Бұл істе қылмысты ауырлататын жағдайлар болды. Ол – қылмыстың төтенше жағдай кезінде жасалғаны, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Істе 51 жәбірленуші бар, іс құжаттарының көлемі 100 томнан асатыны да айтылған еді.
Сот үкімін іс бойынша төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов оқыды.
– Перизат Қайратты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігі негізінде бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді ол.
Перизат Қайрат пен анасынан 50 жәбірленушіге 1,5 млрд теңге өндіріп алынбақ. Ал Ғайни Алашбаева Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған.
Енді ол 10 жыл қайырымдылық қызметпен айналыса алмайды әрі мүлкі тәркіленеді.
Перизат Қайрат та, анасы да жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады.
Бұған дейінгі өткен сот процестерінде айыпталушылардан тәркіленуі мүмкін дүние-мүліктер сөз болған еді.
Сонымен қатар, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның 3,5 миллиард теңгені қайда жұмсағаны да айтылды.
Жәбірленуші тараптың бірі айыпталушыларды танымал алаяқтарға да теңеді.