Отандық есептеуіштер нарығын Ресей жаулап алды

9181

"Тәуелсіздік" алу үшін Үкімет лоббистік қадам жасамақ.

Отандық есептеуіштер нарығын Ресей жаулап алды

Ресми мәлімет бойынша бүгінде Қазақстанда жалпы саны 6 миллионға жуық электр энергиясын есептеу құралы орнатылған. Бұған қоса, елімізде шамамен 3,5 миллионнан астам газды есепке алу аспабы қойылған. "Сарыарқа" магистралді құбыр желісі арқылы орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру бағдарламасын іске асыру нәтижесінде, газ тұтынатын абоненттер саны жыл сайын тек ұлғая бермек.

Сонымен бірге күн сайын әр өңірде, әртүрлі үйде электр не газ есептеуіші істен шығып, мамандар оны үздіксіз ауыстырып жатады. Жұмыс істеп тұрған, бірақ ескіріп үлгірген миллиондаған есептеуіш те жаңартуға жатады. Яғни, бұл – күн санап ұлғайып келе жатқан нарық.

Ал енді осы алып нарығымыз Ресей және басқа да елдерге тәуелді екен. Нақтыласақ, электр энергиясын есепке алу аспаптарын шығаратын отандық өндірушілердің осы нарықтағы үлесі шамамен 55%, қалғаны Ресей мен Беларусьтен импортталады. Демек, осы екі ел біздің нарықтың 45%-ын басыбайлы иеленіп кеткен.

Газ есептеуішіне қатысты ахуал мүлдем нашар: онда отандық өндірушілердің үлесі бар-жоғы 10%-дай. Қалған 90%-ы – Қытайдан, Ресейден, Беларусьтен, Польшадан және сонау Италиядан тасылады.

Үкімет қазіргі кезде елдегі тоқ пен газды тұтынатын барлық үйді аспаптандыру науқанын жүргізуде. Оның аясында қазақстандықтар мен мемлекеттің миллиардтаған теңге қаражаты өзге елдердің, негізінен Еуразиялық одақтағы екі елдің өнеркәсібін қолдауға кетіп жатыр.

Бұл ретте отандық есептеуіштердің жақын және алыс шетелге экспорты 0% деп көрсетілген. Өйткені Ресей де, Беларусь те тек өз аспап өндірушілерін ғана қорғап, өзге елдердің жеткізушілерін ашықтан ашық кеудеден итеріп отыр.

Үкімет тұйықтан қалай шықпақ?

Мемлекет осы салада импорталмастыруды жүзеге асыруды ұсынады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу туралы" деп аталатын Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Ол одақтастар өндірушілерінің нарықта еркін тайраңдауын тоқтатып, төл өндірушілерімізге басымдық береді.

"Елімізде электр энергиясы мен газды есепке алу аспаптарының ірі отандық өндірушілернің бірі ретінде "Сайман корпорациясы" ЖШС, сондай-ақ "Аспан Энерджи" ЖШС, "Азия-электрик" ЖШС, "Миртек-Қазақстан" ЖШС-інде жоғары сапалы өнімді үлкен көлемде шығару үшін жеткілікті өндірістік және технологиялық қуаттары, кадрлық ресурстары бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша тек бір жыл ішінде электр энергиясын есептеуіштерге деген қажеттілік 543 мың 814 бірлікті, газ есептеуіштеріне – 242 мың 387 бірлікті құраған. Мысалы, отандық өндірушіге қолдау көрсете отырып, "Сайман корпорациясы" ЖШС-нің қуатын 100% жүктеген кезде, оның аспаптар нарығын бір өзі 89%-ға жабуға мүмкіндігі бар", – деді индустрия министрлігі.

Осылайша, жаңа қаулының қызығын негізінен сала алпауыты – "Сайман" корпорациясы көретіні аңғарылады. Әзірге ИИДМ мәліметінше, оның көрсеткіштері жыл сайын құлдырауда екен.

Электр энергиясы мен газды есепке алу аспаптарының отандық өндірісін іске асыратын барлық компанияларының көрсеткіштері "Сайман" корпорациясының көрсеткіштеріне ұқсас: біріншіден, өндірістік қуаттардың жүктемесі 2017 жылы − 76%-ды, 2018 жылы − 85%-ды, 2019 жылы − 75%-ды, 2020 жылы – 60%-ды құрады. Тренд құлдырауды паш етуде. Екіншіден, "Сайманның" тауарлар өндірісінің табыстылық-рентабельділігі 2017 жылы – 25%, 2018 жылы − 22%, 2019 жылы − 18% болды. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіші 9%-ға әзер жеткен. Ендеше күреп табыс табатын заманы артта қалып, шығыны артуда.  

Монополист марқайып, тұтынушы тұнжырауы мүмкін

Сонымен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өзге елдерден есептеуіш әкеп орнатуға толық тыйым салуды ұсынып отыр. Құжатта "тыйым салу, яғни шет мемлекеттерде шығарылатын тауарларды ұлттық режимнен – электр энергиясы мен газды есепке алу аспаптарын алып қоюды белгілеу" деп көрсетілген.

Ведомствоның сендіруінше, сонда шетелдік өндірушілердің отандық нарықта еркінсуі ("еркін болуы мәселесі") 100%-ға шешіледі.

"Электр энергиясы мен газды есепке алу аспаптарын өндіретін отандық барлық компаниялардың көрсеткіштері де жақсарады: біріншіден, өндірістік қуаттардың жүктемесі 100%-ға дейін артады. Екіншіден, "Сайман корпорациясы" ЖШС рентабельділігі ұлғаяды. Қаулы жобасы электр техникалық тауарлардың отандық өндірісін дамытуға, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін 100%-ға дейін жеткізуге серпін береді. Күтілетін нәтижелер: толық жүктелу есебінен жұмыс орындары 12%-ға көбейеді. Қазақстан кәсіпорындарында жергілікті мазмұн үлесі өседі. Мемлекеттік бюджетке салық 30%-ға ұлғаяды", – деді министрлік.

Шыны керек, бұдан қарапайым тұтынушылар зардап шегуі мүмкін.

"Мен әрине, отандық бизнесті дамытуға қарсы емеспін. Бірақ ол қарапайым бұқараның есебінен жүргізілмеуі керек. Мысалы, былтыр мерзімі өткен электр есептеуішін ауыстырдым. "АстанаЭнергоСбытке" барғанымда, "Сайманның" есептеуішін сатып алуға кеңес берді, онысы 25-33 мың теңге тұрады екен. Содан "АЭС"-тің бақылаушысымен жеке келістім, ол ресейлік есептеуішті әкеліп, 15 мың теңгеге қойып берді. Егер күніміз жалғыз "Сайманға" қарап қалса, рентабельділігін көтеруді ойлаған монополист бағасын шарықтата бермек. Олай болса, халықтың баспанасына есептеуіш қоюды мемлекет бюджеттен субсидияласын. Содан кейін шетелдік жеткізушілерге тыйым сала берсін", – дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны Аслан Кәрібекұлы.

Индустрия министрлігі о баста "ішкі нарықтағы үлесін арттыру үшін отандық өндірушілердің аспаптарының бағасын төмендету" баламасын да қарастырыпты. Бірақ одан тез бас тартқан.

"Себебі, бұл отандық аспаптар сапасының және отандық кәсіпорындар беделінің төмендеуіне соқтырады. Құнын арзандатқан жағдайда отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының жүктемесі ішінара өседі. Алайда олардың рентабельділігі төмендейді", – делінген ведомство дайындаған реттеуші әсерді талдау құжатында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу