Ұрылардың жазасы қатаңдатылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4812

Елімізде жыл басынан бері 36 мың адам ұрлық жасаған.

Ұрылардың жазасы қатаңдатылады

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменовтің айтуынша, елімізде жыл басынан бері ұрлық жасаған 36 мың адам ұсталды. Оның 1705-і мал ұрлаған.

"Ұрылардың шамамен 40 пайызы бұрын да осы қылмыс бойынша ұсталған адамдар. Яғни, 17 мыңға тарта адам бұған дейін ұрлық бабымен сотталғандар. Ал мал ұрлығы бойынша полицияның есебінде 2,8 мың адам тұр. Жыл басынан бері 3,5 мың ұры қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 648-і мал ұрлығына байланысты сотталды", – деді бірінші вице-министр сенатта өткен "дөңгелек үстелде".

Оның айтуынша, қайталанған ұрлықтар бойынша жазаны күшейту, мал ұрлығына жеке бап тағайындау аталмыш мәселені шешудің бірден-бір тетігі. Мұндай тәжірибе ТМД елдерінің көбінде бар.  

"Мәселен, іргедегі Өзбекстанда қайталанған ұрлық ауыр қылмыстардың санатына жатады. Тіпті ол елде қайта ұрлық жасағандар 8 жылдан 15 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін", – дейді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Бірінші вице-министр атап өткендей, ІІМ қазіргі заңнамаға ұрлықтың қайта жасалу жағдайына қатысты өзгерістер енгізбек.

"Қайталанған ұрлықты ауыр қылмыстардың санатына жатқызу туралы өзгеріс енгізу ұсынылады. Бұл өзгерістер барлық ұрлық түрі бойынша көрсеткішті жақсартуға көмек болар еді. Бұл жерде мүлік иелерінің құқығын қорғауды күшейту мәселелері қамтылған. Қазір заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында", – деді ол.

Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың айтуынша, ауыл тұрғындары мал ұрлығы бойынша мемлекеттік органдардың қызметкерлері қауқарсыз екенін, ал мал ұрлаушылар еркіндікте тайраңдап жүргенін айтып шағымдануда.

"Мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің 90 пайызы заңнамалық тұрғыда ауырлығы орташа қылмыстардың санатына жатады. Ақыры, тараптар татуласады да, айыпкер жазадан құтылып кетеді. Статистика бойынша, қылмыстық істердің 25 пайызы тараптардың татуласуымен аяқталып, тек 14 пайызы ғана сотта қаралады. Өзіміз білетіндей, егер адам қылмысына қарай лайықты жазасын алмаса, әлбетте, жазаланбайтынын біліп, одан да ауыр қылмысқа баруы мүмкін", – дейді Бектас Бекназаров.

Сенат төрағасы орынбасарының айтуына қарағанда, мал ұрлығына айыптылар татуласу арқылы жазадан құтылып кетеді.

"Әсіресе, шекаралас аудандардағы жағдай ушығып тұр. Ол жерлерде мал табынымен көрші елдерге айдалып кетуі мүмкін. Мал иелері мен шаруашылық иелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен аудан әкімдіктерінің есепке тіркеу, табын шығармау, құжатқа тіркемеу секілді құқықтық базамен санаспауының ақыры амалсыз мал ұрлығының көбеюіне әкеледі", – дейді ол.

Бектас Бекназаров өз сөзінде ауыл тұрғындарымен жиі кездесетінін, олар көп жағдайда мал ұрлығына қатысты шағым айтатынын тілге тиек етті.

"Ауыл тұрғындары аталмыш мәселеде мемлекеттік органдардың қызметкерлері қауқарсыз екенін, ал мал ұрлаушылар еркіндікте тайраңдап жүргенін айтып шағымданады. Тіпті заңнан күдер үзген кейбірі кінәлілерді ұстап алып, өздері жазалап жатыр. Бұл заңның әлсіздігін көрсетеді. Мен қазіргі таңда мәжілісмендердің бір тобы қылмыстық кодекстің заңнамалық шаралары бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын білемін. Бұл мәселеге біз де араласып, оны терең талдауымыз керек", – деді Бектас Бекназаров.

Ал Жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріпов мал ұрлығы қай өңірлерде көп кездесетінін айтып берді.

"Статистика көрсетіп отырғандай, жыл басынан бергі 9 айдың қорытындысы бойынша сотта 251 қылмыстық іс қаралып, 464 адам қылмыстық жауапкершіліке тартылған. 251 істің ішінде тараптардың татуласуымен 226 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. 203 адам сотталып, бір адам ақталған. Сот үкімімен аталған істерде 70 адам бас бостандығынан айырылды", – деді Ерден Әріпов.

Оның айтуынша, мал ұрлығына көп жағдайда жұмыссыздық, ақшаның жетіспеуі мен иелерінің малды қараусыз қалдыруы себеп болып жатады.

"Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің көбі Түркістан (71 адам), Алматы (57 адам), Қызылорда (91), Шығыс Қазақстан (49) облыстарының соттарында тіркелген. Маңғыстау облысында мал ұрлығының ең төменгі көрсеткіші байқалған (бар жоғы екі адамға қатысты бір қылмыс). Шымкент қаласында (5 адамға қатысты 2 іс) және Ақмола облысында (6 адамға қатысты 3 іс), Қарағанды облысында (12 адамға қатысты 4 іс) да мал ұрлығы аса көп емес", – деді ол.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу