Қазақстан сирек металдарды барлау мен өндіру ауқымын кеңейтпек

397

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан сирек металдарды барлау мен өндіру ауқымын кеңейтпек Фото: Үкімет

Бұл Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген аталған салаға озық технологиялар мен инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүзеге асты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиынға Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Марат Төлебаев қатысты.

Премьер-министр жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мен инфрақұрылымды жаңғырту, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту, заманауи өңдеу технологияларын енгізу және ғылыми-зерттеу базасын дамыту қажеттігін атап өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанның металлургия құрылымында сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіру 2,4%-ды құрайды. 2018 жылдан бері саланы мемлекеттік қаржыландыру 67 млрд теңгені құрап оытр.

Кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде: жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырым 1:50 000 масштабтағы 25 учаске зерттелуде. 2024 жылы қатты пайдалы қазбалардың келешегі зор 38 учаскесі ашылды. Еліміздегі геологиялық-геофизикалық барлау жұмыстары 2025 жылы 2 млн 038 мың шаршы шақырымды құраса, 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий өндірілсе, жол бойында висмут, сурьма, селен және теллур алынады. Сонымен қатар галлий мен индий алу технологиялары бар.

Саланың болашағы зор бағыттарына батарея материалдарын, ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру және қайта өңдеу, жартылай өткізгіш материалдар өндірісі және тұрақты магниттерді қайта өңдеу жатады.

Жалпы, Үкімет аталған саланы одан әрі дамыту үшін шаралар қабылдауда. 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. "Жезқазғанредмет" РМК сирек металдар цехын жаңғыртуға қаражат бөлінді. Инвесторларды тарту үшін геологиялық ақпаратқа, оның ішінде сирек және сирек жер металдары бойынша қолжетімділік қамтамасыз етілді. 

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр күш-жігерді жер қойнауын тереңдетіп зерттеуге, техногендік минералдық түзілімдерді есепке алу мен мемлекеттік теңгерімге қоюды жеделдетуге, аккумуляторлар мен оларды қайта өңдеуге арналған материалдар өндірісін дамытуға, сондай-ақ ыстыққа төзімді никель қорытпаларын белсенді өндіруге жұмылдыруды тапсырды. Бұдан бөлек, "Ұлттық технологиялық болжау орталығы" РМК базасында сирек және сирек жер металдары бойынша өңірлік зерттеу орталығын құру жөніндегі жұмысқа назар аударылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу