Расул Жұмалы: "Сайлау – қиял-ғажайыптар әлемі емес, мүмкіндіктер алаңы"

2763

Әкім сайлаудың мән-маңызы неде? Ресейдегі "Фургал құбылысы" Қазақстанда қайталанбауы үшін не істеу керек? Бизнестегідей игілікті бәсекені саясатқа таратудың маңызы неде? 

Расул Жұмалы: "Сайлау – қиял-ғажайыптар әлемі емес, мүмкіндіктер алаңы"

Белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы осы және басқа да мәселелердің шешімін айтты.

– Расул Берекетұлы, бүгін ел күткен әкімдер додасы өтті. Одан алған алғашқы әсеріңіз қандай? Бұл науқанды қалай бағалар едіңіз?

– Қазір Қазақстанда саяси, демократиялық реформалар жүріп жатыр. Соның ішінде ауылдық округ әкімдерін сайлау – демократияны күшейтудің және жергілікті өзі-өзі басқару жүйесін жетілдірудің бір бағыты, шарасы. Негізі, дұрыс қадам деп есептеймін. Тек біраз кешікті. Сонау 90-шы жылдардан бері айтылып келеді.

Демократия халықтың билігі десек, сол халықты күнделікті режимде, жергілікті деңгейде басқаратын әкімдерді азаматтардың сайлауына мүмкіндік бермеу, халыққа сенім артпау дұрыс емес. Бүгінге дейін ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерін халық үшін билік жоғарыдан таңдап, таңып, тағайындап келді. Бұл олқылық түзетілуде. Ауылдықтар енді саяси мәселелерге араласады, биліктегі ауыс-түйіске тікелей ықпал етеді.

Әзірше тек ауыл деңгейінен басталып отыр. Бірақ осы істің ілгерілеп, басталғанының өзі оңды. Жергілікті тұрғындар ауылды кім басқара алатынын, кімнің қолынан іс келетінін жақсы біледі. Бұрындары қазақтар өздері-ақ әр ауылдың басшысын, ел ағасын өзі анықтап алып отырған.

Көңілінен шықпаса, ауылдастар ол әкімді орнынан алып тастау бастамасын көтеру құқығына ие. Демек, сайланған әкім енді жоғары тұрған басшылардың көңілінен шығуды емес, өз сайлаушыларына жағып, берген уәдесін орындауға баса мән береді.

Ауылдық округтер әкімдерін сайлау – тек бастамасы ғана. 2021–2025 жылдар аралығында ауылдағы барлық әкімдер сайланады. Егер осы тәжірибе оңтайлы іске асып, ұтымдылығы мен тиімділігін көрсетсе, аудан, қала әкімдері де сайланатын болады деген үміт бар.

– Бүгінгі сайлауда тек 730 ауылдың әкімі ғана сайланыпты. Неге барлық ауыл әкімін бір күнде тегіс сайлап тастамасқа? Әйтпесе, бұл жолы тек ауыл әкімдері, соның ішінде ауыл әкімдерінің тек бір бөлігі ғана сайланады деген соң қоғам республикалық деңгейде бұл науқанға аса қызығушылық танытпады.  

– Ұлттық кеңесте біз де соны қолай көргенбіз. Негізі, барлық әкімді бір күнде сайлаған дұрыс болатын еді. Дамыған елдерде, Еуропада "бірыңғай дауыс беру күні" деген бар. Барлық өңірде депутаттар мен жергілікті муниципалитет басшыларын бір күнде сайлап тастайды. 

Бірақ елде бұрын мәслихат депутаттары сайлаған әкімдер бар. Олардың қызмет мерзімі тек 2022-2023 жылдары тәмамдалады. Қазақстанда жалпы саны 2 346 ауыл әкімі бар. Олардың 730-ы биыл сайланып, қалғаны өкілеттік мерзімі аяқталған соң, 2025 жылға дейін ауыстырылады.

Сонымен бірге болашақта заңнама өзгеріп, барлығына түсінікті, әрі біркелкі болуы үшін "Бірыңғай сайлау күні" де енгізіліп қалар.

– Жалпы, әкім сайлау қоғам, мемлекет үшін қосымша проблемалар туындатпай ма? Жік-жікке бөліну, кандидаттардың ел ішіне іріткі салуы, этноанклавтардың тек өз ұлтының өкілдерінен басшы сайлауы секілді көріністер ушығуы ықтимал деген болжам бар. Ертең этностар шоғырлана тұратын жерде өз адамын сайлап, онысы қылмысқа барса, оны құзырлы органдар тұтқындаса, сол ұлыс өкілдері: "Біздің адамды босат!" деп көтерілмей ме? Ресейдің Хабар өлкесін "Мәскеу, біз сенің отарың емеспіз!" дегенге дейін жеткізген "Фургал құбылысы" туралы саясаттанушылар көп жазды.

– Ондай күрделі жағдайлар кез келген елде кездесуі мүмкін. АҚШ тарихынан да табуға болады. Оған еш жерде 100 пайыз кепілдеме жоқ.

Қазақстанда трайбализм, сепаратизм мәселелері бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Туысқанға дауыс беру, дауысты сатып алу секілді құбылыстардың да тамырына түбегейлі балта шаба алмайсың. Орындалмас, бос уәдемен билікке ұмтылатындар да болады. Мұның бәрі заң аясында реттелуі керек. Қазіргі заңда біраз жайт қамтылған. Өз кезегінде құзырлы органдар сепаратизмге жол бермеу мәселесінде біраз тәжірибе жинады.

Әйткенмен, тәуекелдер жоқ емес, абайлап басқан жөн. Демократиялық дамуда "артық қыламын деп тыртық қылмау", әлбетте, өте маңызды.

Екіншіден, республикада бюджеттің 4 деңгейі – республикалық, облыс, аудан және ауыл деңгейлері бар екені мәлім. "Биліктің осы деңгейлерінде, мысалы, облыс, аудандағы тағайындалған әкім мен ауылдық округтегі сайланған әкімнің қарым-қатынасы қандай болады? Үйлесімді жұмыс істей ала ма? Өзара қырқысқа, тайталасқа түспей ме?" деген мәселелер бар. Мұндай түйткілдер Ресейде де, дамыған елдерде де бас көтеріп жатады.

Әлемде жергілікті өзін-өзі басқаруды кемеліне келтіреміз деп асыра сілтеп жіберген елдер жетерлік. Ресейде оның соңы мемлекеттің ыдырауына соқтыра жаздады. 90-шы жылдары Татарстан Ресей Федерациясына кіру туралы Федеративтік келісімге қол қоймай қойып, бұл республикамен Мәскеу ұзақ келіссөз жүргізгені есте.

Қырғызстан да ұқсас қиындықтарға маңдай тіреді. Өз өңірлеріндегі жұртшылықтың қолдауына ие болған беделді губернаторлар дүркін-дүркін орталық билікке қарсы шықты. "Мені халық сайлады, халқым маған өз облысымызды өркендетуді тапсырды. Мемлекеттің не Үкіметтің ісімен шаруам жоқ. Салығымды өзімде қалдырамыз, өзге өңірлерді асырамаймыз!" деп шықты. Бұл облыс жұртшылығы үшін әділетті көрінуі мүмкін. Бірақ унитарлы елде бай облыстар дотациялы, кедей облыстарға донор болып, оларды дамытуға үлес қосуға тиіс.

Бізде 14 облыстың 9-ы – дотациялы, өз тапқаны өзіне жетпейді. Егер дәулетті өңірлер табысымен бөліспесе, өзгелер кедейленіп, күйзеледі.

Сондай-ақ халықаралық дәлізге айналар стратегиялық магистраль салу, ортақ шекараны нығайтатын шараларды жүзеге асыру қажет болады. Сайланған әкімдер: "біздің тұрғындарымыз оның біздің аумақтан өтуіне қарсы, бізге ондай шаралар қажет емес" деп қарсы шығуы мүмкін.

– Сонда мұны болдырмау үшін не істеу қажет?

– Елді орталықтан басқару жүйесіне, мемлекетіміздің унитарлығына, жеріміздің бүтіндігіне нұқсан келтірмеу, оны бұзып алмау керек.

Бұл ретте әр деңгейдегі әкімдердің нақты жауапкершілігін белгілеу, құзыреттерінің ара-жігін нақты ашу, қарама-қайшылықтарды уақытында жойып отыру маңызды.   

Бірақ проблема болады деп сайлауды кейінге ысыра беруге болмайды. Әкім сайлау мәселесі 90-шы жылдары көтерілген. Содан бері өзге елдердің тәжірибесін байқайық, заңды жетілдірейік, қоғамды дайындайық, қазақстандықтардың саяси мәдениетін көтеріп алайық деп сылтауратып, сырғытумен келеміз. Оппозиция тарапынан да "қатысуға дайындалып үлгермей қалдық" деген сөз айтылды. Қашанғы күтуге болады?! Бүгін бастамасақ, тағы ширек ғасырға шегереміз бе?

Қателіктер болады. Ештеңе істемейтін қоғам да қателесуі мүмкін. Демократия, құқықтық мемлекет құру, азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндіктерін кеңейту үшін осыны бастағанымыз дұрыс болды. Осылай-осылай ысылады. Тиісті дәстүрлер орнығады. Алғашқы тәжірибені қорытындылау негізінде заңнама кемеліне келтіріледі. Қазір әкім сайлауға салғырт қараған ауылдар келесі жолы оянып, сайлауы саяси тартыспен өтеді деп болжаймыз. Ауылдастар әкімді тікелей өзі сайлайтынын, оның өзіне тәуелді болатынын сезінеді. Біреу сырттан келіп, істеп береді деген бос қиял болмауы керек.

Сайлау – қиял-ғажайыптар әлемі емес, мүмкіндіктер алаңы. Жергілікті халық үшін көп мүмкіндік ашқан тұлғалар түбі тарихта аты қалар ел ағасына, жергілікті көшбасшыға айналады.

– Бұл сайлау қаншалықты бәсекелі, баламалы өтті деп ойлайсыз?

– Біріншіден, аумақтық сайлау комиссияларының дерегінше, 730 сайлау округі бойынша сайысқа түскен 2 297 кандидаттың басым көпшілігі – 1 419-ы өзін-өзі ұсынғандар көрінеді. Тек 878-ін ғана 6 партия ұсыныпты. Өз бетінше белсеніп, әкім болудан үміттенген 2 582 адамның 2 297-сін немесе 88,9%-ын билік ресми тіркеп, сайлауға жіберген. "Бұл сайлау өтірік, тек билік адамдары ғана қатысады, бізді бәрібір жібермейді" деген әңгімелерді естідік, онысы теріс болып шықты. Мұның өзі бәсекелестік.  

Екіншіден, 1 орынға орта есеппен 3 кандидаттан келеді. Павлодар облысында кей ауылдық оругтерте бір орынға 6 үміткер таласқан.  Яғни, таңдау да, балама да бар. Бұрынғыдай облыс әкімі мәслихат депутаттарына қос үміткерді ұсынып, ұнаса да, ұнамаса да осы екеуінің бірін таңда деген мәселе бүгінде жоқ.

Бұрын тек саяси партиялардың үміткерлері ғана қатыса алатын, енді заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі ұсынушылар да қатысып, партиялықтарға жақсы бәсеке құрды.

Бәсекелестік кез келген саланың жетілуінің алғышарты. Ол жоқ жерде бәрі іріп-шіриді, жемқорлық жайлайды. Бизнесте де, экономикада да адал бәсекелестік орнамаса, өнімнің сапасы төмендейді, бағасы тоқтаусыз шарықтайды. Саясатта да солай. Тек бәсеке-дода арқасында кілең мықтылар, қолынан іс келетіндер суырылып алға шығады. Ондай бәсекелестікті тек сайлау арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз.

– Сайлауға орай ауылға барып, жергілікті жұртшылықпен тілдесе алдыңыз ба? Халықтың көңіл күйін біліп...

–Жоқ. Өкінішке қарай дәл осы сайлау алдында ауылдарды аралап, жергілікті тұрғындармен араласуға мүмкіндігім болған жоқ. Карантин шектеулері ықпал етті. Өзім де ауырып, карантинде отырдым. Алайда әртүрлі көздерден ақпараттармен танысып, жағдайды біліп отырмын. Тіпті әкімдер сайланып жатқанын білмейтін адамдар бар. Сайлау өтпей жатып, оның қорытындысынан көңілі қалғандар, одан нәтиже шығарына сенбейтіндер бар. Біздің қоғамда сайлауға деген сенім лайықты деңгейде емес.

Дегенмен, статистиканы қарап отырмын, 19 миллиондай халқымыздың 1 миллион 200 мыңы, яғни ауылдық округ тұрғындары осы сайлауға қатысу құқығына ие екен. Оның көбісі осы мүмкіндігін пайдаланған. Әжептәуір қызығушылық бар. Кейбір жерде бұзушылықтар байқалған. "Бірер бюллетенді артық салып жіберді", "әкімшілік ресурс қолданылды", "кешегі тыныштық күнінде де кейбір кандидат үгіт жүргізді" деген хабарлар түсуде. Бірқатар ауыл тұрғындары "біз танымайтын, білмейтін үміткерлер сайлауға түсіпті" деп жатыр.

Бұл олқылықтар тіпті дәлелденгеннің өзінде сайлау нәтижелеріне сонша көп әсер ете алмаса керек.

Әкім сайлауға әркім әртүрлі баға беруде. Бірі: "бұл сайлау көзбояу, құр алдау" деп жатыр. Қоғамның енді бір бөлігі "бұл – дұрыс бағыттағы алғашқы қадам" дейді. Мен осы соңғысына жатамын. Жоқтан бары жақсы.

– Облыстар мен мегаполистердің әкімдерін де сайлауға қалай қарайсыз?

–Бұл ойластыратын мәселе. Мысалы, Алматының тұрғындары айтады: "Неге біз өз әкімімізді өзіміз сайламаймыз? Неге бізге Сағынтаевты жоғарыдан түсіреді? Біздің саяси мәдениетіміз жоғары" дейді. Бір жағынан өңірлер әкімін де сайлау – қуатты демократиялық қадам. Екінші жағынан – әлгінде айтқанымыздай, мемлекетіміздің унитарлы қалпына залал тигізіп алмау маңызды. Мемлекеттің төл стратегиялық мақсаттары болады. Оларды орындауда негізгі салмақ өңірлерге түседі. Олар оны сөзбұйдаға салмай, шұғыл орындағаны абзал. Осы екі мәселе арасында ара-салмақты сақтайтын теңгерімді шешім табылса, өңір әкімдерін де сайлауға болады. Әйтпесе, "барлық әкіміңді, соттарыңды біз, билік, жоғарыдан тағайындап беріп отырамыз" дегенмен келісуге болмас. Мәселен, Павлодардағы Қоңырөзек ауылына жақында жергілікті депутаттар әкім етіп сайлаған кәсіпкер "бөтен" жерде 1 тәулікке әзер шыдап, көпшілік сенімін тәрк етіп, қалаға қайтып кеткен.

Өңірге сырттан келген адам жергілікті проблемаларды жете білмеуі, туған өлкесі болмағасын, жаны ашымауы мүмкін. Ол үнемі орталыққа оралуды аңсаса, қаншалықты жауапты, жұртқа жағымды әкім болады?!

Президентіміз керемет, Үкіметіміз тамаша болсын, бірақ егер аймақта әр ауыл, ауданның ерекшеліктерін, қажеттіліктерін білмейтін, оны шешуге санасы жетпейтін әкім отырса, іс оңбайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу