BILD басылымының жазуынша, НАТО Ресей әскері Эстония, Латвия немесе Литваға шабуыл жасаған жағдайда қолданылатын үш түрлі әрекет жоспарын әзірлеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Бірінші кезеңде зымырандар мен дрондардың шабуылын тойтару көзделген. Бұл үшін НАТО әскери ұшақтар, зымырандар мен дрондарды пайдаланып, Ресейдің зымыран кешендерін жоюды жоспарлап отыр. Калининград облысында әуе қорғанысы жүйелері мен зымыран кешендері көп шоғырланған.
Сонымен бірге Ресей және Беларусь шекарасында "автономды аймақ" құру жоспарланған. Бұл аумақта НАТО әскери қызметшілері орналаспайды. Оның орнына Ресей әскері алға жылжыған жағдайда оларға қарсы дрондар мен жерүсті роботтандырылған жүйелер қолданылмақ, деп жазады BILD.
"Келесі кезеңде НАТО Ресей аумағындағы нысандарға соққы беруі мүмкін. Арнайы жасақ әскери және логистикалық нысандарды, соның ішінде аэродромдар, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары, көпірлер мен әскер мен әскери техниканы тасымалдауға пайдаланылатын теміржолдарды жоюы тиіс. Бұдан бөлек, НАТО дрондар мен роботтарды Ресей аумағына жеткізу үшін "әуе дәлізін" құруды жоспарлап отыр. Олар аэродромдар мен әскери базаларға шабуыл жасауы тиіс. Бірақ та, альянс Ресей аумағын басып алуды жоспарламайтынын атап өтті. Негізгі міндет – Ресей әскерін шекараға дейін шегіндіру", – делінген ақпаратта.
НАТО бұл жоспарларды құпия ұстауды да көздеп отырған жоқ. Әскерилердің пікірінше, бұл саясат қарсылас альянс мүшесіне шабуыл жасаған жағдайда қандай әрекетке тап болатынын алдын ала білген кезде ғана тиімді болады.