ШҚО: Дамбы жарылып, егіні қураған ауылдар кімнен көмек сұрарын білмей отыр

3747

Күршім өзеніндегі ескі дамбының жарылуы егін егіп, малмен күнелтіп отырған күршімдіктердің күрделі проблемасына айналды.  

ШҚО: Дамбы жарылып, егіні қураған ауылдар кімнен көмек сұрарын білмей отыр

Қыстың қамын жаз ойлап жатқан ауыл тұрғындары дамбыны өз күшімен бітеуге тырысқанымен, шама жетер емес. Ал өзенді өз балансына алған Қазсушар мекемесі аудандағы басқа мекемелерден техника сұраумен шектеліп, мәселені толық реттей алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жауғаштымен жан бағып отыр едік...

Жалпы Күршім ауданындағы Күршім өзенінің ұзындығы – 213 шақырым. Өзен Сарымсақты және Күршім жоталарынан басталып, Бұқтырма су қоймасына құяды. Жоғары ағысының аңғары тар, шатқалды, ені 30-50 метр болса, кей жерде 80 метрге дейін барады. Ағысы қатты, суы мол өзендердің бірі. Суының 65%-ы еріген қардан, мұздан, ал 35%-ы жерасты суынан келеді.

Ауданда осы өзеннің суын егінге пайдаланып отырған ауыл көп. Күршімнің әйгілі қарбызын өсіріп, шаппасын суарып жатқан ауылдар таяуда үлкен мәселемен бетпе-бет келді. Нақтырақ айтқанда, Күршім өзенінің Көмей деген жеріндегі дамбы жарылған. Бұл бөген арқылы су Күршім өзенінен бөлініп шығып, Жауғашты каналына жетуі керек-тін. Дамбы жарылғандықтан, Жауғашты арқылы жанын бағып отырған Бірлік, Сарыөлең және Барақ батыр ауылдары егіні сусыз қалды.

"Күршім өзенінің биылғы деңгейі онсыз да төмен. Қар аз түсті. Жауғашты каналы арқылы су келмей қалғандықтан, Сарыөлең, Барақ батыр және Бірлік ауылдарындағы мыңдаған гектар егін, шаппа, қауын-қарбыз, қыл аяғы бақшаға су келмей қалды", – дейді Сарыөлең ауылының тұрғыны Қымбат Қасабаев.

Ауыл тұрғынының айтуынша, жарылған дамбының асты тастан қаланса, беті темірмен дәнекерленген екен. Енді осы дамбы жарылып, су Бұқтырмаға ағып кетіп жатыр.

"Техниканы Облшығысжол деген асфальт зауытынан сұрап алдық. Ауыл әкімдігі жіберген. Проблеманы айтып, бәріміз шулағаннан кейін, Күршімнің әкімдігі адамдарды жұмылдырып, бастап істеп жатқаны ғой. Ауыл әкімдігінде жыл да жарылып кеткен дамбыны бітейтін жағдай жоғын көріп отырмыз. Үлкен техника керек. Негізі мәселе – анау тұрған дамбыны жөндеп, бітеу керек. Кімнен көмек сұрарын білмей отырмыз",– дейді ол.

Сарыөлең ауылының тағы бір тұрғыны, шаруа қожалығы бар Ержан Қойлыбаев болса келесі жылы үш ауылға мүлде судың келмей қалу қаупі барын айтады.

"Жаз ортасында су тасып тоқтағаннан кейін бері қарай су мүлде шықпай қалайын деп тұр. Қазір Батыс Қазақстанда құрғақшылықтан малдың қырылып жатқанын естіп жатырмыз. Бізде де шөп жоқ. Маңайдағы Бурабай секілді ауылдардың бәрі Сарыөлең мен Күршім ауылдарынан шөп аламыз деп сеніп отыр. Ал бізде су болмай қалса, шаруа бітті дей беріңіз", – деп қынжылады Ержан Қойлыбаев.

Қазсушар не дейді?

Су арнасына жауапты Қазсушар мекемесінің Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы директорының орынбасары Дәулет Ақылбекұлынан мәселенің мәнісін сұрап көргенбіз. Мекеме өкілінің айтуынша, өзеннің деңгейі жазда түсіп кетеді де, Жауғашты каналына су бармай қалады.

"Содан өзенге өзіміздің техникамен дамбы жасағанбыз. Қазір каналда су бар. Жаңа ғана сөйлесіп, біліп отырмын (13 маусымда сөйлескен күні). Бөгеннің деңгейі көтерілді", – дейді ол.

Аталған ауылдардың халқы су арнасының уақтылы тазартылмайтынын айтып, Қазсушар мекемесіне шағымданған болатын. "Өзен арнасы неліктен тазартылмайды" деген сұрағымызға мекеме басшысы:

"Тасқын кезінде суға түсе алмаймыз. Өзенде су деңгейі үлкен. Су келер алдында арнаны тал-тоғайдың бәрінен тазалап, жұмыс бастағанбыз. Өзеннің деңгейі түсіп кетеді де, каналда су азайып қалады. Бірақ су мүлде жоқ емес. Сондағы бір адам инстаграмға "ауылды су алып жатыр" деп жалған хабар таратып жіберіпті. Каналға су жеткізе алмай отырғанда, ауылды қалай су алып кетеді? Уақытша дамбы салдық. Бірақ каналды толығымен қайта жөндеу керек. Ол үшін Азия Даму банкіне өтінім бергенбіз. Бірақ бұл мәселе қазір тоқтап тұр. Қайта жөндеу жұмыстарына шамамен 700-800 млн теңгедей қаражат керек", – дейді ол.

Мекеме өкілінің жауабына сенсек, бөгенді қайта жөндейтіндей қомақты қаражатты банк әлі мақұлдамаған.

"Ақшаны аудару жағына келгенде кез келген банк немесе меморган сол қаражатты жұмсау ісі – ойға қонымды ма, жоқ па қарайды ғой. Канал суара алатын 3 мың гектар жер бар. Игеріліп, егіліп жатқан аумағы – шамамен 3 мың гектар. Бүгінгі таңда сол жердің 1200 гектары ғана суарылады. 3 мың гектар жер суарылған күннің өзінде ол жерден 3-4 млн теңгедей ақша түседі. Сол ақшаға техника, солярка алып, уақытша дамбы салып отырмыз. Бірақ қайта жөндеу жұмыстары болса, су жіберетін қақпаны ашып, жаба салып, отырар едік. Тек бір-екі күнге келіп, техникамен жетіп болғанша, халыққа су бармай қалған. Содан кейін шу басталды ғой..." , – деп есептейді Қазсушар мекемесінің өкілі.

Алдағы уақытта сонда жұмсалатын қаражат ақталмайтындықтан қаржы бөлінбейді деп, үш ауылдың халқы егін сусыз қалғалы тұр ма? Мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз? Жаңа ғана сол жақтың халқы хабарласып, сіздерден ешқандай өкіл келмегенін айтып жатыр. Бұл қалай? Бұл сұрақтарымызға мекеме өкілі нақты жауабын бере алмады. Тек айтуынша, қайта жөндеу жұмыстары аудан түгілі, облыс бюджеті де көтере алмайтын жүк болып тұр.

"Өзіміздің күшімізбен техника апарсақ та, мәселені шешуге тырысамыз. Техника жұмыс істеп жатыр. Өзеннің ортасына дейін барды. Дүйсенбі күні бұйырса, эксковатор апарамыз. Канал жаққа барып, өзеннің арнасын қазып, тиісті жұмысты жүргіземіз", – деп шектелді мекеме өкілі.

Арнаны тазалағаннан проблема шешілмейді

Жергілікті билік өкілдеріне де осы мәселемен қоңырау шалып көрдік. Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев дүйсенбі күні бөгеудің басына үлкен шынжыр табанды эксковатор апарылғанын хабарлады. Бүгін де бөген басында халықтың өзі жиылып жұмыс істеп жатыр екен. Аудан әкімдігі одан бөлек Күршім ауданындағы орман шаруашылығына хабарласып, бөгеудің ашылып кеткен жерін ағашты көлденең қойып, уақытша жапқанға 20 куб ағаш сұрап хат жазған екен. Тиісті мекеме ағаш беруге келісіпті.

"Бүгін немесе ертең орман шаруашылығының жұмысшылары оны дайындайды. Кескен ағаштармен бітеп, бөгеу салады. Содан кейін судың бағытын каналға қарай осылай бұрғымыз келеді. Ал енді анау суды толығымен бітеп тастауға болмайды. Өйткені одан төмен қарай Күршім, Топтерек ауылдары бар. Ол жерде де егін, бақша егіп отырған халық көп. Күршім өзені түзу келіп, Ертіске құяды. Сол бұрынғы бөгеуді қайтадан қалпына келтіру керек. Көктемде су тасыған кезде су бөгеудің үстімен өтіп кетеді де, азайған кезде судың бір бөлігін үш ауылдың шлюзіне бұрып отырады", – дейді ол.

Қайрат Әзімбаев осы мәселе туындағаннан кейін облыс орталығына барып, Қазсушар мекемесінің басшылығымен сөйлесіп, ауданға шақырыпты.

– "Ауыл халқы жылда Қазсушар мекемесі үш ауылға су әкелетін арнаны тазартып отыруы керек. Бірақ олар бұл жұмысты істемейді" деп жатыр. Сіздер ол мекемеге бұл жөнінде ескертесіз бе?

– Иә, тиісті қаржы бөлініп, оны жылда тазартып отыру керек болатын. Бірақ олардың қаржылары жоқ. Айттым ғой, не техникасы, не қаржысы жоқ. Тазартылмайтын... Одан бөлек өзеннің суы да жылдан-жылға азайып бара жатыр. Қатарынан төртінші жыл болды – не қар дұрыс жаумады, не көктемде жаңбыр да жаумай қойды. Келесі жылы бұдан да төмен болып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жұмыс, әлбетте, толығымен істелуі керек.

– Қалай ойлайсыз, Күршім өзеніне плотина тұрғызу керек пе?

– Жоқ. Ол жерге плотина салынбайды. Өйткені Күршім өзені Бұқтырма су қоймасына барып құйылады. Плотина салу мүмкін емес. Бұрынғыдай бөгеуді салып, су азайған кезде бағытын өзгертіп отыру керек. Өзеннің бойында егін егетін қаншама ауыл бар. Плотина деген сөз ол жерге, менің ойымша, керегі жоқ.

Күршім өзеніне шлюзге қарай, өзеннің арнасын тазартып, тереңдетіп жатырмыз. Бірақ ағын су бәрібір күндердің күнінде тас пен суды әкеліп, үйе береді. Ол бір тазалағанда – мәселе шешіле қалады деп ойламаймын. Ол үнемі белгілі бір уақыттан кейін тазартылып тұруы керек.

– Қазсушар соны жыл да атқарып тұруы керек еді ғой? Солай ма?

– Қазсушар суды пайдаланған соң өзіне тартып әкелуі керек қой. "Балансымда жоқ" деп келген суға ғана жауап беріп отыра бермеуі керек. Елдің ішін сумен қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ қаржы мәселесі шешілмесе... Өздері келеді. Не шешеді – ол жағын ақылдасамыз. Ауылдық округтың және Қазсушар мекемесінің өкілі қазір бөгеудің басында жүр. Ауылдың азаматтарын жиып, ашылып кеткен жерді жөндейді.

– Қазсушар мекемесінің өкілдері осы Күршім өзеніндегі дамбыны қайта жөндеу үшін қарыз сұрап, Азия даму банкіне жүгінбек болғанын айтады. Бірақ өтінім мақұлданбады деп отыр...

– Ауданды дамыту бағдарламасына сәйкес, Қазсушар біршама іс тындырады деп жоспарланған. Осы жолы тағы да хат жаздық. Бірақ оларға әлі де қаржы бөлінген жоқ. Осындағы өкілі погрузчикті бір мекемеден алды. Өздері әкелген қуаты аз погрузчиктің шамасы жетпейді. Сонымен жұмысын істеп жүр. Негізі қаржы бөлініп, каналдардың бітелген жерлерін, шлюздердің басын тазарту жұмыстарын жүргізу қажет.

– Қазсушар мекемесінің Күршім ауданында бөлімшесі бар ма?

– Осында бір өкілі бар. Бірақ ол жігіттің ешқандай тетігі жоқ. Осы жолы жанар-жағармайды мұқым Зайсаннан алып келді. Енді қазір 20 куб ағашқа төлейтін 60 мың теңгедей қаржысы тағы бар. Оны да шешу керек.

– Ауданда өмір бойы еңбек етіп келе жатқан адамсыз ғой. Қалай ойлайсыз? Бұл мәселе шешілмесе, яғни жылда бітелген арна тазармаса, үш ауыл түбі сусыз қалуы мүмкін бе?

– Қандай жағдай болмасын ауылдарды сусыз қалдырмауға тырысамыз ғой. Мәселені шешу керек. Күршім ауылында да, Марқакөлдегі Қалжыр өзенінде де су жыл сайын азайып барады. Кейбірі Қазсушардың балансында болса, кейбірі жоқ. Сонда барлық жерде ауыл азаматтары жүгіріп, техника болмаса тауып, мәселесін шешіп жүр. Тауларда жылдағыдай қар жоқ. Тұманың көздері бітеліп, су азайып барады.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу