Несие мен депозит арзандайды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3881

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,5%- ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Несие мен депозит арзандайды

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық банк 2017 жылдың 9 қаңтарында базалық мөлшерлемені былтырғы 12% деңгейінде сақтап қалса, одан кейінгі жиында көрсеткішті 11%-ға түсірді. Сәуірдегі жиында осы көрсеткіш өзгеріссіз  қалды.

Банк саласындағы "лобби"

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ұлттық банктің қандай шешім қабылдайтынына қатысты болжам жасағанда теңгенің базалық мөлшерінің  төмендейтінін  және депозит пен несиенің пайыздық көрсеткіші айтарлықтай арзандайтынын айтты. Алайда  нақты шешім шықпай жатып банктер өздерінің пайыздық көрсеткіштерін өзгерте бастаған. Мәселен, Форте банк депозитінің пайыздық мөлшерлемесін  теңгемен 13 пайыздан 11,5 пайызға, доллармен 1,5 пайыздан 1 пайызға, еуромен 0,25 пайыздан 0,1 пайызға қысқартқан. Альфа банк депозиттің мөлшерін теңгемен 11 пайыздан 10,5 пайызға, ал ВТБ 9 пайыздан 8 пайызға азайтқан. Өз кезегінде Еуразиялық банк керісінше, депозиттің пайыздық мөлшерлемесін теңгемен 12 пайыздан 13,1 пайызға арттырған.

Екінші деңгейлі банктердің ұлттық банктің шешімінен хабардар болуы таң қаларлық жайт емес. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық банктің қазіргі саясаты елдегі ең ірі екінші деңгейлі банктердің "тапсырысы" болуы мүмкін. Яғни мемлекет банк секторын емес, банк секторы мемлекеттің саясатын жүргізіп отыр.

Инфляция азайып, базалық мөлшерлеме төмендеді

Өз кезегінде ұлттық банк базалық мөлшерлеменің төмендеуін инфляция көрсеткішінің жақсаруымен түсіндіреді.

"Жылдық инфляция нысаналы дәлізде орнықты, халықтың инфляциялық күтулері қалыпты болып тұр, экономика белсенділігінің жанданғаны байқалады. Қалыптасып жатқан ақша-кредит талаптарын есептегенде және күйзелістер болмаған жағдайда инфляция 2017 және 2018 жылдары белгіленген нысаналы дәліз шегінде болады", - деп жазады ұлттық банктің ресми сайты.

Инфляциялық қысымның экономиканың және жиынтық сұраныстың өте жылдам қалыпқа келуі жағдайындағы тәуекелдер айтарлықтай деп бағаланбайды. Экономика дамуының базалық сценарийінің іске асырылуы (мұнай бағасы – бір баррель үшін 50 АҚШ долл.), сондай-ақ жағымсыз күйзелістер болмаған және инфляцияның нақты серпіні болжанатын өлшемдерге сәйкес келген жағдайда алдағы 12 айда базалық мөлшерлеменің төмендеу үрдісі жалғасуы мүмкін.

Ал ұлттық банк нақты пайыздық базалық мөлшерлемені экономиканың өсуінің ұзақ мерзімді әлеуетті қарқынымен салыстырмалы деңгейде ұстап тұратын болады.

Сонымен қатар Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай қолайсыз сценарийді бағалау базалық мөлшерлемеге қатысты консервативті тәсілді болжайды. Базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторлар ескеріле отырып қабылданды. Жылдық инфляция 2017 жылғы мамырда нысаналы дәліз шеңберінде 7,5% мөлшерінде қалыптасты және ұлттық банктің бағаларына толығымен сәйкес келеді.

Сонымен қатар 2016 жылғы 4 тоқсандағы базаның төмен болуы салдарынан ағымдағы жылдың соңына қарай жылдық инфляция қысқа уақытқа аздап көтерілуі мүмкін.

Ұлттық банк ақша-кредит саясатын қатаңдатпайды

Ұлттық банк ұсыныстар жағындағы шығыстардың өсуімен байланысты және сұраныс жағында қолданылатын кредиттеу талаптарына тікелей байланысты емес инфляцияның әдейі шектелген көтерілуіне жауап ретінде ақша-кредит талаптарын қатаңдату қажет деп санамайды.

Халықтың инфляцияның болашақтағы деңгейіне қатысты күтулері іс жүзінде өзгеріссіз қалуда, жекелеген ауытқулар айтарлықтай емес және жалпы үрдіске әсер етпейді.

Күтілетін инфляцияның бір жыл алға арналған сандық бағалауы қалыптасқан инфляцияның (6,1%) мәнінен төмен деңгейде белгіленді, бұл оның 2018 жылға белгіленген нысаналы дәлізге біртіндеп жақындап жатқанын білдіреді.

Халықтың күтулері мен валюта нарығының кәсіби қатысушыларының теңге бағамының ағымдағы деңгейде сақталуы бойынша тұрақты күтулері аясында салымшылардың валюталық басымдығының өзгеруі жалғасуда. Мамыр айының алдын ала деректері бойынша депозиттердің құрылымында теңгедегі депозиттердің үлесінің валюталық депозиттерден 2017 жылғы наурызда қол жеткізілген асып кетуі сақталып отыр.

Экономикадағы іскерлік белсенділік инфляциялық қысым көрсетпей, айтарлықтай жандануда. Экономиканың базалық салалары бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикаторы өсу аймағында тұр. 2017 жылғы сәуірдің деректері бойынша ол соңғы 3 жылдағы ең жоғары мәнге – 107,1%-ға жетті. Халық арасында экономикалық перспективаларға қатысты жүргізілген пікіртерімнің деректері бақыланып отырған үрдісті және экономикалық агенттерде позитивтік күтулердің болуын растайды. Тұтынушылық сұраныстың біртіндеп өсуі байқалып отыр. Қаңтар-наурызда халықтың нақты кірістері 2,4%-ға өсті, бұл негізінен бюджеттің әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстарының ұлғаюымен түсіндіріледі.

Сыртқы талаптар Қазақстан экономикасының өсуін қолдады. Мұнайдың әлемдік бағасы айдың көп бөлігінде шамалы өскенін көрсете отырып, мамыр айында бір баррель үшін 48-54 доллар аралығында болды.

Ақша-кредит талаптары базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін қалыпты-қатаң деңгейден бейтарап деңгейге дейін жұмсаруда. Қазақстанның өндірушілеріне бағалай қолдау көрсететін теңге бағамының нақты мәнінің толық бағаланбауына (әлсіздігіне) қоса нақты пайыздық мөлшерлеменің (яғни инфляцияның 2017 жылғы 6-8% және 2018 жылғы 5-7% таргеттелетін деңгейіне түзетілген номиналдық мөлшерлеменің) деңгейі төмендеуде, бұл банктердің кредиттік ресурстарға деген сұранысына қолдауды қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, артық өтімділік болса да, банк капиталының шектелуі қорландыру құнына қарағанда, кредитке ұсынысты тежейтін аса маңызды фактор болып табылады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 17 шілдеде Астана уақыты бойынша сағат 17.00-де жарияланады.  

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу