"Соғыстың әр күнінің шығыны Ресейге 20 миллиард долларға түседі"

3376

Соғысты тоқтату керектігін РФ МемДумасындағылар да түсіне бастады.  

"Соғыстың әр күнінің шығыны Ресейге 20 миллиард долларға түседі"

Сарапшылар, "Кремль Киевті алуға бөлді" деп есептелетін 5 күндік мерзімнің артта қалғанын атап өтуде. Украина астанасына алдын ала ендірілген диверсанттар да, "арнайы операция" басталған күні ресейлік әскери тасымалдаушы ұшақтармен шұғыл жеткізілген мыңдаған десант та ақыры нәтиже шығара алмады.

Президент Владимир Зеленский бәрін тастап қашпады, оның осыған кеңес берген Батыс елдеріне: "Басыма пана емес, қолыма қару бер!" деген қанатты сөзі Батыс әлеміндегі танымал фразалардың біріне айналды. Былтыр әзербайжан-армян соғысында Ресейдің бітімгершілігін дәріптеген америкалық жұлдыз Ким Кардашьянның өзі Зеленскийге тәнті екенін жазып, Украинаға қолдау көрсетуде.

Артта қалған 5 күн соңғы жылдары ауа жайыла бастаған Батыс әлемін біріктірді. Еуропа – Украинаның мықты тылына айналды. Соғыстан қашқан бейбіт тұрғындардың ондаған мың легін қабылдауда, Украинаға үздіксіз гуманитарлық жүк жөнелтуде, қуатты қару-жарақпен қамтуда, толассыз қаржы ағынын тасқындатуда. Украинаға хакерлер мен белсенділердің Anonymous халықаралық желісі көмекке келді. Ресейдің меморгандарының сайттары, ақпараттық жүйелері бірінен соң бірі істен шығып жатыр.

Нәтиже жаман емес, 5 күн ішінде ел астанасын алмақ түгіл, Ресей Украинаның бірде-бір ірі қаласын қолына түсіре алмады. Әрбір мегаполис жанқиярлықпен қорғануда. Киевте бүгін тіпті коменданттық сағат жойылды.

Дегенмен Украинадағы ахуал ауыр болып қалуда.

Ел астанасын дүркін-дүркін әуе дабылы дүрліктіреді. Біраз адам метродан шығуды қойған. Фаст-фудтың әлемдік брендтері тамақпен қамтамасыз етуге жәрдемдесіп жатқаны айтылды.

Соғыс негізінен Киев маңында жүруде. Киев облысының Ирпень қаласы үстемеленген шабуылдарға ұшырады. Вышгород бағытында басқыншылар көп деседі. Украина Қарулы күштері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

Қазіргі кезде, яғни соғыстың алтыншы күні Ресей тарапы шабуылын өрістетті. Әсіресе, елдің шығысында сұрапыл шайқастар жүруде. Төмендегі мәліметтерді украиналық ресми ақпарат көздері таратты:

Житомир өңірінде (Житомирщина) түні бойы дабыл "ұлумен" болған және зымырандар соққылады. Бірақ Украина әскерлері, "тероборона" (қолына қару алған қарапайым тұрғындар) жағдайды өз бақылауында ұстап қалды.

Кировоградщинада түн бұрынғыға қарағанда тыныштау өткен.

Волынь жаққа шабуыл доғарылғандай, тыныш. Әуе дабылы болған жоқ.

Херсонда да жағдай тұрақты. Тұрғындарға тыныш ұйықтауға мүмкіндік болды.

Каховкаға артиллериялық снарядтар қарша бораған. Новая Каховканы ресейлік әскерлер басып алған.

Запорожье облысы Бердянск қаласы жаудың қолына көшті. Шаһарға ресейлік техника қаптап кіруде. Қала билігі олармен ынтымақтасудан бас тартқан. Әзірге бір адамды атып тастағаны айтылуда.

Осының алдында, Мелитополь қаласы, Сумы қаласы және Сумы облысының біраз елді мекені де Ресей қоластына кірді.

Ровно қаласы соғыс басталғалы алғаш рет әуе дабылы іске қосылмады.

Бұған дейін шабуылдар жасалған Винница, Полтава, Тернополь, Ивано-Франковск, Николаевщина, Львовщина бүгінде – тыныш.

Хмельницкий – тыныш. Бірақ әуе дабылы халыққа бір рет ескерту жасаған. Бұл облыс өзге өңірлерден қашқан 20 мың адамды қабылдаған болатын.

Черкассы – әуе дабылы таң атқанға дейін безілдеумен болыпты. Таңнан кейін әуе соққылары саябырсыған.

Черновцы – түнде алғаш рет әуе дабылы іске қосылды. Шабуыл нысанасы осы өңірге бағдарлана бастағанға ұқсайды.

Луганск облысы (Украина қарауында қалған бөлігі) Ресеймен шекараға жақын өңірде түн тыныштыққа бөленген. Алайда таңазанда Ресейдің 12 әскери техникасы, соның ішінде 4 танк Сватово қаласын бетке алды. Қорғаныс қарсы алуға әзірленуде.

Донецк облысы (Украина жағы) Мариуполь және Волноваха қалалары үшін ауыр шайқастар жалғасуда. Кремль бұл қалаларды түбегейлі тартып алып, ЛХР/ДХР-дің аумағына енгізбек. Жергілікті ерлер де, әйелдер де қолына қару алып, украиналық әскерилермен бірге дұшпанмен арпалысуда. Тыл жақтан қосымша күштер қосыла алмай жатыр, бірақ жаңа қару-жарақ пен оқ-дәрі тасымалдануда деген ақпарат бар.  

Одесса қаласында бұл түн өзгелеріне қарағанда тыныш болған. Ресей тарапы шабуылды өрістетуде, бірақ бүкіл облыс Украина Қарулы күштерінің бақылауында тұр.

Днепр де негізінен Украина бақылауында. Әр жерінде Ресей әскері ішкерілей ене алған, оларды жергілікті қорғаныс күштері жоюмен айналысуда.

Аса ауыр жағдай Харьков облысында қорғанушылар түні бойы тоқтаусыз шабуылдарды тойтарумен болыпты. Харковь қаласына әскери ауыр техника колонналары бірінен соң бірі аттануда. Оларды түріктің Bayraktar беспилотниктері, Javelin, NLAW зымыран кешендері қала шетіне жетпестен жойып жіберуге үлес қосып жатқан көрінеді. "Алғаш болып Ресей бақылауына көшеді" делінген қала әзірге толығымен Украинаның бақылауында.

Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың хабарлауынша, төрт күнгі соғыста Ресей 29 ұшақтан, 29 тікұқшақтан, 191 танктен, 816 бронды машинадан, 74 зеңбіректен, 1 "Бук" зениттік-зымыран кешенінен, 21 "Градтан", 191 автокөліктен, 60 мұнай өнімдерін тасушы цистернадан, 3 беспилотниктен, 2 катерден, 5 әуе қорғанысы құралдарынан айырылған. Шамамен 5 300-дей ресейлік жауынгер қаза тапқан. РФ Қорғаныс министрлігі Ресей тарапынан адам және техника шығынын ашып айтпады.

Украиналық журналист, қазір Киевте тұрып жатқан Петр Рузавиннің айтуынша, қала өмірге оралуда. Бірақ мейрамхана-дәмханалар, ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Дәріханалар, дүкендер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік қалпына келуге тиіс.

"Қала ішінде алғашқы күннен бері әртүрлі диверсиялық топтармен күрес жүруде. Киев көшелерінде халық аз. Жұртшылық кушеткаларын, төсек жабдықтарын әкеліп, біраз күннен бері метрода ұйықтап жүр. Арасында балалар бар. Қалада кейбір үйлердің ішінде бомбапаналар бар, тұрғындар соларда да жасырын отыр. Ресей әскері Киевке шабуылды жалғастыруда", – дейді ол.

Саяси шолушы Денис Карловскийдің айтуынша, Ресей әскері қару-жарақтан, отыннан тарыға бастаған, себебі беспилотниктер, әскерлер, "тероборона" колонналар соңынан ерген цистерналарды жарып жіберуде. Содан көлігі тоқтап қалған ресейлік солдаттар жанар-жағармайды жергілікті тұрғындардан сұрауға мәжбүр болған, жұрт оларды полицияға ұстап берген.

"Сарапшылар есептегендей, Украинамен соғыстың 1 күні Ресейге шамамен 20 миллиард долларға түседі. Блумберг 39 миллиард деген санды атады. Қалай болғанда, басқыншыларда зымырандар мен қару-жарақ барған сайын азаюда, содан кейбір қалада уақытша тыныштық орнаған. Ресейден жаңа жеткізілімдер кешігіп жатыр деген ақпарат бар. Дереккөздердің мәліметінше, ресейлік басқыншылардың зымырандары 3-4 күнге ғана жетпек, сондықтан олар үнемдеуге көшті. Туладағы әскери зауыт және Ротенбергтің екі зауыты қару-жарақтың қосымша партияларын қажетті көлемде әзірлеуге күші жетпей жатыр. Сондай-ақ ресейліктерде ол үшін қажетті шикізат тапшы деседі. Бұрын оларды Словения, Финляндия және Германия жеткізетін, санкциялық шаралар ол импортты бұғаттап тастады", – дейді Д. Карловский.

Соғысқа Ресей МемДумасының депутаттары да қарсы шыға бастады. КПРФ мүшелері – Михаил Матвеев, Олег Смолин және Бурятия Республикасы атынан сайланған депутат Вячеслав Мархаев Ресейдің Украинадағы кең ауқымды, қантөгісті соғысын тоқтатуға шақырды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу