Солтүстік Корея әскерлері Оңтүстікке өту үшін Украинаға беріле салуы мүмкін

9108

Солтүстік Корея Ресейге жіберген мыңдаған жас сарбаздың арасында көптеген элиталық арнайы күштер бар. 

Солтүстік Корея әскерлері Оңтүстікке өту үшін Украинаға беріле салуы мүмкін

Бірақ олардың соғыс тәжірибесі жоқ және бөтен елдің жер бедерін білмейді. Соған қарамастан, олар кескілескен ұрыс даласына жөнелтілуі мүмкін. Демек, қырғынға ұшырауы да ғажап емес.

Бұның бәрі рас болуы мүмкін және оған жақын арада куә болуымыз ықтимал.

Бақылаушылардың сөзінше, бұл әскердің бір бөлігі майданға жетіп үлгерген. Солтүстік Корея тұрғысынан олар айтылғандай бақытсыздыққа ұшырамауы да мүмкін. Осы елдің бұрынғы сарбаздарының айтуынша, бұл жауынгерлер Ресейге саяхатты тіпті мақтан тұтып, оны жақсы ақша табудың, шетелді бірінші рет көрудің және өз отбасылары үшін жақсы емделудің сирек мүмкіндігі ретінде қарастырып отырса керек.

"Олар тым жас, бұл нені білдіретінін түсінбейді. Солтүстік Кореяның көптеген сарбаздарының арасында Ресейге баратындардың тізімінде болғанын құрмет санайдындар жетерлік. Бірақ, менің ойымша, көпшілігі үйлеріне тірі оралмайды", дейді Солтүстіктің "Дауыл корпусы" атты арнайы күштер бөлімшесінің бұрынғы мүшесі Ли Вун Гиль.

Ол Оңтүстік Кореяға 2007 жылы өткен.

Әскер жіберу – Ким үшін "үлкен ойын"

Дүйсенбіде НАТО Солтүстік Корея әскерлерінің Украинамен шайқасу үшін Ресейге жіберілгенін және олардың кейбіреулері Курск шекаралық аймағына орналастырылғанын растады.

Пентагонға сенсек, Солтүстік Корея Ресейге 10 000-ға жуық әскер жөнелткен және олар "алдағы бірнеше аптада" Украинамен соғысқа кіріспек. Ал Оңтүстік Корея президентінің кеңсесі сәрсенбі күні Солтүстік Кореяның 3 мыңнан астам сарбазының Ресейдің батысындағы майдан даласына жақындағанын хабарлады.

Солтүстік Корея жауынгерлері Украинада үлкен шығынға ұшыраса, бұл жағдай 40 жастағы Ким Чен Ынға үлкен саяси соққы болып тиеді.

Бірақ, кейбір сарапшылардың пікірінше, Ким Ресейдің Украинадағы соғысына қосылудағы басты мақсаты Мәскеуден елге қажетті шетел валютасы мен қауіпсіздік қолдауын алудың бір жолы ретінде қарастырып отырған сияқты.

"Ким Чен Ын үлкен құмар ойынын бастады. Зардап шеккендер көп болмаса, ол белгілі бір дәрежеде қалағанын алады. Бірақ, оның көптеген сарбазы шайқаста қырылатын болса, бәрі өзгереді", дейді Солтүстік Корея армиясының бұрынғы бірінші лейтенанты, қазір Сеулдегі Солтүстік Кореяны зерттеу жөніндегі орталығының жетекшісі Ан Чан-ил АР агенттігіне берген сұхбатында.

Қатардағы сарбаздың жалақысы 1 доллардан төмен

"Дауыл корпусы" – ол Кимнің ең үздік бөлімшелерінің бірі. Бұл корпустың негізгі миссиялары  Оңтүстік Кореяға агенттерді енгізу, Оңтүстіктегі маңызды нысандарды жару және Корей түбегінде соғыс басталған жағдайда негізгі тұлғаларды өлтіру.

1998-2003 жылдары "Дауыл корпусында" қызмет еткен Лидің сөзінше, бұл бөлімше басқа бөлімшелерге қарағанда тамақпен, керек-жарақпен қамтамасыз етілгенімен, оның көптеген мүшелері әлі де аз тамақтанудан және туберкулезден зардап шегеді.

Соңғы 30 жылда Солтүстік Кореяда экономиканың біртіндеп қалпына келуіне қарамастан, Солтүстік Кореяның қарапайым жұмысшылары мен сарбаздарының орташа айлық жалақысы 1 доллардан төмен дейді қашқындар.

Олардың айтуынша, көптеген адамдар өмір сүру үшін капиталистік нарықтық іспен айналысады, өйткені елдің мемлекеттік норма жүйесі ойдағыдай қызмет етпейді екен.

Ресей Солтүстік Корея әскерлерінің барлық шығындарын, соның ішінде олардың жалақысын төлейді деген болжам бар.

Бақылаушылардың есебінше, әрбір адамға айына кемінде 2000 доллар беріледі. Дегенмен, бұл шәкіртақының 90-95%-ы Кимнің қазынасына, ал қалғандары сарбаздардың қалтасына түспек. Демек, Ресейдегі бір жылдық қызмет Солтүстік Корея сарбазына 1200 доллардан 2400 долларға дейін табыс әкеледі. Бұл ақша көптеген жас жауынгердің қауіпті ресейлік турларға ерікті түрде аттануы үшін жеткілікті, дейді бұрынғы әскерилер.

Анның айтуынша, Солтүстік Корея үкіметі солдаттардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған басқа да ынталандыру шараларын ұсына алады. Солардың қатарында, мысалы, басқарушы Жұмысшылар партиясына мүшелік пен елдің көрнекті астанасы Пхеньянға көшу құқығы сияқты ұсыныстар бар.

Солтүстік Кореяның экономикасын талдаумен айналысатын компания жетекшісі Кан Ми-Джиннің сөзінше, Ресейге жіберілген сарбаздардың отбасы мүшелеріне тіпті жақсы үйлер беріліп немесе жақсы университеттерге түсу сияқты жеңілдіктер жасалуы мүмкін.

Солтүстік Корея армиясының бұрынғы бірінші лейтенанты Чой Джун Хунның ойынша, шетелде қызмет ету басқа елдерді алғаш рет көргісі келетін көптеген сарбаздар үшін қызықты мүмкіндік.

Солтүстік кореялықтарға шетел жаңалықтары қолжетімсіз және ел ішінде бір провинциядан екінші провинцияға көшу үшін мемлекеттің рұқсаты қажет. Солтүстік Кореядан құрылысқа, ағаш кесуге және шетел валютасын әкелу үшін өзге елдерге жіберілген жұмысшыларды халықаралық құқық қорғау топтары "құлдар" деп жиі атайды. Бірақ қашқындар шетелдегі мұндай жұмыстардың Солтүстік Кореяда тұрудан әлдеқайда жақсы екенін және сол жұмыстарға қол жеткізу үшін көптеген адамдар пара беріп, туыстық байланыстарды пайдаланады.

"Солтүстік Корея сарбаздары Ресейге баруды өмірде бір рет қана берілетін мүмкіндік деп санайды", дейді Ан.

Ан және басқа бақылаушылардың айтуынша, егер сарбаздар әріптестерінің көптеп өліп жатқанын көрсе, Ресейге бару райынан қайтуы мүмкін немесе олардың көбі Украина әскеріне беріліп, Оңтүстік Кореяға депортациялауды сұрауы ықтимал.

Солтүстік Кореяның сарбаздары Украинаның жерін жақсы білмейді

Солтүстік Корея сарбаздары Корей түбегінің таулы жерлерінде дайындықтан өткен және Ресей-Украина соғысындағы негізінен жазық майдан даласымен таныс емес.

Олар заманауи соғысты, соның ішінде дрондарды пайдалануды білмейді. Өйткені, Солтүстік Корея 1950-1953 жылдардағы Корей соғысы аяқталғаннан бері үлкен шайқастарға қатысқан емес, дейді сарапшылар.

"Ешкім Ресейге өлу үшін барамын деп ойламайды. Бірақ меніңше, олар қауіпті жерлерге жіберіліп, зеңбіректердің жеміне айналып, міндетті түрде өлтіріледі. Соған жүрегім ауырады", деді Сеулдегі белсенділер тобының жетекшісі Чой Украинада жарияланған видеокадрлардағы аласа бойлы солтүстіккореялық 20 жастағы жауынгерлерді көргеннен кейін.

Сонымен қатар, лидер Ким Чен Ын Ресейге әскер аттандырсам, Мәскеу өзінің ядролық зымырандарын жетілдіруге қажетті күрделі әрі өте сезімтал технологиясымен бөліседі деп үміттенуі мүмкін. Дегенмен, бұл трансфер соғыстың қанша уақытқа созылатынына және Кимнің тағы қанша әскер жіберетініне байланысты болуы мүмкін.

Оңтүстік Кореяның барлау агенттігінің бақылауындағы сараптама орталығының бұрынғы директоры Нам Сон Вуктың пікірінше, Солтүстік Корея билігі сарбаздардың жалақысы есебінен жүздеген миллион доллар табудан үмітті. Сол жауынгерлер қазіргі заманғы соғыстың тәжірибесін тікелей меңгеріп, бірақ көптеп өлуі ғажап емес. Ал, Ресей өзінің озық технологияға негізделген зымыран технологиясын Пхеньянға беруді қаламауы да мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу