Ресейдің идеологиялық шайқасын Қазақстанға көшіру қажет пе?

2102

Солтүстік көршінің "әскери операциясын" қолдайтын кейбір қазақстандықтар Ресейдегі тыйымдар мен шектеулерді Қазақстан Үкіметінің сақтауын талап ете бастаған ба?

Ресейдің идеологиялық шайқасын Қазақстанға көшіру қажет пе?

Биылғы 24 ақпанда Ресей мен Украина арасында әскери шиеленіс басталғалы іргедегі алпауыт мемлекет қаптаған шектеу-тыйым енгізіп тастады. Көршіде соғысты "соғыс" деп айтуға рұқсат етілмейді. Салдарынан, кейбір дерек бойынша "Соғысқа жол жоқ!", "Әлемге бейбітшілік" деген сияқты бітімге шақырған, сондай ұран-жазба ұстап, көшеге шыққан 17 мыңнан астам ресейлік ұсталған.

Ресейде билік саясатымен үйлеспейтін ұстанымдағы, өзгеше пікірдегі адамдарға микрофон және диктофон ұсынып келген көптеген ақпарат құралдары жабылып тынды. Әлеуметтік желілер бұғатталуда. РФ Бас прокуратурасы 11 наурызда сотқа талап арыз түсіріп, Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріне ие Meta компаниясын "экстремистік ұйым" деп тануды талап етті.

Enterprise Legal Solutions заңгерлік компаниясының басқарушы серіктесі Юрий Федюкиннің түсіндіруінше, егер ресейлік сот Метаны "экстремистік" деп таныса, онда Facebook пен Instagram-да жарнама-таргет орналастырған адамдар "экстремизмді қаржыландырушы" деп айыпталуы мүмкін. РФ Қылмыстық кодексінің 282.3-бабына сәйкес, бұл қылмыс үшін адам 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Заңгерлердің айтуынша, өз тұғырнамаларында мысалы, "бөлісе отырыңыз" деп жай ғана Facebook және Instagram логотиптері бар кнопканы орналастырған ресейлік сайттардың өзі зардап шегуі мүмкін. Өз кезегінде "Роскомнадзор" Ресейде алдымен Facebook-ті, ізінше Instagram-ды бұғаттап тастады. Ресейде сондай-ақ украиналық, батыстық медиа ресурстар, интернет сайттар бұғатталған.

Көршідегі адам сенбес, тосын өзгерістерге қазақстандықтардың бір бөлігі шошына қарап отырғаны жасырын емес. Халық Ресейдегі тыйымдар Қазақстанға таралмай ма деп қауіптенеді. Негізді ме?

"Құрметті министр! Қазақстан аумағында келесі ресурстарға сілтемені бұғаттап тастаңыз. Ол ресурстар ұлтаралық араздықты, әскери іс-қимылды насихаттайды. Ол ресурстардың бәрі оппозициялық болып табылады. Оларда кейде Мұхтар Әбілязов эфирге шығып, сөйлеп тұрады. Бұлар www.currenttime.tv ("Настоящее время" телеарнасы), tvrain.ru ("Дождь" телеарнасы). Олар өз сайттарында телеарнасын дамыту үшін елден ақша да сұрайды", – деп өтінішпен қайырылды Ақпарат және қоғамдық даму министріне қазақстандық интернет пайдаланушы, Павлодар тұрғыны Максим Царёв.

Бұл ресурстар Ресейде бұғатталды.

Билік не дейді?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл өтініштің қаралғанын хабарлады.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде интернет-ресурстардың қызметін уақытша доғару және тоқтату тәртібі "БАҚ туралы" және "Байланыс туралы" заңдарында айқындалған.

Министрлік "интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу шаралары тек Қазақстанның қолданыстағы заңнамасын бұзу нышандары бар материалдар анықталған кезде ғана қабылданатынын" нықтады.

"Түскен өтініш негізінде министрлік сонда көрсетілген сілтемелер бойынша орналастырылған tvrain.ru, currenttime.tv және бірқатар Youtube-арналарға мониторинг жүргізді. Оның барысында олардың Қазақстан заңнамасы талаптарын қаншалықты сақтайтыны, соның ішінде ұлтаралық араздықты қоздыратын ақпараттарды тарататын-таратпайтыны тексерілді. Аталған интернет-ресурстарды және сілтемелерді мониторингтеу қорытындысында олардың Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасын бұзғаны анықталмады. Сондай-ақ ол интернет-ресурстарда М. Әбілязовтың эфирге шығып тұратыны расталмады", – деп жауап берді Ақпарат министрлігі.

Ведомство жедел ден қою үшін қазақстандықтарға өз өтініштерінде Қазақстан заңнамасын бұзатын материалдардың скриншоттарын, атауларын, оларға нақты сілтемелерді көрсетуге кеңес береді.

Саясаттанушы, құқықтанушы Зейін Сабырқұлов Қазақстанның басшылығына, Үкіметіне қазір үлкен қысым түсіп тұрғанына назар аудартты.

"Мұндай қыспаққа төзу, сынбай, шыңдалу үшін қайсарлық, өжеттік керек. Бұға берсең, сұға береді дейді ғой қазақ. Сондықтан осы тар жол, тайғақ кешуде Президентімізге және оның командасына халық болып, қолдау көрсетіп қойғанымыз жөн. Ресей басшылығынан бір айырмашылығы, біздің басшыларымыз Президентімізден бастап, әлеуметтік желіні кең пайдаланады. Бұл қоғаммен диалогты сақтау үшін керек. Демек әлеуметтік желілерді жабудың қажеті жоқ. Егер Ресейдің интернет-ресурстарға қатысты тыйымдарын қабылдасақ, оның әлемге қарсы идеологиялық шайқасын өз даламызға көшірген боламыз. Сондықтан Қазақстанның қазіргі бейтарап позициясын ары қарай табанды ұстана берген жөн", – деді сарапшы.

Оның үстіне алдағы сәрсенбіде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстандағы демократияны күшейтуге бағытталған тың, тарихи бастамаларын жария етеді деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу