Министр Цой министр Ноғаевтың құзыр қоржынына қол салды

3243

Бұл – елдегі атом саласындағы қауіпсіздікті нығайту үшін керек дейді.  

  Министр Цой министр Ноғаевтың құзыр қоржынына қол салды

Азаматтар көптеген емханада қарапайым рентген аппараттарының жоқтығына шағымдануда. Мұндай проблема тек ауыл-аймақта ғана емес, орталықта, елорданың өзінде кездеседі.

Бірақ рентген құрылғыларының жетіспеуіне тек медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінің жете қаржыландырылмауы ғана айыпты емес. Бұл сала аса қатаң бақыланады. Тіпті оны Халықаралық атом қуаты агенттігі (МАГАТЭ) назарға алып отыр.

Себебі, бұл салада проблема бар: Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, медициналық рентген қондырғыларын, компьютерлік томографтарды пайдаланатын нысандарды бақылау деңгейі жеткіліксіз болып тұр. Ал бұл "адамдардың өміріне, денсаулығына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қатер төндіруі мүмкін" екен.

Қазіргі уақытта Қазақстанда атом энергиясын пайдалану саласында 1 мың 700-ден астам жеке және заңды тұлға лицензия алыпты. Атап айтқанда, елімізде 4 ядролық қондырғы, өнеркәсіпте иондаушы сәулелену көздерін (ИСК) пайдаланатын 500 объект, ИСК тасымалдауды жүзеге асыратын 70 кәсіпорын, 13 уран өндіруші кәсіпорын және 1 мың 232 медициналық ұйым осындай лицензияға ие.

Бұған қоса, Қазақстанда 2021 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша 1 мың 107 рентген кабинеті мен 3 мың 86 рентген аппараты бар. Бұл ретте 2020 жылғы 1 наурыздан, яғни пандемия басталғалы бері жаңадан 253 рентген аппараты сатып алынды.

Енді осының бәрін қатаң бақылауда ұстауға меморганның шамасы жетпей тұрған көрінеді: ДСМ өз талдауында "Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің штатында небары 22 адам – яғни төрағаның салаға жетекшілік ететін 1 орынбасары, басқарманың 4 басшысы және 17 маман ғана барын" еске салды.

"Бұл 1 700 лицензиатқа тиісті бақылауды жүзеге асыру үшін жеткіліксіз. Медициналық рентген қондырғыларын пайдалануды бақылаудың кемшін болуы келесі проблемаларға соқтыруы мүмкін: біріншіден, объектілердің қауіпсіздік деңгейі төмендейді. Екіншіден, иондаушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылауды жоғалтады. Үшіншіден, апат-авариялардың туындау қатері ұлғаяды. Төртіншіден, персонал мен халықтың сәулеленуі артады", – деді Денсаулық сақтау министрлігі.

Мәселені қалай шешуге болады?

Алексей Цойдың ведомствосы осы бақылауды Нұрлан Ноғаевтың министрлігінен алып қойып, өзіне беруді ұсынып отыр. Және бұл жай идея емес: бастамасын "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына енгізді.

Әйтпесе, қазіргі кезде атом саласына Энергетика министрлігі жауап беретіні мәлім. МАГАТЭ де сонымен істес болып жүр.

ДСМ-ның дәйектеуінше, "халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы меморганның", яғни СЭС-тің бүгінде барлық облыста, аудандар мен қалаларда департаменттерден, басқармалардан тұратын кең жайылған желісі және қомақты штат-персоналы бар. Мұндай қуатты құрылымға ол Мемлекет басшысының қолдауы және пандемияның жайлауы нәтижесінде қол жеткізді.

Егер жобаны Парламент құптаса, СЭС-тер халықаралық деңгеймен ұштасып жатқан жаңа әрі аса салмақты құзырға қол жеткізеді.

Нақтылай кетсек, ДСМ ең алдымен, атом саласындағы лицензияны қосалқы түрлерге (подвиды) бөлуді және оның бір бөлігін өзіне беруді ұсынады. Мысалы, Төмен байытылған уран банкі, ядролық қондырғылар, уран өндіруші компаниялар, ИСК пайдаланатын және осы аса қауіпті заттарды тасымалдайтын нысандар Энергетика министрлігінің құзырында қалады. Ал атом қуатын медицина мақсатында, яғни рентген аппараттары мен кабинеттерін қолданатын барлық медұйымды СЭС-тің қоластына көшіру ұсынылуда.

"Лицензияны кіші қызмет түрлеріне бөлу және медициналық рентген аппараттарын пайдалануды лицензиялау функцияларын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы меморганға беру – медициналық рентген қондырғыларын бақылауды арттыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ДСМ.

Сарапшылар осы бақылауды лайықты жүзеге асыруға қажетті мамандардың СЭС-тен табылмауы мүмкіндігіне алаңдайды. Себебі, ол түгіл, ересектердің мейрамхана-дәмханаларда, ал балалардың балабақша мен мектеп асханасында қарапайым тамақтан уланып қалмауын қадағалаудың өзі қиындық тудыратыны жасырын емес.

Атом энергиясын пайдалану саласындағы барлық қызмет түрлері, соның ішінде медициналық рентген қондырғыларын пайдалану қызметі де аса қауіпті саналады және "ерекше күрделі жұмыс түрлеріне" жатады. Атом энергиясын пайдалану саласындағы жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының тұтас тізбесін сақтау, қауіпсіздік жай-күйін тұрақты талдау және бағалау талап етіледі. МАГАТЭ-нің қырағы назар аударып отырғаны да содан. Бетін аулақ қылсын, бірақ апат орын ала қалса, кез келген рентген аппараты медицина қызметкерлерінің ғана емес, тұрғындардың да денсаулығы мен өміріне залал келтіруі ықтимал.

Бір нәрсе анық: сала қатаң бақылауға зәру

Ресми мәлімет бойынша медициналық рентген қондырғыларымен жұмыс жүргізу кезінде радиациялық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын қатаң сақтау талап етіледі. Бұл жұмыстарды лайықты жүргізу үшін біріншіден, ғимараты мен бөлмелері арнайы талаптарға сәйкес келетін өндірістік база болуы, екіншіден, радиациялық заттардың қозғалысы мен сақталуын қатаң есепке алу және бақылау, үшіншіден, пайдалану барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Бұдан бөлек, "қосалқы тетіктерді, құрылғылар мен айлабұйымдарды пайдалану" шарт. Персонал білікті болуға және біліктіліктері мен дағдыларын арттырып отыруға тиіс. Олардың талаптарды және қауіпсіздік нормалары мен ережелерін білуін тұрақты тексеру талап етіледі.

Құзырлы орган осының бәрін тұрақты түрде бақылап отыруға міндетті. Дегенмен, ДСМ айтқандай, мұнай мен газды, сондай-ақ электр энергетикасын басты орынға қоятын Энергетика министрлігінің атом комитетіндегі айналдырған 22 адамның бұған шамасы жетпеуі мүмкін.

Мысалы, "объектіге барып тексеру" деген талап қарастырылған. Комитет өкілдері әр емхана мен аурухананы аралап жүре алмасы сөзсіз.  

Айтпақшы, бұл өзгеріс кәсіпкерлерге де тиімді болуы ықтимал. Әйтпесе, мысалы, жеке клиникасында рентген немесе компьютерлік томография орнатқысы келетін бизнесмен екі органнан – Денсаулық сақтау және Энергетика министрліктерінен 2 түрлі рұқсат қағаз алуға мәжбүр. Ал лицензияны қосалқы түрлерге бөліп, бір бөлігін СЭС-ке берсе, бұл қызмет бір органнан, "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілмек.

Дегенмен, ешбір министрлік өз құзырын оңайшылықпен бермейді. Бұл мәселе алда Парламентте қызу пікірталас туғызуы мүмкін. 

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу