Миллион төлеп оқыған оқушылар ҰБТ тапсырмайды

5794

Астанада 7 мектеп – бір, 66 мектеп – екі, 11 мектеп – үш ауысыммен жұмыс істейді.

Миллион төлеп оқыған оқушылар ҰБТ тапсырмайды

Елорда да орта білім беретін 84 мемлекеттік мектеп және кешкі 1 мектеп бар. Оның 31-і қазақ, 10-ы орыс, 43-і аралас тілде оқытады. Орта білім беретін мектептердің қатарына "Зерде", "Дарын", Astana English School, республикалық физика-математикалық мектеп, 3 Назарбаев зияткерлік мектебі және 2 "БИЛ" (Білім инновациялық лицейі – бұрынғы қазақ-түрік лицейі) енген. Бұдан бөлек елорда да 12 жекеменшік мектеп шәкірт тәрбиелейді.

Осылай бола тұра еліміздің бас қаласында 7 мектеп – бір, 66 мектеп – екі, 11 мектеп – үш ауысыммен жұмыс істейді. Қала әкімдігі мәселені шешу үшін алдағы 3 жылда тағы 27 мектеп салуды жоспарлап отыр. Бұлардың арасында халықаралық деңгейдегі "SABIS" мектебі бар.

Астана қалалық білім басқармасының дерегінше, жыл сайын 8-10 мың оқушы мектеп түлегі атанады, ал олардың орнын 23-25 мың бала басады. Соңғы 7 жылда мектеп оқушыларының саны 79 мыңнан 143 мыңға жеткен. 2023 жылға қарай білім алушылардың қатары тағы 124 мың адамға көбейеді. Қазірдің өзінде Астана мектептері 11 мың баланы бірінші және екінші ауысымға қабылдай алмай отырғанын ескерсек, жағдайдың жақсарып кететініне сену қиын.

Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын қолданыстағы "Білім туралы" заңға өзгеріс енгізіліп, ауқатты отбасылардан шыққан балаларға білім беретін жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыспен талантты оқушыларды оқыту туралы бастама көтерілді. Сол кезде білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мемлекеттің қарамағындағы мектептерде оқып жатқан әрбір балаға жыл сайын бюджеттен 200 мың теңге бөлінетінін, алдағы уақытта осы ақша субсидия ретінде жекеменшік мектептерге берілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Қазір ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы  мектептерде оқытқысы келеді. Алайда бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жекеменшік мектептерге субсидия қарастыруды көздеп отырмыз. Яғни үкімет ата-аналар төлейтін қаржының бір бөлігін өзі өтейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе", – деді Бибігүл Асылова.

Оның сөзінше, Астана мен Алматыдағы ақылы білім беретін 54 мектепте небары 150 мың бала оқиды. Егер министрліктің жоспары жүзеге асса, қос қаладағы мектептердің жүгі жеңілдеп, жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптестіктің тамырына қан жүгіреді.  

Хош, вице-министр тілге тиек еткен 200 мың теңгені жекеменшік мектептерге бағыттадық делік. Бұл сома жекеменшік мектепте білім алатын бір оқушының бір жылдық оқу ақысының жыртығына жамау бола ма?

Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін ең әуелі Астанадағы жекеменшік мектептер мен олардың жылдық оқу ақысына тоқталайық.

Haileybury 11-18 жас аралығындағы балаларға арналған заманауи интернаттар мен күндізгі білім беретін жетекші британдық жекеменшік мектеп. Дәстүрлі және қазіргі заманауи білім беру бағыттарын біріктірген білім ордасы Алматыда 2008 жылы, Астанада 2011 жылы ашылды. Бұл біздің елдегі оқу ақысы ең қымбат жекеменшік мектеп. Мұнда 1 сынып оқушысын оқыту үшін 6,5 млн теңге төлеу қажет. Мұның сыртында мектепке  қабылдау емтиханына 37 мың және кепіл жарна ретінде 365 мың теңге төлеу міндеті бар.

1999 жылы "Н.Назарбаев Білім Қоры" қоғамдық қорының бастамасымен Алматыда ашылған халықаралық "Мирас" мектебі 3 жастан 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім береді. Бұл мектеп Астанада да бар. Бұл жердің де оқу ақысы қалта қағады. Балаңызды бірінші сыныпта дәл осы мектепте оқытқыңыз келсе, бір жылға 3,4 млн теңге санап беруге тиіссіз.

Оқу ақысы қымбат жекеменшік мектептердің үштігін Nurorda тұйықтап тұр. Бұл мектеп 2007 жылы Астанада президенттің алғашқы қоңырау соғуымен ашылған. "Білім-Орда" халықаралық қоғамдық қорының жетекшілігімен жұмыс істейтін оқу орны әр оқушыдан жылына 2,2 млн теңге алады.

"Алпамыс" жекеменшік мектебі беретін білімін 1,5 млн теңгеге бағалайды. Мұның сыртында ай сайын 3 мезгіл тамаққа 35 мың теңге сұрайды. "Ақбұлақ" жекеменшік мектебінің жылдық оқу ақысы 1 млн 150 мың, "Голубой парус" мектебінің білімі 1 млн 143 мың теңге тұрады. Экономикалық лицей бір оқу жылы үшін 700 мың теңге сұрайды. Мұның сыртында 150 мың теңге жарнасы бар. Ал AstanaGardenSchool 10-11 сынып оқушыларына ғана білім береді және көрсеткен қызметі үшін жылына 3 млн теңге алады.

Осы жерде вице-министрдің жоғарыдағы ұсынысы жайлы ойлануға тура келеді. Үкімет жекеменшік мектептердің оқу ақысын 200 мың теңгемен субсидияласа, бұл ақша жоғарыда көрсетілген сомалардың мардымсыз бөлігін ғана жабады. Сонда қаржылық мүмкіндігі шектеулі ата-ана қалған ақшаны қайдан табады? Бұл – осыған дейінгідей жекеменшік мектептерде ауқатты ата-аналардың балалары оқи береді және субсидиялауға бөлінген қаржы солардың қажетіне жұмсалады деген саясат емес пе? Жалпы, баласын жекеменшік мектепте оқытуға жағдайы жетіп тұрған ата-анаға қазынадан қаржы шығындаудың қажеті қанша?

Десекте жеке сектордың мүмкіндігі арқылы мемлекеттік мектептердің жүгін жеңілдету бастамасын көпшілік қолдап отыр. Олардың арасында академик Асқар Жұмаділдаев бар.

"Білімге құштар бала қалай болғанда да бір жерді тесіп шығады деп отыра беруге болмайды. Баланың білімін жетілдіру үшін оған қолдан келгенше жағдай жасау керек. Жасыратыны жоқ, жекеменшік мектептерде білім сапасы әлдеқайда жақсы. Бұл жерде тұлға қалыптастыруға басымдық беріледі. Өз басым үкіметтің жекеменшік мектептің мүмкіндігін ел ертеңінің игілігі үшін пайдалану туралы бастамасын қолдаймын", – дейді атақты математик.

Бүгінгі таңда қоғам топқа, тапқа бөлініп қоймай, "сортқа" бөлінетін болды. Бұл үдеріс білім беру мекемелерінде "А" сыныбы, "Б" сыныбы болып жалғасып жатыр. Шарты түрде алсақ, "А" сыныбы іріктелген, 5-ке оқитын элиталық топ, ал "Б" сыныбы "қаққан-соққандар", мектептің тілімен айтқанда, 3 пен 4-ке оқитын оқушылар. Бұл санат гуманитарлық немесе техникалық бағытта білім алатын балалар болып та бөлінеді. Бірақ қоғамда "А" сыныбы "Б" сыныбынан бір бас жоғары деген ұғым бар.

Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектеп туралы та осындай түсінік қалыптасқан. Шынтуайтына келгенде екі мектептің негізгі миссиясы – білім беру.

Қалың көпшілік мемлекеттік мектептерді оқушылардан ақша жинайды деп жазғырады. Бұл "дәстүр" жекеменшік мектептерде де бар. Айырмашылығы, мемлекеттік мектептерде қорға ақша өткізу ерікті-мәжбүрлі болса, жекеменшік мектептерде міндетті төлем болып саналады.

Ақылы мектептер бала санының шектеулі болатынымен, салалық пәндерге басымдық беретінімен ерекшеленеді. Мұнда сабақ беру тәсілі де басқаша. Бұл жерде сабақ арасында бассейнге баруға немесе демалуға болады.  

Жекеменшік мектептің ең басты кемшілігі – оқу ақысы тым қымбат. Айтпақшы мұндай мектептер оқушыларды қинап оқытпайды. Ақшасын төлесе болды, емін-еркін жүруіне жағдай жасап қояды.

Меншік түріне қарайтын болсақ, қоғам мүшелерінің бүйрегі жекеменшік мектепке бұрып тұрады. Басым бөлігінің балалары ақылы мектепте оқымаса да ата-аналардың дені: "Жекеменшік мектепте оқыған жақсы ғой" деп ауыздарының суы құрып жүреді. Осы ретте олар небір данышпандар мен ақылмандардың қарапайым мектепте білім алғанын естен шығарып алады.

Қалай болғанда да, білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жекеменшік мектеп көп болуға тиіс деген саясат ұстанып отыр. Осылай болғанда бәсекелестік пайда болып, оқу ақысы арзандайтынын айтады мұндағылар.

Бір қызығы жекеменшік мектептердің түлектері ҰБТ тапсырмайды. Олар аттестат ала салысымен шетелге тартады. Сонда деймін-ау, үкімет жекеменшік мектептерде оқитын оқушылардың оқу ақысын не үшін субсидияламақшы? Бұл жерде жағдайы төмен отбасылардың балалары оқымайтыны бесенеден белгілі ғой.  Айтайын дегеніміз осы, бұдан басқа бөтен ойымыз жоқ.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу