Менің айыппұлым – менің құпиям: дербес деректерді қорғау күшейтілмек

9638

Билік adata.kz, fa-fa.kz сайттары мен боттарға шүйлікті.

Менің айыппұлым – менің құпиям: дербес деректерді қорғау күшейтілмек

Кейінгі кезде қазақстандықтар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне бір мәселе бойынша көп шағымдануда.

"Комитетке www.adata.kz, www.fa-fa.kz, ShtrafKZBOT тelegram-боты және басқа да интернет-ресурстарға қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Адамдар бұлардың өздерінің дербес деректерін заңсыз жариялап, таратып жатқанына наразы", – деді цифрлық даму министрлігі.

Мысалы, кез келген қазақстандықтың атына қандай айыппұл жазылғанын ғаламтор арқылы білу қазір қиындық тудырмайды. Ал айыппұл иелері бұл құпиясын өзгенің білгенін қаламайды.

Жасыратыны жоқ, көптеген сайттар мен порталдар adilet.zan.kz, egov.kz, goszakup.gov.kz, gosreestr.kz, aisoip.adilet.gov.kz/debtors, "Жеке тұлғалар" деректер базасы секілді толып жатқан мемлекеттік интернет-ресурстардан, ақпараттық жүйелерден және дерекқорлардан бүкіл мәліметті қотарып алып, төл мәліметтер базасын түзеді және сол ақпаратты сатудан пайда табады.

Бұл жалғыз бізде ғана емес, Ресейде де кең таралған тәжірибе. Солтүстік көрші жеке ресурстарды ол ақпаратты тегін ұсынуға міндеттеді. Жекеменшік порталдар бұл талапты айналып өтіп, пайда табудың жолын тапты: мысалы, тегін ақпаратты тек түн уақытында немесе апта ішіндегі белгілі бір күндері (сенбі-жексенбіде) ғана ұсынады.

Қазақстанда көптеген сайт азаматтарға қатысты ақпарат алу үшін ақылы жазылуды (платная подписка) рәсімдеуді талап етеді.

Азаматтар шағымына орай Бағдат Мусин ұжымы салаға талдау жүргізді.

"Оның барысында анықталғандай, аталған интернет ресурстар өздері жариялайтын дербес деректерді мемлекеттік органдардан алады: меморгандар заңнама талаптарына сәйкес, жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда ашық деректерді орналастырады. Бұл жағдай жеке интернет-ресурстарға төл деректер базасын құруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, олар жеке тұлғаларды толық аты-жөні және ЖСН-ы бойынша тексерудің ақылы сервисін іске қосып алған. Олар азаматтардың дербес деректерін қалаған адамға ұсынады", – деді цифрлық ведомство.

Бұған тосқауыл қою үшін меморган қолданыстағы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Ел Парламенті қабылдаса, онда аталған заңда "Дербес деректерге қолжетімділік және жалпыға қолжетімді көздерден дербес деректерді жинау, өңдеу ерекшеліктері" деп аталатын толыққанды бап пайда болады.

Айта кету керек, қазіргі заң елдегі демократияны дамыту мақсатында азаматтардың дербес деректерін жариялауға тыйым салмайды: "Халықты ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында дербес деректер жалпыға бірдей қолжетімді көздерде, соның ішінде өмірбаяндық анықтамалықтарда, телефон, мекенжай кітаптарында, жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында пайдаланылады", – деп атап көрсетілген заңда.

Енді жаңа заң жобасы оған тосқауыл қоюы мүмкін. Яғни, жарияламас бұрын әрбір адамның келісімін алу міндет болмақ.

"Дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде таратуға, сондай-ақ дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерден жинауға, өңдеуге және таратуға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған кезде ғана жол беріледі. Осы тармақтың талаптары міндетті түрде ашылуға жататын ақпаратты жариялау бойынша мемлекеттік органдардың өз функцияларын орындау жағдайларына қолданылмайды", – деп көрсетілген заң жобасында.

Жаңа заң жобасы (егер қабылданса) әсіресе, журналистердің жұмысын ары қарай шектеуі мүмкін. Себебі, кез келген шенеунік журналистік зерттеуде келтірілген мәліметтерді "міндетті түрде ашылуға жататын ақпарат емес" деп танып, өзінің аты-жөнін, лауазымын не басқа дерегін жариялағаны үшін сотқа беруі мүмкін.

Сондай-ақ ведомство дербес дерек иесінен келісім алуды да аздық етіп отырғанға ұқсайды. Министрлік "субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімін алуға қоса, уәкілетті органды хабардар етуді" де талап етпек. Хабардар етпесе, дербес деректерді жинау, өңдеу заңсыз болып танылуы мүмкін.

Цифрлық даму министрлігі бұл қадамға азаматтардың шағымына орай барып отырмыз деп дәйектейді. Елорда тұрғыны Динара өзіне қатысты барлық деректі интернеттен тауып алып, таң-тамаша болғанын айтады.

"Мемлекет fa-fa.kz секілді ақпараттық ресурстар менің дербес деректерімді заңсыз таратып келіпті. Бірде Google, Yandex іздеу жүйелерінде толық аты-жөнімді терсем, өзіме қатысты барлық ақпарат шыға келді. Аты-жөнім, жасым, ЖСН-ым – бәрі тұр. Тіпті ақысын төлесе, кез келген жан көлігімнің мемнөмірін, мүлкіме қатысты мәліметтерді, қарыздарымды біле алады екен. Мұндай дербес деректерімді менің жазбаша келісімімсіз үшінші тұлғаға беруге болмайды дегені қайда? ЖСН – Ұлттық сәйкестендіру нөмірлерінің тізіліміндегі мәлімет саналады, яғни ол баршаға қолжетімді болмауға тиіс. Оны еркін тарату заңнамада қарастырылмаған. "Консультант онлайн" диалог терезесі арқылы сайт әкімшілігіне жүгіндім. Одан "Мемлекеттік статистика туралы" заңына сәйкес, менің дербес деректерім жалпыға қолжетімді болып табылады деген жауап алдым", – дейді Динара.

Осыдан кейін белгісіз тұлғалардың Ресейде не өзге елде отырып, қазақстандықтар атынан онлайн кредитті қалай рәсімдейтініне таңғалу  артық сияқты. Әрбір азаматтың жеке басына қатысты бүкіл мәлімет интернетті кезіп жүр.

Айтқандай, елорда тұрғыны цифрлық даму министрлігіне шағымдану арқылы өз деректерін сайттан жойғыза алыпты.

Кәсіпкер Владимир Свиридов осыдан кәсібіне нұқсан келгенін жеткізді.

"Менің логистикалық компаниям бар. Қожайыны да, құрылтайшысы да өзіммін. Ал fa-fa.kz сайтының иесі адал емес компаниялардың "қара тізімін" құрып алыпты. Оның аяқ жағында іздеу сервисі орналастырылған. Егер сондағы терезеге компаниямның БСН-ын терсе, әлдебір сенімсіз компаниялармен байланысты екенін меңзейтін ақпарат шығады. Ол компанияларды мен білмеймін, атын алғаш естіп отырмын. Компанияма еш қатысы жоқ. Алайда сайт әкімшісі чаттағы хат жазысу кезінде "олармен байланысыңыз бар" деп табандады. Қанша түсіндірсем де, ақпаратты жоюдан бас тарты. Осылайша, мені ықтимал клиенттерден айырып отыр. Мұндай әрекеттер құқығымды бұзады деп санаймын", – дейді бизнесмен.

Әрине, өзге кәсіпкерлер де серіктесінің кім екенін білгені маңызды. Әйтпесе, қаншама бизнес нысаны "жалған кәсіпкер" сипатындағы арам контрагентпен істес болып, басы дауға тартылып, банкрот болды.

Негізі, демократияның ажырамас атрибуты саналатын "ақпаратқа қол жеткізу" мен "дербес деректі қорғау" арасында нәзік қылдай шекара өтеді. Оны байқамай, кесіп өтсе, екі маңызды дүниенің бірі бұзылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу