Минск қалайша мигранттардың мекеніне айналды?

2790

Таяу Шығыстан Беларусияға мыңдаған адам туристік визамен барды. Бірақ олардың мақсаты – саяхатшылық емес, Еуропа одағына өтіп, сонда жаңа өмір бастау.

Минск қалайша мигранттардың мекеніне айналды?

Құжаттар мен куәгерлерге жүгінсек, соңғы айларда Беларусьтегі туроператорлармен серіктесе жұмыс істейтін Таяу Шығыстағы туристік агенттіктер көмегімен Минскіге мыңдаған мигрант саяхатшылық визасымен барған.

Минскіге жеткеннен кейін, олар Еуропа одағында жаңа өмір бастау үшін ирактықтардың, сириялықтардың, ауғандардың және басқалардың легіне қосылып, кейде қауіпті, кейде өлімге әкелетін Беларусь-Польша шекарасына жол тартады.

"Ұшақтар саяхатшылықты көздемеген адамдарды тасымалдайды. Беларусь үкіметі олардың турист еместігін және Польша шекарасына бара жатқанын жақсы біледі", – дейді Ирактың солтүстігіндегі Сулаймания қаласының тұрғыны Камаран Мұхаммед.

Мұхаммед пен оның отбасы Польшаға жеткен, бірақ аз уақытқа ғана. Олар қазанның 31-інде Иракқа қайта депортацияланды. Яғни бұл жанұяның бастан кешкен хикаялары мыңдаған доллар төлеп, басыңды қауіпке тігу – Еуропада тұрақтауға кепілдік еместігін еске салады.

Мигранттар дағдарысы Батыс пен Беларусьтің одақтасы – Ресей арасында да шиеленіс тудырып отыр. Мәскеу Беларусь аспанын патрульдеу үшін ядролық бомбалаушы ұшақтарын жіберсе, Беларуське көршілес елдер шекарадағы дау әскери қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін деп дабыл қағып жатыр.

Еуропа одағына сенсек, Президент Александр Лукашенко өз үкіметіне салынған санкциялардан Брюссельді бас тарттыру мақсатында мигранттар көшін көрші елге бағыттады.

Польша мен Литва жариялаған құжаттарға қарағанда, Беларусьтің кем дегенде бір мемлекеттік туристік компаниясы мамыр айынан бастап мигранттардың елге келуін жеңілдетсе, мемлекеттік авиациялық тасымалдаушысы танымал маршрут бойынша рейстерді екі есеге арттырған.

Лукашенко өткен жылғы даулы президенттік сайлаудан соң шерушілерді қудалағаннан кейін ЕО-ның жазалау шараларына тап болды. Содан кейін ол поняк жеріне енемін деген мигранттарды бұдан былай ұстамайтынын айтса да, босқындарды бәрібір Польшаға қарай бағыттап, дағдарысты өршіткенін жоққа шығарып отыр.

Таяу Шығыс мигранттары өз отандарында, Беларусь-Польша шекарасында және Польшадағы мигранттар орталықтарында әлем ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтқандай, олар Беларуське туристік визамен жеткен.

Ирак пен Түркиядағы мигранттар мен турагенттер соңғы айларда Беларуське өту үшін құжат алудың салыстырмалы түрде жеңілдегенін айтып отыр.

Ирак мигранттары Минскке бару үшін шамамен 1 250 доллардан 4 000 долларға дейін жұмсаған. Және де Таяу Шығыста сан мың адам Беларусь фирмаларының көмегімен виза алып, көктемнен бері жиілеп кеткен коммерциялық рейстермен Батысқа бағыт алады.

Шекараға жеткендердің айтуынша, Беларусь-Польша шекарасында мигранттардың көбеюіне пайда табуға асыққан туристік агенттер, компаниялар, контрабандашылар және жүргізушілер көмектескен.

Кейбір мигранттардың сөзінше, оларға Беларусь шекарашылары Польшаға өтуге жәрдемдескен немесе босқындардың Еуропа одағына кіру әрекетіне екі ел арасындағы сақшылар көз жұма қараған. Сонымен қатар шекарашылар кейде мигранттарға сым кескіштер ұстатқан. Бұл жағдайға қатысты Беларусь үкіметі әзірге түсініктеме бермей отыр.

Бірақ дүсенбі күні Беларусь Сыртқы істер министрлігі Еуропа одағымен арадағы шекарадағы дағдарысқа Минск түрткі болды деген айыптауларды "абсурд" деп мәлімдеді.

Еуропаға қауіпсіз жол

Мигранттардың көпшілігі бұл сапарға Сирияда немесе Иракта өздері мен балалары үшін ешқандай болашақ көрмегендіктен аттанғандарын айтады. Және де олардың кейбіреулері достарымен, туыстарымен қайта қосылу үшін ЕО-ға енуге әрекеттеніп жатыр.

Әсіресе, кішкентай балаларымен жолға шыққан босқындар үшін Еуропаға құрлықпен жету теңізге қарағанда қауіпсіздеу. Олар биыл әлеуметтік желілерде визалардың қолжетімді бола бастағанын көп оқыған. Ал делдалдар мен агенттер мұндай мигранттарға өз қызметтерін ұсынуға әрдайым дайын.

Анкарада тұратын ирактық Хусейн әл-Асил бірер күн бұрын өз клиенттеріне арнап беларусьтік үш серіктесінен шақырту рәсімдеп, оларды Түркия арқылы Минскке жөнелткен. Асилдің айтуынша, ирактықтарға биылға дейін Беларуське виза алу әлдеқайда қиын болды.

 "Беларусь елшілігі, әрине, бұл адамдардың Еуропаға саяхаттап бара жатпағанын жақсы біледі. 800 долларға ұшақ билетін брондап, 1 250 долларға виза алу қандай туризм?" – дейді Асили "Рейтерге" берген сұқбатында.

Тағы бір ата кететін жайт, көктемнен бері Таяу Шығыстан Минскіге рейстер жиілей бастады.

Мысалы, "Белавия" 2021 жылдың ақпан айында Ыстанбұлдан Минскке 28, наурызда 31 мәрте ұшты. Flightradar24 деректеріне сәйкес, шілдеде бұл авиасапарлар екі еседен астам өсіп, 65-ке жеткен екен.

"Түрік әуе жолдарының" осы бағыттағы рейстерінің саны да наурыз және сәуір айларындағы 32-ден шілде және тамызда 64-ке көтерілді. Ал қазанда екі авиакомпания да Минск қаласына 124 рет ұшыпты.

ЕО бұнымен күреске көшті. Брюссельдің қысымынан кейін Бағдат биыл күзде Ирактан Минскке ұшақ аттандыруды тоқтатты.

Жұма күні "Белавиа" мен "Түрік әуе жолдары" бұдан былай Йеменнен, Ирактан, Сириядан Минскіге дипломаттардан басқа жолаушыларды апармайтынын растады. Ал сенбіде Сирияның жекеменшік авиакомпаниясы Cham Wings Airlines та Беларусь астанасына әуе сапарларын доғарғанын жариялады.

"Қорықпаймын. Беларусьтегі қиындықтар уақытша..."

Мигранттардың көпшілігі Минскіге жеткен соң, дереу шекараға кетеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сауда орталықтарында  Польша жаққа каететін уақытын тосып жүрген, орындықтарда ұйықтап қалған немесе әрі қарайғы сапарлары үшін азық-түлік сатып алып жатқан таяушығыстық мигранттар айтарлықтай көбейген.

Польшаға жеткен кейбір мигранттар болса, Беларусь сақшылары оларды ұрып-соғып, шекарадан ары-бері қуғанына шағымданып отыр. Сонымен қатар олар қатты шаршап, ашығып, шөліркеп, үлкен қорқынышқа душар болып отыр.

Мигранттардың талайы ЕО-ға кіре алмай, Минскіге немесе өз отанына оралуға мәжбүр болады. Кем дегенде сегіз мигрант шекараны кесіп өтуге әрекеттеніп қаза тапты. Ал қыс қаһарына мінетін шақ алыс емес, сондықтан босқындардың жағдайы алдағы күндері тіпті қиындайын деп тұр.

Таяу Шығыстан Минскке авиациялық рейстерді азайтуға күш жұмсалып жатса да, жұма күні Еуропа одағының Frontex шекара агенттігінің директоры Фабрис Леггери интеграциялық блокқа кіруге тырысқан мигранттар санының артуына дайын болу керектігін ескертті.

Польша шекара қызметінің мәліметінше, қазан айында ел шекарасын кесіп өтуге 17 мыңнан астам заңсыз әрекет жасалған. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен екі есеге көп екен. Және де қазір мыңдаған мигрант Беларусь пен Польша шекарасы маңында лагерлер құруды жалғастырып жатыр.

Мигранттардың кейбірінің айтуынша, олар Еуропаға жету үшін жерлерін, үйлерін сатқан. Түскен қаражат қонақ үй шығынын өтеуге, адам тасымалдаумен айналысатын контрабандашыларға немесе пара беруге жұмсалады.

"Менің сегіз жасар балам бар, ол дұрыс жаза алмайды. Неге? Өйткені мектеп жақсы емес, өмір жақсы емес. Күн сайын ормандағы адамдардың қиналған бейнесін көремін. Бірақ қорықпаймын. Беларусьтегі қиыншылық уақытша. Бір апта, екі апта. Біздегідей күнде емес қой. Достарымның кетіп жатқанына куәмін. Бір-бірімізді 20 жыл танимыз. Беларуське барды, олардың тағдыры не боларын білмеймін. Оңай емес. Алайда мен оларға бәрібір кет деп айтамын. Өйткені өзім де кетпекшімін. Ол жақта мұндағыдан жақсы ғой", – дейді Ирактық Күрдістан тұрғыны, 37 жастағы Варзер Ибрахим. "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Ирактың Күрдістан аймақтық үкіметі осы көшке қатысы бар жергілікті туристік агенттіктерді тергеп жатқанын мәлімдеп, миграциялық дағдарыс үшін саясаткерлер мен контрабандашыларды айыптап отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу