Кеше ғана Криштиану Роналду кәсіби мансабындағы 936-шы голын тойлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сауд Арабиясы чемпионатының 34-турында "Әл-Наср" клубының шабуылшысы "Әл-Фата" командасы қақпасынан саңылау тапқан. 40 жастағы португалиялық ойыншы өзінің жеке рекордын әлі де жалғастыра түспек.
Роналду үшін бұл – спорттық мансабындағы 936-шы, клубтық деңгейдегі 800-ші мерейтойлық голы. Криштианудың "Спортинг", "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид" және "Ювентус" клубтарында допт тепкенін білмейтін футболсүйер қауым жоқтың қасы. Ол қазіргі уақытта Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубында ойнайды.
Осы маусымда даңқты футболшы өз чемпионатында 25 рет мергендігімен көзге түсіп, турнирдің "ең үздік бомбардирі" атағын еншіледі. Роналдудан кейінгі орындарға "Әл-Ахли" клубының шабуылшысы Айвен Тоуни (23 гол) мен "Әл-Иттихад" клубының форварды Карим Бензема (21 гол) орналасқан.
Бұған дейін Роналдудың әлемдегі ең табысты футболшы болуын жалғастыра беретінін жазған едік.