Оңтүстік тұрғындары несиеге әуес

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4316

Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының халқы тұтынушылық мақсатқа жиі несие алады. 

Оңтүстік тұрғындары несиеге әуес

Бұл жердегі "тұтынушылық мақсат" деп отырғанымыз – той жасау, тұрмыстық техника, жиһаз, демалыс жолдамасы және тағы да басқа тұрмысқа қажетті дүниелер үшін несие рәсімдеу. Сондай-ақ бұған дүние-мүлік сатып алу үшін несие картасын, бөліп-төлеу қызметін пайдалану да жатады.

Мәселен 2017 жылдың қорытындысы бойынша, Алматы облысында жеке тұлғалар алған несиенің 80%-дан астамы тұтынушылық мақсатқа арналған. Осылайша Алматы өңірлер арасында топ бастап тұр. 2016 жылмен салыстырғанда облыста тұрмыстық мақсатқа несие рәсімдеу 22,8 млрд теңгеге артып (23%), 121,9 млрд теңгені құраған.

Ranking.kz-тің хабарлауынша, одан кейінгі орынға Қызылорда облысы жайғасыпты. Аталған өңірдің тұрғындарына рәсімделген несиелердің 76,2%-ы тұтынушылық мақсатқа алынған. Бір жыл ішінде көрсеткіш 22,1%-ға (19 млрд теңге) артып, 105,2 млрд теңгеге жеткен.

Ал үштікті Оңтүстік Қазақстан облысы түйіндеп тұр. Облыстағы жеке тұлғалар алған тұтынушылық мақсаттағы несиенің үлесі – 72,3%. Көрсеткіш бір жыл ішінде 18,2%-ға, яғни 30,5 млрд теңгеге өскен. Осылайша 2017 жылдың қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысында 197,4 млрд теңгеге тұтынушылық несие рәсімделген.

Тұтынушылық несие аз берілген өңір – Астана қаласы. Елордадағы мұндай несиенің үлесі жалпы несие көлемінің 43,2%-на тең. Бұл ретте Астана – тұтынушылық несие үлесі 50%-дан төменгі көрсеткішті құрайтын жалғыз өңір.

Есесіне бас қаламыз жылжымайтын мүлік сатып алу үшін несие рәсімдеуде өзге өңірлерден оқ бойы алда тұр. Мұндағы жалпы көлемнің 47%-ын ипотекалық несие құрайды. Ипотекалық несие көлемі бір жыл ішінде 25,6%-ға, яғни 53,1 млрд теңгеге өскен. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Астанадағы ипотекалық несие көлемі 260,9 млрд теңгеге дейін артқан.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да баспана үшін жиі несие рәсімдейді екен. Бұл өңірдегі ипотекалық несие үлесі жалпы несие көлемінің 32,9%-ын құраған. Көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда былтыр 18,4%-ға (3,7 млрд теңгеге) ұлғайып, 23,6 млрд теңгеге жеткен.

Ақтөбеліктер де баспана үшін несие алғанды құп көреді. Мұндағы ипотекалық несиенің үлесі – 30,6%. Бір жыл ішінде ипотекалық несие үлесі 13,1%-ға (6,5 млрд теңгеге) өсіп, 56,5 млрд теңгені құраған.

Алматы (ипотекалық несиенің үлесі – 11,5%), Қызылорда (13,1%) және Жамбыл (14,6%) облыстарында ипотекалық несие нашар дамыған.

Жалпы, былтыр жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерден несие алуы 12,4%-ға немесе 501,2 млрд теңгеге өсіп, 4,5 трлн теңгені құраған. Жеке тұлғаларға берілген несиенің 2,9 трлн теңгесі – тұтынушылық мақсаттағы несиенің, ал 1,1 трлн теңгесі – ипотекалық несиенің үлесінде болған.  

Фархат Әміренов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться