banner

Ресей бізден 3 миллион жұмысшыны алып кетуі мүмкін

4174

Ресейлік сарапшылар анықтағандай, РФ жұмыс күші бойынша соңғы отыз жылдықтағы ең терең құрдымға құлады. 

Ресей бізден 3 миллион жұмысшыны алып кетуі мүмкін Фото: inbusiness.kz

Мәскеудің көрші елдерді қосып алуға тырысуының бір себебі де сол болуы мүмкін.

Таяуда, 24 мамырда, Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық форумда Қ.Тоқаевтың айтқан сөзі ақпарат айдынын дүрліктірді. Халықаралық сарапшылардың ойы сан-саққа жүгіріп, түрлі тоқтам жасады.

"Әлемдік саясат тарихында бірегей прецедент жасалды: "екі ел – бір мемлекет" формуласы бойынша мемлекет құру феномені қалыптасты... Ресей мен Беларустің саяси, заңнамалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бір. Ортақ одақтық үкіметі, бірыңғай одақтық парламенті бар. Мен әрине, кешірім сұраймын, бірақ олардың бүгінде ядролық қаруы да ортақ", – деді Қазақстан Президенті.

Қ.Тоқаев осы жағдайда Еуразиялық одаққа мүше, бірақ әлгі қос елдің одағына кірмейтін Қазақстан, Қырғызстан және Арменияның қайда қалатыны және алда осы түрлі интеграциялық деңгейлерде қалай жұмыс істеуге болатыны үлкен, концептуалды сұрақ екенін нықтады. Ол осы проблеманы жан-жақты талқылауды ұсынды.

Әзірге Ресей 9 млн 200 мыңнан астам халқы бар Беларусьті толық "жұтып" қойған жоқ.

Сондықтан Ресейдің өзіндегі жұмыс қолы, Росстаттың дерегінше, 2023 жылдың ақпанында 74,9 млн адамды құрады. Салыстырсақ, Росстаттың мәліметінше, 2022 жылғы қарашада РФ-тағы жұмысқа жарамды азаматтардың саны 75,3 миллион болыпты. Яғни, қарқынды түрде азаюын жалғастырды.

"Коммерсантъ" дерегінше, былтырдың өзінде еңбек нарығындағы РФ жұмысшыларының саны бірден 6 миллион адамға азайған. Бұған тоқсаныншы жылдардағы бала туу көрсеткішінің күрт құлдырауы, пандемия кезінде жүздеген мың (ресми дерек бойынша 398 мың) адамның жан тапсыруы, соғысқа қарсы көзқарастағы әйел мен ер мамандардың шетелге жаппай релокациялануы, әскерге жарамды азаматтардың мобилизациядан қашып, шетелге ауып кетуі сияқты факторлар ықпал еткен.  

Росстат 2022 жылдың өзінде Ресейде кем дегенде 3 миллион жұмыс күші жетпейтінін жария етті. Бұл білікті мамандар емес, жүргізуші, дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик және басқа жұмысшылар. Биылғы қажеттілік көлемі жария етілген жоқ. Бірақ солтүстік көрші шетелден тағы да миллиондаған мигрантты алғызуға мәжбүр болатыны анықталып отыр.

Егер Украинаның қарсы шабуылы барысында Мәскеу 2,4 миллионнан астам тұрғыны бар Қырым республикасынан және Севастопольдан айрылып қалса, онда жұмыс күшінің тапшылығы тіптен ушығуы ықтимал.

Politico хабарлауынша, Ресейде бүгінде сонау 1996 жылдан бергі жұмыс күшінің ең жоғарғы тапшылығы байқалады. Жаңа деректер көрсеткендей, ресейлік өнеркәсіптік кәсіпорындардың үштен бірінен астамы жұмысшылар жетіспеушілігіне тап болды.

"Тапшылық ішінара былтырғы қыркүйекте басталған мобилизациямен де байланысты. Жаңа зерттеулер билік басына Владимир Путин келгелі жұмыс күшінің тапшылығы тек өрши түскенін әшкереледі. Бұл көрсеткіш енді Украинаға шапқыншылық аясында шырқау шегіне жетті. Егор Гайдар атындағы ресейлік Экономикалық саясат институты өткізген зерттеу барысында шамамен 1 мың өнеркәсіптік кәсіпорын басшылары арасында сауалнама жүргізілген. Оның қорытындысында биылғы сәуірде ресейлік кәсіпорындардың 35%-ында жұмыс қолы жетпей жатқаны анықталды. Институт мұның 1996 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш екенін мәлімдеді", – деп жазады Politico.

Жалпы, биылғы сәуірде Путин де "елде жұмыс қолы жетпей жатқанын" мойындаған болатын. Бірақ бұл проблеманы өрістете түсетін басты проблемадан арылмады, яғни соғысты тоқтатып, ер-азаматтарын Украина аумағынан кері шақыртпады.

РФ Экономикалық даму министрі Максим Решетников жергілікті сарапшыларды торықтырған үрейлі болжамын жасады және кадрлардың аз қалуы, еңбек өнімділігінің құлдырауы "Ресейдің аман қалуының мәселесіне айналғанын" жеткізді.

Гайдар институтының Конъюнктуралық сауалнамалар зертханасының меңгерушісі Сергей Цухлоның айтуынша, Ресейдегі "кадрлық аштық" рекордтық дәрежеге жетті. Одан әсіресе, жеңіл өнеркәсіп салалары қатты зардап шегіп жатқан көрінеді.

РБК мәліметінше, кадрлық проблема "Украинадағы әскери қимылдар басталғалы бергі ресейлік өнеркәсіптің өсімін тежеген негізгі проблеманың біріне айналды".

"Кадрларға қатысты түйткіл – кесірі ұзақ жылдарға созылатын салмақты проблема. Өйткені жұмысшылар, адамдар тез арада жасай қоятын ресурс емес. Оның үстіне кадр тапшылығы дүркін-дүркін, толқын-толқынмен өсіп барады. Былтырғы 2022 жылдың қаңтарында, постковидтік кезеңде кәсіпорындардың 26% қызметкерлердің жетіспеушілігін сезінген. 2022 жылғы қазанда, ішінара мобилизациядан кейін кадрлық дефицитке душар болған кәсіпорындардың үлесі 33%-ға жетті. Ал 2023 жылғы сәуірде  рекордтық 35% көрсеткіш тіркелді. Кадрлық аштық жеңіл өнеркәсіпті тұралатып жатыр. Оның салаларындағы кәсіпорындар өздері үшін білікті жұмысшылар даярлауға тиіс мамандандырылған оқу орындарының жоқтығын ашық айтып, жанайқайларын жеткізді", – деді Сергей Цухло.

Ол санкциялар аясында ресейлік нарық шетелдік көптеген қымбат брендттерден де, сонымен қатар қолжетімді өнім ұсынатын бұқаралық брендтерден де арылғанына назар аудартты. 

"Босаған орындар шынында фантастикалық деңгейге жетті. Бірақ жеңіл өнеркәсіпте олардың орнын басатын, ауыстыратын ешкім жоқ деуге болады. Жоқ өнімдер қалпымен Қытайдан тасылуда. Бұл елді Қытайға тәуелді етеді", – деді ресейлік экономист.

Сарапшылардың байламын мемлекет те растады. Росстат биылғы наурызда жұмыссыздық деңгейі небары 3,5% болғанын жариялады. Бұл Ресейдің бүкіл жаңа тарихындағы ең төменгі көрсеткіш, антирекорд. Бұдан да тапшылық "лебі" еседі.

Гайдар институтының зерттеулеріне пікір қосқан ресейлік экономистер "РФ өнеркәсібі стагнация қарсаңында тұрғанын және өнімнің орнықты өндірісіне оралуға ешқандай анық алғышарт жоқтығын" ескертті.

Іргедегі алып көрші тоқырап, кері кетуде. Деградацияға ұшыраған Ресей өзінің құрамына кіруге аз-ақ қалған Беларуске ғана емес, Қазақстан сияқты одақтастарына да залал келтіруі мүмкін. Себебі, әлемнен оқшауланған ол жұмыс күшін негізінен біздің аймақтан тартатыны мәлім. Елімізде жұмыс қолы онсыз да қат болып тұрған тұста Ресейдегі бұл дағдарыс Қазақстанға сор болып жабыспаса, игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу