Астанада Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады", – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Сенат депутатының сөзінше, конституциялық реформа аясында Құрылтай төрағасының қызметі регламентке сәйкес айқындалады.
"Ұсыныстармен Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруы, Құрылтайдың кезекті сессияларын өткізу мерзімі нақтыланған. Құрылтай сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті ашады", – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін Конституциялық комиссия "Құрылтай", "Халық кеңесі" бөлімдері бойынша нормаларды талқылағанын жазғанбыз.