Мұнай өңдеу зауыты бар Павлодар облысында дизель отыны тапшы

1517

Сондықтан бағасы да күрт қымбаттады.

Мұнай өңдеу зауыты бар Павлодар облысында дизель отыны тапшы

Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі орналасқан Павлодар облысының тұрғындары дизель отынын қолма-қол ақшаға да, талон арқылы да ала алмай жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 1 қазанда Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын уақытша тоқтататыны туралы жазған едік. Кәсіпорындағы құрылғыларды жаңғырту жұмыстары шілдеден қыркүйекке, қыркүйектен қазанға дейін екі рет шегерілген болатын.

Бірақ өңдеу орны жаңғыртуға байланысты жабылмай тұрып-ақ өңірде дизель отыны тапшылығы байқала бастады. Сәйкесінше оның бағасы да бірден өсті. Тамыз айында облыстағы бекеттерде бір литрі 196 теңгеден сатылса, қыркүйекте 270 теңгеге дейін көтерілді. Бүгінгі баға - 280-290 теңге аралығында.

Алайда қымбат дизель отынын табудың өзі мұң. Мысалы, "Сапаржай-Павлодар" ЖШС жеткілікті көлемде жанармай болмағандықтан, Екібастұз бен Павлодар қаласының арасында қатынайтын автобустардың рейсін 12-ден екіге дейін қысқартуға мәжбүр болды.

"Helios" компаниясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, сапаржайға қарасты автобустар аптасына екі рет талон арқылы дизель отынын құюы тиіс. Бірақ өткен аптада кәсіпорынға қарасты бекеттер келісімшартта көрсетілген бағаны 196 теңгеден 208 теңгеге дейін өсірді. Оған қоса, сұйық отынның тапшы екенін алға тартып, талонмен беруді доғарды. Әрі кетсе бір автобусқа 50 литр ғана құяды. Ал Екібастұзға дейін бір рейстің өзіне 90 литр керек. Жергілікті әкімдік пен жанармай компаниясы өзге бекеттерден қолма-қол ақшаға алуға кеңес берді. Бұл біз үшін тиімсіз, себебі бекеттердегі баға 280 теңгеге дейін көтерілді. Оның өзі көбінде жоқ. Сондықтан екі қала арасына шағын автобустарды күндіз және кешкі уақытта ғана шығаруға тура келді", - дейді "Сапаржай-Павлодар" ЖШС директоры Павел Браславский.

Дизель отынының қымбаттауы шөп пен көмір бағасына да әсер етпей қоймады. Қыстың қамына кіріскен ауыл тұрғындары бағаның өткен жылмен салыстырғанда 5-10 мың теңгеге өскенін айтады. Мысалы, былтыр көмірдің бір тоннасы 10-15 мың теңге аралығында болса, биыл 20 мың теңгеге дейін жетті. Сол сияқты өткен жылы шөптің бір тіркемесі 30-35 мың теңге тұрса, осы жылы 40-45 мың теңгеге дейін қымбаттады. Қыста бүрсең қақпас үшін әрі қорадағы азын-аулақ төрт түлікті мал азығымен қамту үшін тұрғындарға кәсіпкерлер белгілеген бағаға келісуден басқа амал жоқ. Ал тасымалдаумен айналысатын бизнес өкілдері мұның барлығын дизель отынының тапшылығымен, қымбаттауымен байланыстырып отыр.

"Әлеуметтік желілерде тұрғындар көмір бағасының қымбаттағанын жиі жазатынын байқаймын. Бағаның өсуі - негізсіз емес. Өткен жылы дизельді отынның бір литрін 150 теңгеден алсақ, биыл 285 теңгеге құямыз. Баға шамамен екі есеге дейін өсті. Сондықтан бізге де қатты отынның бағасын арттыруға тура келді. Әйтпегенде табыс таппақ түгілі шығынға батамыз", - дейді кәсіпкер Қайрат Әбішев.

Жергілікті нарықта туындаған мұндай қиындықты ескерген Павлодар мұнай-химия зауыты басшылығы мұнайды бастапқы өңдеу құрылғыларын жөндеу мерзімін 10 күнге шегерді. Тиісті жұмыстар 10 қазанда басталып, айдың соңына дейін аяқталуы керек. Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, бұл уақыт аралығында жанар-жағармайды жеткізуде іркіліс болмайды. Оған қоса, қазан айына дейін дизель отынының 27 мың тонна көлемінде қоры жасалды. Энергетика министрлігі Ресейден жеткізетін 100 мың тонна жанармайдың бір бөлігі де Павлодар облысына "бұйырып қалуы" керек. Бірақ мұндай шаралардың дизель отыны бағасының қайта арзандауына әсер етеріне еш кепілдік жоқ. Себебі оның бағасы мемлекет тарапынан бақыланбайды. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев бағаны сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып нарық реттейтінін айтты. Ал бұл уақытта мұнай өңдеу зауыты бар өңір тұрғындары дизель отынын таппай әлек...

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу