Сыйынатын орын ба, символдық белгі ме?

2734

Сарайшық кешеніндегі талға тәу етіп келетіндер бар.  

Сыйынатын орын ба, символдық белгі ме?

Атырау облысындағы Сарайшық тарихи мекеніндегі мұражай аумағына қойылған талға тәу етіп келушілер тоқтамай тұр. Өкілетті мекемелердің өкілдері оның зиярат етіп келетін орын емес, символдық белгі ретінде қойылғанын айтады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"Хан ордасы – Сарайшық" мемориалды кешені "Қазақстанның киелі жерлері" географиялық картасына енгізілген. Кешен ауласына 1999 жылы сол тұстағы облыс әкімі Иманғали Тасмағанбетовтың басшылығымен қазақ хандарына қойылған ескерткіш, оның ішкі бетіне алма ағашының бұтағы отырғызылады. Айта кетейік, ескерткіш Сарайшық жерінде жерленген жеті ханға арналғанмен, дәл осы жерде ешқандай бейіт орны жоқ. Нақтырақ айтқанда, ескерткіш те, тал да символдық белгі ретінде қойылған.

Ел арасында талдың осы маңдағы бір кездері жайқалып тұрған, кейін оталып орны ғана қалған Сарытоғайдағы алма бағынан әкелінгені, осы ағашты отырғызғаннан кейін өңірдегі жиілеп кеткен суицид оқиғасының сап тиылғаны айтылады. Бұдан бөлек, ағаш басына түнеген жағдайда адамдардың кез-келген аурудан айығатыны айтылып жүр. Ғаламтордан бұл жөнінде "көрмеген адам көріп, жүрмеген адам жүріп кетіпті" деген сыңайдағы әңгімелерді көптеп кездестіруге болады.

"Осы видеоларды көргеннен кейін еліміздің әр қиырынан адамдар ескерткіштің басына қонамыз деп келіп жатады. Бірақ бұл жер мемлекеттік мекеме аумағы болғандықтан, кешкі 18.30-да жабылып, күзет қызметіне тапсырылады. Ал кешкі, күнгі мезгілде жүруге болмайды. Осындай қиындықтар кездесіп тұратыны рас", – дейді "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жерге тамырын жайып, көктеп тұрған тал егілмеген, кешеннің келбетімен үйлесетін ағаш бұтағы таңдалып отырғызылған. Ол үшін сәйкес келетін талды табу біраз уақытқа созылып, соңында ескі Сарайшық орнынан қурай бастаған алма ағашын тауып, оны әдемілеп жонып, екі бұтағын қалдырады.

"Қазір сиреді, бірақ, әр жақтан "Киелі ағашқа сиынамыз" деп келгендер көп болды. Біздің дінімізде бұл "Құдайға серік қосу" болып саналады. Оның үстіне, бұл жердің Бекет ата, Сәт ана басынан айырмашылығы, түнемелік қарастырылмаған. Ал адамдар көлікпен, бала-шағамен келіп жатады. Түн мезгілінде "тоңып кеттік, мешітке түнеп шығайықшы" деп есік қаққандар да болды. Мешіт қонақ үй емес қой. Мұнда адамдар зиярат етуге емес, құлшылық етуге келеді, өзінің белгіленген тәртібі бар мекеме", – дейді Сарайшық мешітінің имамы Жайлыбек Кенжалиев.

Осылайша, үлкен наным-сенімнің жетегінде келгендердің ішінен кері қайтқандар аз емес. Полиция шақыртқан жағдайлар да кездескен. Жеті хан жерленді делінген Сарайшық туристік нысан ретінде қарастырылғанмен, адамдардың жан-жақтан мұндай жолмен ағылып келуі көптің көкейіне қона қоймағаны аңғарылады.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу