Сот орындаушылары алимент төлете алмай әлек

1817

Атырауда 195 борышкерден 219 млн теңге алименті өндірілмей тұр.

Сот орындаушылары алимент төлете алмай әлек

Атырау облысында жыл басынан бері алимент өндіру туралы 8164 құжат қаралған. Оның ішінде 59 құжат бойынша алимент өндірілуде, 761 құжат өндіріп алушының арызы негізінде орындалмай кері қайтарылған, 81 құжат қысқартылған. Қалған 7259 құжаттың 3108-і бойынша алимент борышкерлердің жұмыс орнынан ұсталынуда, 101 құжат бойынша іс борышкерлерге соттың ұйғарымы негізінде іздеу жариялануына байланысты тоқтатылған, қалған 3855 борышкер бала-шағасына берешегін өз еркімен төлеп жатыр. Ал 195 борышкер мүлдем алимент төлеп отырған жоқ, қазіргі күні ол бойынша берешек сома 219 млн теңгені құрайды.   

Атырау облысы бойынша жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының мәліметіне сүйенсек, биыл алимент берешектері 500 мың теңгеден асатын 60 борышкердің үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен 27 борышкер әкімшілік қамаққа алынып, 33 борышкер айыппұл салынған. Сондай-ақ тек соңғы екі ай ішінде екі борышкердің көлігі автотұраққа қойылып, олардан 4 млн теңгенің үстіндегі берешек өндірілген. Қазіргі күні полиция департаментіне алимент төлемей отырғандардың автомашинасын тартып алу жөнінде 33 сот қаулысы жолданған. 

Ерлі-зайыптылардың ажырасуының көбеюі өз кезегінде алимент төлеу проблемасын туғызды. Бұдан бірнеше жыл бұрын Атырауда бұрынғы некедегі балаларының нәпақасын бермей отырғандарға ой салу мақсатында "Әке! Өтінем, алимент төлеші!" деп жазылған және жылап тұрған сәбилердің суреті бар плакат ілінген еді. Алайда, олар көп тұрмай, "балалар мен борышкерлердің құқығын бұзады" деген желеумен алынып тасталды. 

Алимент өндіруде басты салмақ жеке сот орындаушысының мойнына түседі. 2020 жылғы 7 шілдеден бастап күшіне енген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң бойынша жеке сот орындаушыларына қойылатын талап та қатайтылып отыр. Олар бұдан былай борышкерден алиментті мәжбүрлеп өндіру мерзімін ұзарта алмайды. Жеке сот орындаушының алимент өндіруге байланысты істерді уақытылы, заң жолымен орындамауы – оның лицензиясын қайтарып алуға дейін әкеп соғуы мүмкін. Заң бойынша, борышкер үш ай алимент төлемесе – әкімшілік, жарты жыл төлемесе – қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Айта кетейік, жеке сот орындаушысының алиментке байланысты істерден бас тартуға құқығы жоқ, өйтпеген жағдайда, айқай-шуы көп, онша абырой әпере қоймайтын, атқарылуы қиын мұндай істерді өз еркімен алатын адамды табу мүмкін де болмас еді. 

"Бұған дейін алимент өндірумен айналысатын төрт бөлім құрылған болатын. Бірақ ондай атқару істері көп болғандықтан, олар үлгермей, қайтадан барлық жеке сот орындаушыларына таратылды. Шындап келгенде, бұл істердің машақаты көп. Біз, мәселен, қашып жүрген борышкерді алдымызға келтіре алмаймыз, содан кейін оның мәліметтерін ашық дерек көздерінен өз қаражатымызға сатып аламыз. Бірақ сот көбінесе "мәліметтер жетіспейді" деп кері қайтарып жатады. Өзі келмей жүрген адам жеке бас құжаттарын, жүргізушілік куәлігінің көшірмесін, басқа да қажет құжаттарды бізге бере ме?", – дейді жеке сот орындаушысы Зуһра Саясат. 

"Күйеуім жеке компанияда жұмыс істейді, жалақысы жақсы, ал үш балаға алатыным – 21 мың теңге. Енді оның жұмыс істейтін жеріндегі бухгалтердің үстінен шағымданғым келеді, сол кісі заңсыздық жасап отыр деп ойлаймын. Былтыр алиментті балалардың әкесі төлемесе, оның әке-шешесіне төлетеді дегенді естіп, қуанып қалып едім. Бұрынғы ата-енем зейнетақы алады, үй мен көлікті солардың атына жазып қойған, әрі өздерінің немересі, бірақ сол әңгіме айтылды да қалды", – дейді алимент ала алмай жүрген әйелдердің бірі Айман Қилымғали.

Айта кетейік, елімізде Италияның тәжірибесін негізге ала отырып, алиментті борышкердің жақын туыстарына төлету жөніндегі заң жобасы расымен де қарастырылған болатын. Алайда ол қоғам тарапынан да, заң шығарушылар тарапынан да қолдау таппады. Негізі ана мен бала институттары жұмыс жасайтын барлық елде дерлік ер адам немесе әйел адам (ондайлар да бар) бұрынғы некеде қалған кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуге міндеттеледі. Еуропаның кей елдерінде бұрын некеде тұрған әйеліне баласы болмаса да, алимент төлейтін заң бар. Жалпы өркениетті қоғамда көп жағдайда ерлі-зайыптының жолы екі айырылған жағдайда баланы бағып-қағудың жауапкершілігін қалай мойнына алатыны неке туралы келісімшартта көрсетілетеді екен. Мүмкін, бізге де "үйленіп жатқан адамдар неге келісімшарт жасайды, ажырасуды әңгіме қылғаны несі!" деген түсініктен арылып, осылай жасап, әуел бастан мәселенің ақ-қарасын ашып алған тиімді болар?

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу