Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын ресми құрамды жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тізімге 27 футболшы енгізілген. Кейін ФИФА талаптарына сәйкес бір қосымша қақпашы құрамнан шығарылады.
Сондай-ақ Португалия құрамасы былтыр өмірден өткен шабуылшы Диого Жота құрметіне символикалық түрде "27+1" формуласын қолданатынын мәлімдеді.
Команда капитаны Криштиану Роналду мансабындағы рекордтық алтыншы әлем чемпионатына қатысады. 41 жастағы шабуылшы осылайша әлем чемпионаттары тарихындағы ерекше жетістігін жалғастырмақ.
Құрама сапына Бруну Фернандеш, Бернарду Силва, Жоау Канселу, Рафаэл Леау және Жуан Феликс секілді танымал ойыншылар да енді.
Ал қақпашы Рикардо Велью команда жаттығуларына қосалқы ойыншы ретінде шақырылғанымен, ФИФА бекітетін соңғы 26 футболшының қатарына кірмейді.