Мал ұрлығы үшін 12 жыл "арқалауға" болады

Қылмыстық кодексте мал ұрлығына қатысты арнайы бап енгізілді.

Мал ұрлығы үшін 12 жыл "арқалауға" болады

Елімізде қасақана қылмыстың бірнеше түріне берілетін жаза қатаңдатылып отыр. Ол қылмыстар тізіміне мал ұрлығы да енген. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде аталмыш бап туралы толыққанды түсініктеме берді.

"Әлемдік практикада көптеген елдер  қоғам мен экономика үшін маңызды нысандарға қол сұғу қылмысына арнайы баптар арнаған. Ол баптар неғұрлым қатаң жазаларды көздейді.  Германияда электр тасымалдау тапшылығы мен қымбаттығына байланысты электр қуатын ұрлағаны үшін жеке жауапкершілік қарастырылған. Қытайда тарихи жәдігерлерді ұрлау мен сыртқа шығару қатаң жазаланады. Ал ет өндірісі маңызды сала болып саналатын Аргентинада мал ұрлығына жеке әрі ауыр жаза қаралған. Біздің халқымыз үшін де төрт түліктің орны ерекше. Амандасқанда да "мал-жан аман ба" деп хал сұрасамыз. Себебі, ел малмен күн көреді. Ауыл халқы әлі де малмен жан бағып отыр", – деген Бас прокуратура өкілі мұндай қадам мал ұрлығының кәсіпке айналуынан туындап отырғанын атады. 

"Қазір ешкім малды қарыны ашқандықтан, ішерге ас таппай ұрламайды. Мұның астарында сыбайластық жатыр. Ал бұл қазір елдің наразылығын туғызуда. Тергеу практикасы мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Кәдімгідей орындаушылар, ұйымдастырушылар,  қара базарда сатушылар, ұрланған малды тасымалдаушылар,  қамқорлық көрсететін шенеуніктер бар", – дейді Марат Ахметжанов.  

Мал ұрлығына арналған баптың бірінші бөлігінде мал ұрлығының жазасы 7,5 млн теңгеден басталып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен аяқталады. 

"Егер мал ұрлығы топпен және ірі көлемде жасалса, жаза 7 жылға дейін барады. Яғни, ауыр қылмысқа жатады. Бұл жерде екі тараптың татуласуына жол берілмейді. Бізде татуласу институты жұмыс істейтінін білесіздер. Бұрын келген шығынды өтеп берсе, татуласу мүмкін болатын. Енді ауыр қылмыс санатындағы мал ұрлығы татуласуға жатпайды. Мұндағы санкциялар да өте қатал. Ал мал ұрлығын бірнеше рет жасаса немесе қоражайға кіру арқылы жасаса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мал ұрлығы қылмыстық топ арқылы және аса ірі көлемде жасалса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады", – деді ол. 

Бас прокурордың орынбасары жалпы ұрлықтың ауыр қылмыс санатына енгізілген түрлері көбейгенін де айтты.

"Қандай да бір қоймаға, көліктің ішіне, үйге кіру арқылы жасалған ұрлық пен тонау ауыр қылмыс санатына ауыстырылады. Өйкені мұндай қылмысқа адамдар арнайы дайындалады, сәйкес кілт жасайды. Сол арқылы қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді. Мұнда да татуласуға жол жоқ. Заңды қатаңдата түсу үшін ұрлық бойынша қайталап татуласуға тыйым қойылады.  Мұндай тыйым бұрын қылмыс жасап, татуласқанымен, түзелудің орнына саналы түрде қайтадан қылмыс жасағандарға қатысты. Бұл жерде ол екінші рет шағын және орта санаттағы саналы қымыс жасаса да екінші мәрте татуласа алмайды. Мемлекет оған түзелуге мүмкіндік берсе де  ол дұрыс жолға түспеген деген сөз", – дейді Марат Ахметжанов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу