқан өңірдің бірі - ШҚО. Алтай қаласының аумағындағы 1949 жылы ашылған "Капитальная" шахтасынан шығатын қалдықтар Красноярка өзенін ластап жатқанына біраз уақыт болды. 2019 жылы Красноярка өзенінен алынған сынамада цинктің шекті концентрациясы мөлшері 35,7 есеге артқан. Мұндағы ауыр металдар Красноярка өзенінің бір саласы Березовск өзенін де лайлауда. Сол сияқты Андреевск мен Крюковск карьерлерінің кесірінен Брекс (Филипповка) өзені  ластануда. Тишинск кен орнын игеру салдарынан Үлбі өзені бүлінуде. Бұл тізімде Құлынжон өзені тағы бар. Бір сөзбен айтқанда ауыр металлдармен ластану жылдар бойы жалғасып келеді. Осыдан-ақ Маралды тұрғындарының ауыл маңынан алтын карьерін ашуға жанкештілікпен жол бермей отырғанын түсінуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, бұл проблеманың түп тамыры – рекультивацияда жатыр. Кені алынған карьерлер мен шахталарды қалпына келтіруде мемлекет тарапынан қатаң талаптар жоқ. Тіпті оны талап ететін құзырлы орындардың да қарасы кем. Содан келіп табиғат, ауа, су ластанып, тұрғындардың денсаулығына зияны тиеді. Ал, пайдасын көріп жатқан кімдер?

"Қопсытылғыш коэффиценті" адам өміріне тең бе?

Ашық аспан астындағы карьерлердің күйі көз алдымызда болса, жер астындағы шахталардың күйі тіптен белгісіз. Оны тек мамандардан сұраған жөн болар. Олардың айтуынша, жердің астында өзінің қазу жүйесі болады екен. Оның бірнеше түрі бар. "Майқайыңалтын" соның ішінде кенді алып болған соң, кен қуысының төбе жағын құлатып кету әдісін қолданған. Оны орыс тілінде "подэтажный обрушение" дейді, яки руданы алып болғаннан кейін, артқа қайтқан кезде шахтаның қапталдары мен жоғары жағын құлатып кету керек. Ондай практика елімізде кең тараған. Мәселен, Хромтаудағы Дон тау-кен байыту комбинаты да, Ақбақайда да, Ақжалда да осыны қолданады. Егер технологиялық талаптарын дұрыстап сақтап отырса, бұл – жақсы жүйе екен. Десе де, біздің сұхбаттасымыз – Қаныш Сәтбаев атындағы Зерттеу-техникалық университетінің профессоры Халидилла Әбенұлы 2012 жылы минитстрлікке бекіттіріп осы "Майқайыңалтынға" басқа жүйе ұсынған екен. Ол бойынша жер астынан кенді алғаннан кейін орынын бетонмен толтырып кету керек. Бұл өте қауіпсіз технология, дегенмен шамалы қымбаттау. Ол кезде компанияның басшылығында басқа адамдар болыпты. Олар сол жүйені қабылдап, қолданамыз деп уәде берген. Бірақ кейін басшылары ауысып, жаңа адамдар келген кезде олар жобаны қымбат көріп, бас тартқан, сөйтіп төбені құлату жүйесіне қайтадан көшкен. Көшкеннің өзінде де апаттың алдын алуға болғандай екен...

"Тау-кен ғылымында "қопсытылғыш коэффиценті" деген ұғым бар. Ол нені білдіреді? Қандай да бір үлкен жақпар тасты алып уатар болсаңыз, оның көлемі өседі. Өйткені ол әуелгіде тығыз боп тұрды ғой. Міне, осы құбылысты білдіреді. Төбені құлатып кету жүйесі де соған негізделген. Бос кеңістікті төбедегі жыныспен толтырсаңыз, ол белгілі бір уақытқа дейін оны толтырып жатады. Кейіннен басылады, бірақ, қалай болғанда да кеңістік азаяды. Яки опырылу қаупі төмендейді. Міне, осы тұрғыдан қарағанда "Майқайыңалтын" кенішінде осындай технологиялардың бір-екі шарты орындалмаған болуы мүмкін. Мен, әрине, жердің астына түсіп көрген жоқпын, бірақ апаттың бір себебі осы деп ойлаймын. Кенді алып болған кезде олар кеңістіктің қапталдары мен жоғары жағын құлатып кетуі керек болған, бірақ құлатпаған. Содан жердің астында үлкен қуыс қалып қойған.

Одан кейін қауіпсіздік талаптары бойынша жер астындағы жұмыстар басталмас бұрын-ақ сол жердің үсті қоршалуы керек еді. Ол жерде бірдеңе салуға, қандай да бір қозғалыс жасауға болмайды. Тіпті мал жаюға, егін егуге де тыйым салынады. Майқайыңда осы талап орындалмаған. Егер осының бәрін ескерген болса, апаттың алдын алуға болар еді. Ол жердегі геологтар мен маркшейдерлік қызмет тау жыныстарының қысымы мен жердің бетінің шөгуін үнемі қадағалап отыру керек болатын. Ол үшін арнайы аспаптар бар. Соларды пайдаланып, үнемі тексеріп отырғанда бұл жағдай болмас еді", - дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Халидилла Юсупов.

Оның айтуынша, Майқайыңдағы апаттан кейін көптеген кен пайдаланушылар геологиялық динамиканы анықтайтын өлшем жасап беруді сұрап, Қаныш Сәтбаев университетіне жиі хабарласатын болыпты. Шамасы Баянауыл ауданындағы апат өзгелерге қатты сабақ болғанға ұқсайды. Ал шындығында мұндай өлшемдер қайғылы қазадан соң емес, тұрақты түрде, міндетті тәртіпте жүргізілуге тиіс. Өйткені, жер астында табиғи жағдайдың өзінде-ақ қысым қатты болады және ұдайы күшейіп-әлсіреп өзгеріп отырады. Ал шахта қазып, өндірістік қуыс пайда болған кезде қысымның бәрі сол бос кеңістікке қарай ұмтылады. Яки, жер қыртысы бір-бірін итергенде қысым осал жаққа қарай бағытталып, қатты салмақ түсіреді. Егер, тау жыныстары төзімді болса, өз күшімен тұра беруі мүмкін, ал егер төзімсіз болса, онда опырылып құлай береді. Мәселен, Хромтауда төзімсіз екен, ол жерде әр түрлі бекітпе әдістерді қолданады. Ал Майқайыңда төзімді, сол себеп онда қосымша тіреу жасап қажет емес, бірақ мониторинг жасап отыру керек еді. Қалай болғанда да салғырттықтың соңы апатқа алып келіп отыр.

"Еліміздегі игеріліп жатқан кенорындарының геологиялық та, техникалық та сипаттары бірдей емес. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған орай кеніштің инженерлі-техникалық құрамы мен жұмысшылары жыл сайын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын үйрететін қысқа курстардан өтуге тиіс. Сабақтар барысында жалпыға бірдей "Қауіпсіздік талаптарымен" қоса, әр кеніштің ықтимал қауіп көздерін, оның себебі мен қарсы шараларды да үйреткен дұрыс. Ол үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнына, құрылымына және тақырыптық жоспарларына көңіл бөлу керек. Кеніште маркшейдер деген маман бар, кез келген алынған жерасты қазбасын қабылдап, пайдалануға рұқсат беретін солар. Ендеше, осы мамандарға көбірек өкілеттілік беру керек. Игерілген кеніштерді де сол мамандар үнемі бақылауда ұстап отырса дұрыс болар еді. Апат айтып келмейді, сондықтан кеніштерде тау жыныстары массивінің кернеулі күйін, геомеханикалық процестерді жіті қадағалау қажет. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін арттырып, өндіріс мамандары мен ғылыми қызметкерлер бірігіп жұмыс атқарса, мұндай апаттардың алдын алып, болдырмауға болады деп ойлаймын", - дейді Қаныш Сәтбаев атындағы Зерттеу-техникалық университетінің Тау-кен ісі кафедрасының профессоры Ердулла Сердалиев.

Сонымен сөз басындағы сот шешіміне оралсақ, "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғалары тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне тиісті өндірістік бақылау жасамаған, тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қағидаларын бұзған, қазба бірліктерін, яки блоктарды жетілдіруге арналған жобалар әзірлемеген. Шешім заңды күшіне енген жоқ. Ал, алтын кенішіндегі апаттан бері шахтаның жұмысы әлі күнге тоқтап тұр. Бұдан экономикаға келіп жатқан шығын өз алдына бөлек әңгіме. Ендеше, босаған шахталарды бетонмен толтыру тәсілін жаппай міндеттеген дұрыс-ақ! Қымбат та болса, сенімді бұл әдіс бүгінде елімізде тек "КазЦинктің" кеніштерінде ғана қолданылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу