Отандық туынды – "Әмірені" тамашалап қайтыңыз

Жадыра Қангелді Жадыра Қангелді
21284

"Қазақфильмнің" қатысуымен түсірілген "Әміре" көркем фильмі сәуірдің 5-нен бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды.

Отандық туынды – "Әмірені" тамашалап қайтыңыз

Бара қалсаңыз, бас сұғуға болатындай әжептәуір көркемдік туынды екен. Көзбен жер сызып қайтатындай емес, бір кешке жетерлік эмоция сыйлайды.

Алайда, неге көркемдік? Себебі, әлемнің тарихи кинотуындыларын шырақ алып іздеп тауып, қарайтын мен үшін: "Браво, керемет! Бұл тарихи шедевр" деп баға беру қиындау болды. Мәселен, "Қыз Жібек" фильмін тамашалаудан жалыққан емеспіз. Ал "Әміреге" қатысты мұндайды айтып, сәуегейлік жасайтын адам шыға қоюы екіталай. Әлемдік прокатына қатысты да осыны айтуға болады. Шәкен тірі болғанында, төл тарихымызбен Голливудты тізерлетіп қайтар ма еді.

Жоқ, фильм жаман түсірілмеген. Тұсаукесерінен шыққандар қызды-қыздымен тамаша деуі мүмкін. Фильм барысында жүзі бал-бұл жайнаған журналистерді көрдім: көңіліңді шалқытатын сәттер баршылық. Бір қазақтың жүрегін толқытуға әбден жарайды.

Қара домбыраны асынған Әміре Парижді қалай бағындырғаны сюжеттік желіде жақсы көрсетілген. Дегенмен, Әміренің әніне Париждің не үшін елтігені белгісіздеу көрінді. Мүмкін, фильмнің режиссері Джефф Веспаның өзі 1925 жылғы Экспоға қатыспағаннан болар, бәлкім. Ал қазақтың өнерін паш ету үшін қазақтың жанын түсіну керек шығар. Тап осы жағы Веспаға оңай соқпағаны анық. Сондықтан, баспасөз жиынында режиссер мырзадан фильмнің соңғы минуттарына нендей эмоция салғыңыз келді деп төтелеп сұраған едім.

"Мен Парижде Эбби және өзгелермен достасқан Әміреге олармен қоштасу қаншалықты қиын болғанын жеткізгім келді", – дейді режиссер.

Бір үстелде отырған қазақ мамандар қосылып, фильм халықаралық достықты паш етуді көздегенін тағы бір мәрте еске салғанын айта кетейік. Қысқасы, Джефф Веспа еуро-американдық "сәлемі түзу жігіт" имиджінде қала берді.

"Неге сұйылыңқы" деген сұрағым да болды. Себебі, Әмірені Париж сахнасында көріп, аспандап отырған менің шығармашылық сұранысымды "Парижде Эбби және өзгелермен достасқан Әміре үшін олармен қоштасу қаншалықты қиын болғаны" дейтін соңғы уәж қанағаттандырмады. Әйтпесе, фильм барысында "бес, бес, бес" деп отырған көңілім, сонымен, "төртке" кеп тоқтады. "Әміреге" толық төрт. Өйткені, тарихи киномызды түсіруде де көпвекторлылықты ұстанғандықтан ба, фильмнің идеялық желісінде кейбір кереғарлықты байқауға болады. Мысалы, "Әмірені Парижге апарған орыс ұлты өкілі, ол жағымды киіпкер. Әмірені ұрып-соққан да орыс ұлтының өкілі, ол жаман кейіпкер. Фильмнің өне бойы бұл оқиға трагедиямен аяқталатынын ымдап отырғандай еді, орыс Әмірені өлтірмепті, бұл соншалық жаман емес шығар..." дегендейін. Негізі, бүйтіп жалтақ-жалтақ жәутеңдемей, оданда Әміренің асыл өнерін айқара ашып, жарқыратып, ұғындырып көрсетуге күшті көбірек жұмсауға болатын.

Әрине, белгілі бір дүниеге сан түрлі көзқарас бар.

Сосын, Әміре Париждегі шамы жарқыраған өркениеттік өмірді көріп, мейрамханалатады да, қырық жамау киіз үйіне қайту оңай болмағандай етіп көрсетеді. Қазақта қызық болмағандай. Той-томалақтың "көкесі" бізде болған ғой қай замандарда. Әміре Парижге дейін-ақ соның ортасында жүрді.

Қалай дегенмен, қайталап айтам, "Әмірені" көріп қайтыңыз. Көріп жүргенімізден жаман емес әсте.

Жадыра Қангелді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу