Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар сотталушыларға ең ауыр жазаны тағайындауды сұраған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2 айдан аса уақытқа созылған сот процесіне бүгін аяқталды.
Бұған дейін қылмыстық іске басты күдіктілердің бірі саналған Абзал Шынасыл 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 99-баптың 2-бөлігі 5, 9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-баптың 3-бөлігі – 99-баптың 2-бөлігі 1, 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу) бойынша (жазаларды ішінара қосумен бірге) кінәлі деп танылып, оны 23 жылға бас бостандығынан айыру сұралған еді. Судья Ержан Жанұзақов бүгін оған 23 жыл сот үкімін оқыды.
Сондай-ақ, прокурорлар 20 жыл сұраған Равиль Сәкиев (қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу), (жазаларды ішінара қосумен бірге) енді 20 абақтыда жазасын өтейтін болады. Яғни, прокурорлардың сұраған жазасы өзгеріссіз қалды.
Атышулы іс барысында бұзақылық (293-бабы 3-бөлігі) және (188-бабы 1-бөлігі) ұрлық жасады деп айыпталған Азамат Тоқтаубаевқа (өтелмеген жазаларды ішінара қосумен бірге) 15 жыл ұсынылған еді. Соңғы сөзінде "Өзімді қоғамға қауіптімін деп есептемеймін" деген ол сот үкімімен 15 жылды арқалап кете барды.
Мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде күдікті Нұрқияс Ілиясовты қылмыстық кодекстің 293-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, қылмыстық кодекстің 60-бабына сәйкес, оған 04.04.24 жылғы Талғар аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазаның бөлігін ішінара қосу арқылы түпкілікті 9 жылға бас бостандығын айыруды сұраған болатын. Сот үкімі бойынша Ержан Жанұзақов оған бүгін 9 жыл жаза кесті.
Осыған дейін қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл бас бостандығын шектеуге сұралған Дархан Әскентай, Шыңғыс Белғожаев, Дидар Қалиахмет, Нұрбол Тоқтаубаевтар да әрқайсысы 7 жылға сотталды.
Ал кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа 434-бабымен (қылмысты жасыру) кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру көзделген еді. Бүгінгі сот процесінде оған сотталушылар арасындағы ең жеңіл жаза (1 жыл, 6 ай) тағайындалды.
Бұған дейін Шерзат Полат ісіне нүкте қойылып, сот үкімі оқылатынын хабарлаған едік.