Өңірлерде таланттар үшін "соғыс" басталады

1127

Себебі жаһандық және отандық еңбек нарығы теңселіп тұр. 

Өңірлерде таланттар үшін "соғыс" басталады

Мықты мамандар үлкен қалаларға қоныс аударып немесе шетел асып жатыр. Кадр тапшылығы  күн сайын күшейіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, өңірлерде таланттар үшін "соғыс" басталады.  

Мезгіл мәселесі мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Миллениалдар мен Z ұрпағы маңызды рөл атқарады"

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың баяндауынша, жаһандық сын-тегеуріндер еңбек ресурсын өмір бойы дамытып отыру қажеттігін көрсетті. Автоматтандыру жүйесі мен технологиялық инновациядан хабары жоқ жандар өркениет көшіне ілесе алмайтынын біліп отыр. 

"2035 жылға қарай әлемдегі барлық жұмыстың 3/1 бөлігі автоматтандырылады. Бұл қазіргі жұмыс орындарының 4/3 бөлігіне кері әсерін тигізеді. Экономиканың дәстүрлі салаларында да өзгеріс болады. Осы фактор азаматтарды жаңа дағдыларды меңгеруге итермелейді. Көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі 5 жыл сақталады. Осыған дейін 10 жыл бұрын алған білім мен дағды арқылы кем дегенде еңбек нарығында 15 жыл жұмыс істеуге болатын. Қазіргі дағды мен білім тез ескіріп жатыр. Кейбір мамандықтарға ескіріп қалу ғана емес, жоғалып кету қаупі төніп тұр. Болашақта еңбек нарығында миллениалдар мен Z ұрпағы маңызды рөл атқарады. Олардың цифрлық сауаттылығы өте жоғары деңгейде. Олар бір жұмыстан екінші жұмысқа тез икемделеді", – деді Ержан Біржанов. 

"3,5 млн адам экономиканың өнімділігі төмен секторында жұмыс істейді"

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан еңбек өнімділігі жағынан дамыған елдерден орта есеппен 5 есе артта қалған. Бұған бірнеше фактор себеп болып тұр. 

"Ересектердің 79%-ы ақпараттық-коммуникациялық технологияның қарапайым дағдыларын ғана меңгерген. Азаматтар дағдыларын дамытуға атүсті қарайды. Шеберлік шыңдауда үздіксіздік жоқ. Салдарынан еңбек ресурстары технология өзгеріп, еңбек функциясы трансформацияланғанда қажетке жарамай қалады. Еңбек ресурстарының қызметі жұмыс орнының талабына сай келмейді. Ересек тұрғындардың 17%-ы ғана біліктілігін арттыруға мән береді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша басқа мемлекеттерде бұл көрсеткіш шамамен 47%-ды құрайды. Бүгінгі күні жұмыспен қамтылғандардың 40%-ы немесе 3,5 млн адам экономиканың өнімділігі төмен секторында жұмыс істейді", – деді Ержан Біржанов. 

Шетелде – 7,6, бізде – 2,5 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердегі шағын кәсіпорындар 7,6 жұмыс орнын құрады. Ал біздегі шағын кәсіпорындар 2,5 жұмыс орнын ғана аша алады. 

"Біздің елдегі жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандыру тәуекелін бастан кешіріп отыр. Шет мемлекеттердің азаматтары жұмыс орны мен жұмыс уақытына тәуелді емес. Олар қашықтан жұмыс істеуді меңгеріп алған. Біз мұндайға енді қадам жасап жатырмыз", – деді Ержан Біржанов. 

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 302 мың азамат білім алды. Олардың 64%-ы қысқамерзімді кәсіптік оқу оқыды. 210 мың адам толық курстан өтіп, 137 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. 

Айта кетейік, 1 мамырдағы жағдай бойынша 232,7 мың адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысты. 174,8 мың адам уақытша, 80,2 мың адам тұрақты жұмысқа тұрды. 5 мың адам қысқамерзімді курсқа қатысты. 473 адам жеңілдікпен микрокредит алды, 7,2 мың адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. 99,9 мың адам субсидияланатын жұмысқа орналасты. 

Былтыр "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. Оның ішінде 437,3 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 44,9 мың мемлекеттік грант тағайындалды. 

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу