Трамптың келесі сайлауда жеңіске жетуіне не кедергі?

1912

Үш жағдай Дональд Трампты негізгі сайлаушыларының дауысынан айырып, келесі президенттік сайлауда жеңіске жетуіне кедергі келтіруі мүмкін. 

Трамптың келесі сайлауда жеңіске жетуіне не кедергі?

Техас штатындағы нәсілшілдік төңірегінде болған жаппай адам қырғыны, қор нарығының күрт құлдырауы және Қытаймен арадағы сауда соғысында Трамп уәде еткен мәмілеге қол жеткізе алмай қалуы мүмкін деген күдік. Аталған үш жағдай Дональд Трампты негізгі сайлаушыларының дауысынан айырып, келесі президенттік сайлауда жеңіске жетуіне кедергі келтіруі мүмкін. 

Эль-Пасо мен Дэйтондағы атыс және Трамптың қару-жарақ саудасын қатаңдатуға қатысты шара қабылдауға құлықсыздық танытуының кесірінен қала маңындағы елдімекендерде Республикалық партияны қолдаушылардың саны азайып барады. Өйткені бұл жерлерде тұратын жоғары білімді мамандар, әсіресе әйелдер қару-жарақ арқылы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату шараларын қолдап отыр. Бұл Трамп пен Республикашылдар үшін үлкен қауіп төндіруде.

Қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын америкалық институттың жазуынша, соңғы жиырма жылдағы қару-жарақ саудасын қатаңдату мәселесі тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Сайлаушылардың 25 пайызы дауыс берерде осыған қатысты қай үміткердің позициясы олардыкімен сәйкес келсе соны қолдатынын айтты. 

Трамп президенттік сайлауда фермерлік штаттардың қолдауы арқасында жеңіске жетті. Енді олардың көпшілігі Қытайға салынған салықтың ауыртпалығын бастан кешіріп отыр. Дүйсенбі күні олардың жағдайы күрт нашарлап кетті. Өйткені Бейжің америкалық ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алуды тоқтататынын мәлімдеді. Қытайды бұл қадамға итермелеген Трамптың шешімі болатын. Ол 1 қыркүйектен бастап 300 миллиард доллар тұратын қытайлық тауарларға 10 пайыздық салық енгізетін жариялаған еді. Бұл фактор да Ақ Үй басшысының қолдаушылар санын азайтатыны сөзсіз. 

Бейжіңнің дүйсенбіде ұлттық валютаны әлсіретуі Қытайдың америкалық тауарларға деген сұранысын төмендетіп жіберді. Бұл дегеніңіз АҚШ-ты экономикалық стреске душар етеді деген сөз. АҚШ-тағы Bloomberg сарапшысы Карл Риккадоннаның айтуынша, жеткізілім тізбегінің бұзылуы корпорациялардың кірісіне, кәсіпорындардың сенімі мен сұранысына кері әсерін тигізеді. Бұның арты рецессияға ұласып кетуі мүмкін. 

Әзірге Трамптың қайта-қайта Қытайға салық салу арқылы оларды келіссөз жүргізуге мәжбүрлеуі мен оның Твиттердегі жазбалары айтарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ. Керісінше, жағдайды ушықтыруда. Тіпті кейбір сарапшылар қос алпауыт арасындағы келіссөздер 2020 жылғы сайлауға дейін өтпейтінін топшылап отыр. 

Бірақ, сайлауға дейін әлі 15 ай бар. 2020 жылдың 4 қарашасына дейін Дональд Трамп өз саясатын өзгертіп, жақтаушылар санын арттырып немесе жаңа қолдаушылар табуына мүмкіндігі бар.  

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу