Сырдария, Сардоба, саясат: Ташкент тізгін бермей келеді

Сыр суының неше пайызы қазаққа тиесілі?

Сырдария, Сардоба, саясат: Ташкент тізгін бермей келеді

"Ерте ме, кеш пе, Сырдарияның суы Орталық Азия елдерін бір-бірімен соғыстырмай қоймайды". Қақтығыс көксеген осындай болжамдар ғаламторда толып жүр. Мән беріп қараған адам мұндай мысықтілеу контенттің 99 пайызы орыс тілінде жасалғанын аңғарады. Қазақ, қырғыз, өзбек тілдерінде ілуде біреу ғана. Бірақ бұл Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің мәселесі елеуге татымайды деген сөз емес. Әсіресе Сырдарияның экологиялық жағдайы, оның бойындағы қарапайым халықтың тұрмысы күннен күнге кері кетпесе, ілгері баса қойған жоқ. Көксарайды салу арқылы Солтүстік Аралды құтқаруға миллиондап қарыз берген Дүниежүзілік банк 2001 жылы қаражатты игеру есебін жасаған кезде Сыр бойындағы халықтың тұрмысына талдау жасапты. Халықаралық сарапшылар Арал апаты маңайындағы 1 млн адамның тағдырына тікелей әсер етті деген қорытындыға келген. Сырдарияның алабындағы ауылдар мен қалалардан 200 жанұяны кездейсоқ іріктеп, сауалнама жүргізген әлеуметтанушылар 1960 жылдан бері өзен бойындағы халықтың өмір сүру ұзақтығы басқа өңірлердің халқына қарағанда әлдеқайда қысқарғанын дәлелдепті.

Арал жағасы

Шаруашылық цикл бұзылғандықтан әсіресе Қызылорда өңірі елдегі ең кедей облысқа айналған. Оның ішінде Қазалы ауданына жапсарлас елдімекендердегі 200 мыңдай халықтың қалыпты өмірі бұзылып, басқа өңірлерге көшуге мәжбүр болған. Тұзды шаң мен шөлейтті климат, сапасыз ауызсу Аралға жақын қоныстанған жұрттың өмір сүру ұзақтығын өзге өңірлердің халқына қарағанда айтарлықтай қысқартып жіберген. Жоба жетекшілерінің қорытындысы осыған саяды.

Күші жоқ келісім

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Су шаруашылығы министрлігін басқарған Нариман Қыпшақпаевпен байланысудың сәті түскен. 62 жыл осы салада қызмет еткен сақа маманнан көптеген дерекке қанықтық.

Никита Хрущевтің кесірінен Қытай мен Египеттен келетін импорт тоқтап, одақ бойынша "мақта тәуелсіздігі" науқаны басталғанда Нариман Қыпшақбаев жас маман ретінде жұмысқа жаңа кіріскен екен. Содан бері Әмудария мен Сырдарияның  трагедиясын көзімен көріп, көкірегімен сезініп келеді.

Мәскеудің шешімі аймақтағы су тұтыну балансын бұзғандықтан, қырғыз, тәжік, өзбек, қазақ арасында жаңа даудың туындауы заңдылық еді. Бірақ Хрушевтің ел басқарудағы қателіктері ашық айтыла бастаған кезге дейін ол проблеманы көтеруге ешкімнің батылы бармаса керек. Ақыры 1982 жылы Сырдария суын бірлесіп пайдаланудың 5 мемлекетке ортақ тәртібі бекітіледі.

Кейін бұл келісім КСРО құлаған кезде бес мемлекеттің Су шаруашылығы министрлерінің қолымен қайта бекітіліпті. Астарында қандай саясат болғанын кім білсін, аталмыш құжаттың қайта ратификациялануына АҚШ атсалысқан көрінеді.

"Совет үкіметі құлаған кезде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінің су министрлерін АҚШ-қа шақырды. АҚШ Мексикамен Колорадо өзенін, ал Канадамен  солтүстіктен келетін өзендерді бөліп пайдаланады. Бес министр бірге жүріп соның бәрін көзбен көріп, толық зерттедік", - деп еске алады көнекөз маман.

1992 жыдың  18 ақпанында осы бес министр Алматыда бас қосып, Үкіметтердің атынан 1982 жылғы келісім сол күйінде қалатынын  растап, қол қояды.

"Ол келісім қағаз жүзінде әлі сақталып келеді. Ал іс жүзінде Қазақстан өзінің заңды үлесін ала алмай отыр", - деп кіжінеді Нариман Қыпшақбаев. Кіжінбегенде қайтсін?!

Қазақстанның тұңғыш Су ресурстары министрі Нариман Қыпшақбаев

"Жалпы Сырдария алабының жылдық су қоры орта есеппен 37 млрд м3 шамасында. Ал қазір 4 мемлекеттің су тұтыну шығыны 50 млрд м3-тен асып кеткен. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан жалпы көлемі 3,5 млн гектар алқапты Сырдария бассейнінен суарады. Оның сыртында  халықтың ауызсуы, өндірісі, коммуналдық шаруашылығы бар.  Коллектор мен кәрізден, егістен шығатын 12-13 млрд м3 лас суды қайта кәдеге жаратып отырмыз. Осылайша Сырдарияның табиғат жаратқан ресурсын 150 пайызға пайдалануға мәжбүрміз. Соның салдарынан Аралға бір шелек су да түспей жатыр".

Келісім бойынша Сырдариядан су алу жүйесі шартты түрде 3 ағысқа бөлінген екен. Төменгі ағыстан Шардара қоймасы арқылы реттелетін су түгел Қазақстанға тиесілі деп бекітілген. Оның жылдық көлемі – 12 млрд м3. Бұдан төменде Қаратауды бойлай Арыс-Түркістан суармалы зонасы жатыр. Ол жерде 3 млрд текше метр су тағы бар. Мұны бір деңіз.

Шардара су қоймасы

"Ортаңғы ағысқа бізден Мақтарал ауданы кіреді. "Достық" каналы Өзбекстан мен Қазақстанға ортақ. Яғни біз жыл сайын 1,3 млрд м3 су алуымыз керек. Дәл осынша суды өзбектер де алады. Одан кейінгі Шыршық өзенінің жылдық су қоры – 8 млрд м3. Оның 5 млрд текше метрі Шардарадағы 12 млрд текше метрдің ішінде тұр. Қалған 3 млрд судың 1,1 млрд текше  метрін біз аламыз. Келес, Жызақ, Ханым сияқты Ташкенттің іргесінен ағып жатқан бірнеше канал арқылы Сарыағаш, Қазығұрт аудандары Шыршықтың суын алып отыр.  Шыршықтың қалған 2 млрд текше метр суы өзбектерге тиесілі.

Осының бәрін қоссаңыз 17,4 млрд текше метр суды жыл сайын Сырдария бассейнінен алуымыз керек деген сөз. Яғни 37 миллиардтың 38 пайызы Өзбекстандікі, 52 пайызы Қазақстандікі. Мұның ішінде Солтүстік Аралдың жеке үлесі бар. Қалған 10 пайызы Қырғызстан мен Тәжікстандікі. Бөліске тек таза суды салған. Ал қайта кәдеге жарататын 12 млрд текше метр су бұған кірмейді. Әркім өзі ластаған суды өз керегіне жаратуы керек".

Қазақстан Сырдариядан жыл сайын қанша су алуға құқылы деген сауалды Су ресурстары комитетіне де жолдағанбыз. Мемлекеттік органның жауабы бұрынғы министрдің дерегімен қабыспай қойды.

"Сырдария өзенінің бассейні бойынша су бөлу мынадай көлемде белгіленген:

- Шардара су қоймасына дейін 2,17 км3, оның ішінде "Достық" каналы бойынша - 1,11 км3, Зах, Ханым, БКМК, Бозсу тракті және т. б. арналары бойынша-1,07 млн. м3;

- Шардара су қоймасына жылына орташа алғанда 12 текше шақырым және су аз жылы 10 текше шақырым көлемінде орнатылған", - деп жазады комитеттің баспасөз қызметі. Мұны түсінікті тілмен айтсақ, жыл сайын Қазақстан Сырдың алабынан 13,17 млрд м3 су алуға құқылы деген сөз шығады. Яғни Нариман Қыпшақбаев атаған мөлшерден 4,26 млрд м3 аз.

Көмірден қалған көңіл

Ғаламторға жүгінсеңіз, Сырдарияның суы тиімсіз игеріліп жатқанына Қырғызстан кінәлі дегенге саятын біржақты ақпарат көп. Бірақ біздің сарапшы мұнымен келіспеді.

"Бейімбет Майлин айтқандай, даудың басы Өзбекстан мен Қазақстанның арасында. Мен Су министрінің орынбасары болып тұрған кезде мемлекетаралық су қатынасын реттеп отыратын институттар құрылған болатын. Сырдария бассейндік шаруашылық бірлестігі, Әмудария бассейндік шаруашылық бірлестігі деген ұйымдар пайда болды. Оның сыртында ғылыми-ақпараттық орталық құрдық. Сол кезде мен осы институттардың ғимарат-кеңсесін өзбек пен қазақтан жоғары жатқан Тәжікстанда құрайық деген ұсыныс айтқам. Сөйтсек қана су әділ бөлінеді деген қисын еді менікі. Қазақстан мен Өзбекстанның біріне орналастырса, бұра тарту болатыны түсінікті жайт қой. Ол ұсынысымды бірінші болып өзіміздің қазақтар қабылдамай, бәрі Өзбекстанға салынды. Енді қазір сол институттар өзбектің жырын жырлап отыр. Суды ұрласа да, қасақана бөгесе де өздері біледі. Сенімсіздік бар арада. Қағазға қарасаң баланс тұр. Алып есептесең, судың есебі дұрыс шықпайды. Баланс дегенде миллиардтап, миллиондап су кетіп жатыр. Осындай бір өкініш бар", - дейді Нариман ақсақал.

Дәл осы жерде тағы бір күмәнді дүние бар. Қағазда бар судың есепте дұрыс шықпауына Қырғызстанды айыптайтындар осы күмәнді алға тартады. Яғни, Қырғызстан Сырдарияның басынан суды жеткілікті мөлшерде босатпай отыруы мүмкін. Қазақстанның негізгі үлесі етектегі Шардара су қоймасына келеді дедік қой. Жол ортада Тәжікстан мен Өзбекстан өздеріне тиесілі суды жеткілікті мөлшерде алады да, Шардараға 12 млрд текше метр су толық жетпеуі мүмкін. Әр тораптағы судың бөлінісін ғарыштан бақылап, Өзбекстан аумағындағы ғылыми-ақпараттық орталық пен бассейн бірлестіктерінің мониторинг мәліметтерін жалпыға қолжетімді етпесе, Өзбекстан мен Қырғызстанның қайсысы қоныштан басып отырғанын ашып айту қиын.

Тіпті Қырғызстанның қиянат жасап отырғаны дәлелденген күннің өзінде олардың айтатын уәжі дайын. 1982 жылы Мәскеудің пәрменімен жасалған келісімде Қырғызстан Сырдарияның суын етектегі елдерге жеткілікті мөлшерде бөлуге міндеттелген. Есесіне қыс кезінде Қазақстан Бішкекке көмір, Өзбекстан газ жеткізіп беруі керек еді. Осылайша қыста көршілері берген отынмен жылу электр стансасын қосып, жазда өздеріндегі СЭС-тен қуат алатын. 1992 жылы келісім қайта ратификацияланған кезде энергетикаға жауапты министрліктер келіссөзден тыс қалды да, шарттың бұл тарауы ескерусіз кетті. Қазір Сыр бойындағы жұрттың жазда су тапшылығынан, қыс пен көктемде тасқыннан зардап шегетіні осыдан.

Қамбарата кешенінің құрылысы (2017 жыл)

"Тәуелсіздік келгенде қазақтар көмірді кімге сатқанын білмеймін. Өзбектер де газын сатты. Инвестор көмірін Қытайға сата ма, Қырымға сата ма өзі біледі. Біз қырғызға бер деп айта алмай қалдық. Сен кәсібіңді істей бер, бірақ жыл сайын қырғыздарға осынша көмір беріп тұрасың деген шарт қойылу керек болған. Қырғызстан қазақтар инвестордан ықты екен деп, қыста бүрсеңдеп отырмайды ғой. "Тоқтағұлдан" бөлек "Қамбарата-1", "Қамбарата-2" стансаларын салып бастады. Алғаш техникалық-экономикалық негіздемесін көргенде біздің Үкіметке ұсыныс жолдағанмын. "Қырғыздардың осы жобасына атсалысайық, ертең сол арқылы "Тоқтағұлдың" режимін бірге реттей аламыз" деп. Ешкім құлақ аспады. Ақыры ол жобаларды Ресей қаржыландырып жатыр. Қырғызбен де, тәжікпен де жеке сөйлесу керек. Қажет болса, Қырғызстанға әсер ететін тетіктер жеткілікті. Бір ғана Қордай бекеті арқылы қаншама тауары экспортталып жатыр", - дейді Нариман Қыпшақбаев.

Көмірді кімге сатқанымызды Нариман Қыпшақбаев білмегенімен, бүкіл Қазақстан жұрты Арқадағы көмір кеніштерінің қызығын кімдер көріп отырғанын жақсы біледі.

Қордай бекетінің қордалы мәселені шешуі де қиын-ау. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы Қырғызстан шекарадағы мәселенің бәрін Мәскеудің ықпалы арқылы шешуге әуестеніп алғанын ескерсек, ерегес арқылы айыр қалпақты ағайынды ақылға шақыру оңай болмайтын сияқты. Аты экономикалық одақ болғанымен, заты саясиланып кеткен ұйымның Үкіметтер үстінен қарайтын кеңесі Алатауды бөліп қоныстанған бауырлас елдердің дауына үкім айта алатынын шекарадағы тауар тасымалына қатысты соңғы даулар көрсетіп берді.

Сардоба дауы не берді?

Көктемдегі Сардоба апатынан кейін Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері Сырдария суын бірлесіп пайдаланудың тәртібін қайта қарауға келіскен болатын. Артынша екіжақты комиссия құрылғаны хабарланды. Осы комиссияның құрамында Нариман Қыпшақбаев та бар.

"Жуықта екіжақты келіссөзге қатысып қайттым. Өзбектер мүлде теріс сөйлеп отыр. Үйге ауырып қайттым. Мағзұм Мырзағалиев деген министріміз тыңғылықты дайындықпен барған екен, жақсы сөйледі. Ал өзбек жағынан сөйлеген Хамраев деген министр мүлде кері кетіп отырды. Қысқасы, олар біздің шартқа келіскелі отырған жоқ. Бұл мәселе Хамраев пен Мырзағалиевтің деңгейінде шешілмейтін түрі бар. Тіпті Премьер-Министрлер деңгейінде де шешілуі екіталай. О баста екі Президент қол алысқан екен, нүктені де өздері қоюы керек. Өзбек пен қазақтың дауы шешілсе, өрдегі екеуі тырп етпейді. Ол екеуінің 10 процентіне таласып отырған ешкім жоқ", - дейді көнекөз маман.

Сардоба су қоймасындағы апаттан кейінгі көрініс

Келісімге Президенттер қол қоюы керек деген сөзінің басқа да мәні бар көрінеді.

"Жер жүзінде 350 мемлекетаралық өзен бар екен. Соның біразын араладым. Күн сайын қақтығыс болып жататын Үндістан мен Пәкістан да су мәселесін реттеп алған. Соның бәрінде арадағы су келісіміне Президенттер қол қойған. Ал біздің қолымыздағы 1992 жылғы келісімде министрлердің қолы ғана тұр. Менің арманым – Совет кезіндегі тәртіпті бүгін Президенттер дейгейінде бекітіп, қатаң орындауымыз керек. Құжатты қарасаңыз, 12 айдың әрқайсында қанша су кіру керектігі нақты бөлініп жазылған. Соны орындатуымыз керек", - дейді ол.

Тәртіп орындалуы үшін 1988 жылы құрылған Сырдария бассейндік шаруашылық бірлестігінің басшылығына жемқорлықтан ада, мемлекет мүддесіне бас ұрған Қазақстан азаматын қою кажеттігі туындап тұр бүгін. Осы бірлестік Сырдарияның арнасында тұрған каналдар мен су қоймаларының, бөгеттер мен тораптардың бәрін қадағалап отырады. Мемлекетаралық комиссия бөліп берген норманы орындатқызу – негізгі міндеті.

"1988 жылы осы бірлестіктің бастығын өзбектен қойды. Мен қарсы болдым. Кейін "Мемлекетаралық институт басшыларының ротациясы туралы заң қабылданды. Ол бойынша басшылар ауысып отыруы керек-тұғын. Бірақ ол тәртіп жайына қалды. 32 жыл бойы бірлестікті өзбектер басқарып келеді. Кеше Сардоба келіссөзінде бірлестікті бір уақ қазақ басқарсын деген ұсыныс айтылды. Бірақ өзбектер бізге тек орынбасардың қызметін берсек деп отырған көрінеді. Бірлестіктің бірінші басшысы қазақ болғанда ғана мониторинг мәліметтері біржақты бұрмаланбайды", - дейді Нариман ақсақал.

Сырдарияның бойындағы 3,5 млн гектар алқаптың әр гектарына орта есеппен жыл сайын 10-12 мың текше метр су шығындалады екен. Ол суды егіске тарататын арық-каналдардың жалпы ұзындығы – 300 мың шақырымға таяу. Осының кесірінен судың 30 пайызы егістікке жетпей, құмға сіңіп, ысырап болуда.

"Қызылордада күріш алқабының әр гектарына  20 мың текше метр су кетеді. Ал Вьетнамда, Қытайда, Үндістанда гектары 10-12 мың текше метр ғана су ішетін сұрыптар бар. Сондай сұрыптарды өзіміз шығаруымыз керек. Қызылордада күріштің суды аз тұтынатын сұрыптарын шығаратын институт болған. Оны да жауып тынды. Мақтаға келсек, Өзбекстан әр гектар алқапқа 8-10 мың текше метр су шығындайды. Ал Израильде 7 мың текше метр ғана. Біз құмды емес, өсімдікті суарымыз керек. Жиырма бірінші ғасырда отырып екі мың жыл бұрынғы әдіспен егіс суарып отырмыз. Жаңағы айтқан 3,5 млн гектар жердің 90 пайызы кетпенмен суарылады.  Ал мұндай әдісте арыққа жақын көшет нормадан 1,5 есе артық су ішсе, ең алыстағысы тура нормасын алады. Осыдан-ақ қанша судың ысырап болып жатқанын ұғуға болады. Орталық Азиядағы су мәселесі соғыссыз шешілмейді деп қорқыныш тудырудың қажеті жоқ. Су бар. Соны реттейтін бас болмай тұр", - деді ол сөзінің соңында.  

Шөлейтте отырып су экспорттаймыз

Тарихта трансшекаралық өзенді пайдалану мәселесі сотқа дейін жеткен жағдайлар бар екен. Бұл туралы бізге Жапония ұлттық саяси зерттеулер институтының PhD докторанты, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Зүлфия Сүлейменова айтты. Оның айтуынша,  Дунайды ың-шыңсыз пайдаланып отырған Еуропаның 14 мемлекетінен үлгі алу үшін Орталық Азия елдеріне әлі біраз еңбектену қажет.

 "Тарихта "Габчиков-Надьмарош келісімі" деп аталатын танымал кейс бар. Чехословакия ыдырағаннан кейін Венгрия мен Словакия 1993 жылы Халықаралық сотқа жүгініп, Дунайдың суын бөліп пайдалану мәселесін көтерген. Халықаралық сот бұл дауға тек 1997 жылы нүкте қойды. Ал Рейн өзенінің ластануы бойындағы 9 мемлекетке де ауыр тиді. Өзара бір тоқтамға келе алмаған мемлекеттер хлоридпен ластанған өзеннің мәселесін 70 жыл өткенде барып шешкен. Осыдан-ақ трансшекаралық өзендер мәселесі бір демде шешіле салмайтынын көруге болады", - дейді маман.

Жағасында бірнеше елдің астанасы бой көтерген Дунай өзені

Ғалым алпысыншы жылдардағы мақта дағдарысы Әмудария-Сырдария-Арал су жүйесінің табиғи қалыбын бұзуға сылтау ғана болды деп есептейді.

"Совет одағы құрылған кезде-ақ Орталық Азияда ірі ирригациялық жобалар жоспарланған болатын. Оны билік шөлейт даланы жасыл желекке айналдыру деп насихаттады. Осылайша әлемдегі ең күрделі су жүйесінің құрылысы басталды. Ал сол жүйені басқару проблемасы әлі күнге дейін шешімін таппай келеді", - дейді сарапшы.

Сыр өңірінің шөлейттенуін ғаламдық жылыну одан әрі жылдамдатып жатыр. Аралдың қаңсыған табанынан ұшқан тұзды тозаңдар өзен бастау алатын мұздықтарды қарқынды ерітуде.

"Кейінгі 30 жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың көлемі 20-30 пайызға кеміген. Ғалымдар жыл сайын ғаламдық температура Цельсий өлшемі бойынша 0,8 градусқа жылынып отырғанын айтады. Ал Орталық Азияда бұл көрсеткіш екі есе жоғары", - дейді Зүлфия Сүлейменова.

Шөлейтте отырып су экспорттаймыз – Зүлфия Сүлейменова

Совет одағы ыдырағаннан бері Сырдария бойындағы 4 мемлекет өз бетімен бірнеше гидротехникалық нысан салып алды. Етектегі Қазақстан Көксарайды салса, өрдегі Қырғызстан Сырдарияның негізгі саласы саналатын Нарын өзенінің бойындағы Қамбарата кешенін қолға алды. Ал Өзбекстан Арнасай ойпатында Разаксай, Қаңлысай, Сардоба қоймаларын салды. Енді СЭС-тер тұрғызбақшы. Тәжікстанда Вахше жобасы қолға алынған. Әмударияның саласында Сангтуды СЭС-і салынды. Рогун СЭС-ін салсақ деген жоспары тағы бар.

"Бұл жобалардың бәрі бес мемлекеттің мақұлдауымен бой көтерді деуден аулақпын. Алайда халықаралық құқық бойынша трансшекаралық өзеннің бойындағы барлық нысан өзге елдердің келісімімен салыну керек деген талап жоқ. 1997 жылғы конвеция бойынша өңірге елеулі деңгейде кері әсері болуы мүмкін жобалар ғана шекаралас мемлекеттердің мақұлдауынан өтуі керек", - дейді Зүлфия Сүлейменова.

Президенттік кадр резервінің алғашқы жиынында Зүлфия Сүлейменова суды аз шығындайтын өндіріске басымдық беріп, ысырабы мол кәсіп түрлерін шектеуіміз керек деген ұсыныс айтқан болатын. Қазір сол ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау тауып, нақты шешімдер қабылданып жатқан көрінеді.

"Ғылымда "виртуалды су" деген түсінік бар. Қандай да бір өнімді шығаруға жұмсалатын судың шығынын осылай атайды. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанды шөлейтте отырып су экспорттайтын ел деуге болады. Мысалы, бір келі мақта алу үшін 20 мың литр су қажет. Ал бір келі бидай алу үшін 1400-1800 литр су шығындаймыз. Бір гигаджуоль мұнай өндіру үшін 72 литр су ысыраптаймыз. Бір келі аллюминий өндіру үшін 100 литр су керек. Экспорттың басым бөлігін шикізат құрайтын Қазақстан осылайша виртуалды суды қисапсыз экспорттап жатыр деген сөз", - дейді сарапшы.

Жыл сайын Қазақстан орта есеппен 70 млн тонна мұнай, 8 млн тонна бидай, 180 мың тонна алюминий, 280 мың тонна мақта экспорттайды. Сәйкесінше мұнаймен бірге 211 млн м3, бидаймен бірге 12,8 млрд м3, алюминимен бірге 18 млн м3, мақтамен бірге 5,6 млрд м3 виртуалды су экспорттаймыз деген сөз.

"Қазақстан жуырда ғана арнайы концепция қабылдады. Ол бойынша елдегі жалпы ішкі өнімнің әрбір 1000 долларына жұмсалатын су шығынын 91,2 м3-тен 73,0 м3-ке азайту көзделген. Бұл дұрыс бағыт", - дейді ғалым.

Түйіндеп айтсақ, Сырдарияның суынан алатын үлесімізді үнемді пайдалану үшін жаңа технологияларға басымдық берілуі тиіс. Ал 32 жыл бойы Ташкентке кеткен есені қайтару үшін "Сардоба" келіссөзі Президенттер деңгейінде шешілуі керек. "Ымырашыл" Шавкат Мирзияев пен "плюралист" Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-өзбек қатынасын жаңа деңгейге көтеруі тікелей осы келіссөзден басталуы да ғажап емес.  Байқасаңыздар, трансшекаралық өзендер туралы үшінші мақаламызда да Ресейдің аты аталды. Ертіске солтүстіктегі көршіміздің тікелей қатысы болса, Іле мен Сырдария мәселесінде де мүддесі бар екенін аңғардық. Ал Жайықтың қазіргі мүшкіл ахуалы Мәскеуде қабылданатын шешімге тікелей тәуелді болып тұр. Ол енді басқа мақаланың жүгі.

Есімжан Нақтыбайұлы  


Telegram каналымызға жазылыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу