"Шенеуніктерден гөрі ата-анам – нағыз патриоттар": Бибісара Асаубаева спорт министрлігінің жауабын сынға алды

649

Спортшы желіде жазба жариялады.  

"Шенеуніктерден гөрі ата-анам – нағыз патриоттар": Бибісара Асаубаева спорт министрлігінің жауабын сынға алды Фото: kazchess.kz

Танымал отандық шахматшы Бибісара Асаубаева Туризм және спорт министрлігінің жауабын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Интеллектіге басымдық берілмей ме? Мен Спорт министрлігінің ресми жауабын мұқият оқып шықтым. Онда "шахматтың басым емес спорт түрлеріне жататыны" жазылған. Расын айтсам, бұл сөйлемді бірнеше рет оқыдым. Таяуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  елдің стратегиялық бағытын айқындап, "Қуатты ұлт мықты интеллектіден басталады. XXI ғасырдағы негізгі ресурс – шикізат емес, білім" деген болатын. Әлемнің жетекші елдерінде шахмат жай ғана спорт емес, бұл стратегиялық ойлау, интеллектуалдық капитал және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің белгісі. Егер шахмат басымдыққа ие болмаса, онда Президент мені II және III дәрежелі "Барыс" ордендерімен не үшін марапаттады деген сұрақ туындайды", – деп жазды гроссмейстер желідегі парақшасында.

Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте бесінші орында тұрғанын атап өтті.

"Спорт министрлігінің жауабынан шенеуніктерден гөрі ата-анамның нағыз патриоттар әрі елдің интеллектуалдық болашағының инвесторлары екендігі туралы қорытынды жасауға болады. Қазақстанның болашағы интеллект, білім, ғылым және адам капиталының сапасымен айқындалады. Спорт министрлігінің ұстанымы Президенттің бағытымен үндесе ме? Өйткені шахматқа деген көзқарас – интеллектіге деген көзқарас. Спорт министрі шамасы басқа бағыт ұстанып отыр", – делінген жазбада.

Айта кету керек, күні кеше Спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап бергенін жазғанбыз. Шахматшы Президенттен көмек сұрап, желіде үндеу жасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу