Тариф соғысы Бейжіңнің бағытын өзгертті

4672

Америкамен арадағы сауда соғысы Қытайды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерімен экономикалық байланысты күшейтуге итермелеп отыр.

Тариф соғысы Бейжіңнің бағытын өзгертті

Қытайдың Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен (ШЫҰ) сауда-саттығы 2018 жылы 337 млрд долларға жетіп, 2013 жылдан бері 47 млрд долларға көтерілген. Ұйымның Кәсіпкерлік серіктестік жөніндегі бірлескен орталығы жақында жариялаған зерттеуге қарағанда, Бейжіңнің ШЫҰ аясындағы саудасының өркендеуіне оның осы еуразиялық блокта Ресеймен, Үндістанмен экономикалық байланысының күшеюі себепші.
Бұл зерттеу Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының өткен аптада Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен саммиті барысында  жарияланды. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қызған шақта жарық көрген баяндамада Бейжіңнің ШЫҰ құрамындағы елдермен сауда-саттығы егжей-тегжейлі сарапталған. Сонымен қатар, құжатта әлем халқының жартысына жуығы өмір сүріп жатқан және дүниежүзілік жалпы ішкі өнімнің 20 пайыздан астамы өндірілетін аймақтың экономикалық әлеуеті артып келе жатқаны айтылды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан бірлесіп құрды. Үндістан мен Пәкістан оған 2017 жылы толық мүше болып қосылды. Ал, Ауғанстан, Беларусь, Иран, Моңғолия бұл блокта бақылаушы мәртебесіне ие болса, өзге алты мемлекет - Әзербайжан, Армения, Түркия, Камбоджа, Непал, Шри-Ланка - ШЫҰ-ның диалогтық серіктестері.
Өткен жылы Америка Құрама Штаттары Қытайдың ең ірі серіктесі болып, екі жақтың саудасы 600 миллиард долларға жеткен. Бұл – Бейжіңнің Шанхай Ынтымақтастығы  елдерімен арадағы  саудасынан шамамен екі есеге жоғары көрсеткіш. Алайда екі экономикалық держава арасындағы экономикалық тайталас өршіген үстіне өршіп, оның бүгін-ертең аяқталар түрі көрінбейді. Сондықтан бірқатар сарапшының ойынша, Қытай үшін ШЫҰ мемлекеттерімен сауда-саттықты әрі қарай кеңейту өмірлік маңызы зор шаруаға  айналады.
"Қытай – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құрушы елдердің ірі. Ол әрі қарай аймақ мемлекеттері арасындағы экономикалық серіктестік пен интеграцияны тереңдете түсуге күш салады. Егер қазіргі сауда және технологиялық соғысты ескеретін болсақ, Қытай өзі үшін  ШЫҰ-ның алдағы жылдары шешуші рөл ойнайтынын түсініп отыр. Өйткені Бейжіңге ауылшаруашылығы өнімдерін импорттау керек және де оған өз технологиясын сататын жаңа нарық қажет болады", - дейді Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Кәсіпкерлік серіктестік жөніндегі бірлескен орталығының Бейжіңдегі кеңсесінің жетекшісі Олим Алимов Қытайдың CGTN Digital халықаралық телеарнасына берген сұқбатында.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері лидерлерінің 19-шы саммиті Қырғызстан астанасында маусымның 13-14-і күндері өтті. Онда Қытай президенті Си Цзиньпин ШЫҰ-ны болашағы ортақ, байланысы тығыз қоғамдастыққа айналдыруға шақырды. Сонымен қатар, мемлекет жетекшілері осы ұйымның экономикалық байланыстарын нығайтуға және ашық әлем экономикасын бірлесіп дамыту жолында ынтымақты күшейтуге үндеді.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіретін 18 елде планета тұрғындарының 44 пайызы өмір сүріп жатыр және де Еуразия құрлығының 80 пайызы - осы блоктың еншісінде. Бұған қоса, әлемдік экономиканың 21 пайызы, халықаралық сауданың 19,8 пайызы – ШЫҰ-ның үлесінде. Дегенмен былтыр Қытай импортының небәрі 5,9 пайызы, экспортының 8,5 пайызы  осы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мемлекеттерімен жүзеге асырылған екен.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жаңа экономикалық ғажайыпқа айналуы мүмкін бе?
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Кәсіпкерлік серіктестік жөніндегі бірлескен орталығы Халықаралық валюта қоры мен Қытай сауда министрлігінің мәліметтеріне сүйене отырып жариялаған зерттеуде Бейжіңнің импорты мен экспорты жайлы жан-жақты инфографика берілген.
Оған жүгінсек, Қытайдың ШЫҰ мемлекеттеріне экспорты соңғы бес жылда 35 миллиард долларға артты: яғни, 2013 жылы ол 177 миллиард долларды құраса, 2018 жылы 212 миллиард долларға жеткен. Дәл осы кезеңде Бейжіңнің осы ұйым елдерінен импорты 12 миллиард долларға өсіпті: 113 миллиардтан – 125 миллиард долларға дейін.
Қытайдың Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы мемлекеттерімен саудасының 60 пайызы Ресеймен, Үндістанмен жасалып, оның жалпы көлемі былтыр 202,52 миллиард долларға жеткен.
Бейжің 2018 жылы Үндістанға 77.02 миллиард, Ресейге - 48, 07 миллиард, Түркияға  -17,94 миллиард, Пәкістанға - 16,97 миллиард, Қазақстанға  - 11,41 миллиард доллардың тауарын экспорттапты. Айта кетсек, бұл елдер Шанхай Ынтымақтастығы Ұйым шеңберінде Қытай экспортының топ-бестігіне кіреді.
ШЫҰ аумағында Қытай өнімдерін импорттаудан бірінші Ресей  (58.58 млрд доллар), екінші - Иран (21.97 млрд), үшінші – Үндістан (18.85 млрд ), төртінші – Қазақстан (8.53 млрд), бесінші орында – Моңғолия (6.28 млрд) тұр. Шанхай Ұйым аясында бұл мемлекеттер Қытай импорты үшін алғашқы бестікке кіреді.

"Біз елден елге өтіп, терең зерттеу жүргізіп, Қытаймен кімдердің сауда жасап жатқанын, кімдердің пойызды жіберіп алып жатқанын анықтадық. Түсіне білсек, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы тұрақтылықтың негізі ғана емес, экономикалық ғажапқа да себеп бола алады. Өйткені онда бұған қажетті барлық механизмдер бар", - дейді Алимов.
Бірқатар экономистердің ойынша, ШЫҰ елдерінде ауылшаруашылығы АҚШ-Қытай сауда соғысынан ұтатын секторға айналуы мүмкін. Өйткені Қытай – ірі тұтынушы нарық. Онда орта тапқа кіретін адамдар саны, кейбір мәліметтерге қарағанда, 700 миллион адамға жеткен. Сондықтан бұл мемлекетке дәнді-дақылдар мен астық тәрізді ауылшаруашылығы өнімдерін бұрынғыдан көбірек сатуға мүмкіндік туындап келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу