banner

Ташкент Шымкент арқылы саудасын қыздырғысы келеді

Клара Ларина Клара Ларина
3405

Ташкенттің өндірушілері Шымкентте өз мүмкіндіктерін паш етті.

Ташкент Шымкент арқылы саудасын қыздырғысы келеді

Шымкентте Ташкент қаласы тауар өндірушілерінің алғашқы көрмесі өтіп жатыр. Оны өткізу туралы келісім биылғы жылдың наурыз айында ОҚО өкілдері Өзбекстан астанасына сапар шеккен кезде жасалған болатын. Бұл шара екі бауырлас мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту және одан әрі дамыту үшін жасаған нақты қадамның бірі ретінде қарастырылып отыр.

Алғашқы көрмеге машина жасау, электр техникасы, металлургия, химия, жеңіл, тамақ, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, көпшілік пайдалантын тауарлар, опа-далап және гигиеналық заттар, ойыншықтар мен кәдесый саласында жұмыс істейтін 200-ден аса кәсіпорын қатысты.

Жалпы есеппен көрмеде мыңнан астап тауар түрлері болды.

Ташкент хәкімінің бірінші орынбасары Нозим Хұсанов атап өткендей, бірінші өнеркәсіптік көрме Ташкент кәсіпорындарының әлеуетін көрсетеді.

"Әрине, бар күшіміз осы ғана емес, – деп нақтылады ол. – Бұл бірінші көрме және болашақта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады деген ойдамыз".

Ташкент хәкімияты бас экономика басқармасының өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бастығы Ольга Ларина Ташкентте қазір 11,5 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты. Олардағы өндірістің жалпы көлемі – 22 трлн сомнан асады.

Көрмеге құрылыс және әрлеу материалдары көптеп әкелдінді: цемент пен тастан жасалған бұйымдар, жеңіл отқа төзімді кірпіштер, шыны мозайкалар, сырлау бұйымдары, қоспалар. Ал жеңіл өнеркәсіп өнімнің алғашқы кезеңі – тоқыма жіптен бастап, дайын киім-кешекке дейін ұсынылды.

Автономды күн фотоэлектрлік станциялар, күн су жылытқыштар, панельдер, прожекторлар мен аккумуляторлар өндіретін All Solar компаниясының бөлімінде біраз адам жиналды.

Сонымен қатар Yo’l Mahsus Servis компаниясы шығаратын бағдаршамдар да көпшіліктің қызығушылығын оятты. Үйреншікті бағдаршамнан айырмашылығы оларда уақыт есептеу құрылғысы сары шамның ішінде орналасқан.

"Сіздердегі бағдаршамда уақыт есептеу құрылғысы бөлек орналасқан, яғни оны бағдаршамнан дара сатып алу керек. Біз жасаған үлгі біраз қаражат үнемдейді, себебі оған бөлек құрылғы қажет емес. Одан басқа, біздің бағдаршам жарықдиодты, бұл да электр энергиясының шығынын 10 есеге дейін үнемдейді", – деп түсіндіріп берді фирма директоры Сергей Трахтенберг.

Ташкенттіктер көрмеде ұсынылған тауар бірреттік сатып алушылармен ғана шектелмей, бизнес бойынша ұзақмерзімді серіктес табады деп үміттенеді.

Ташкенттіктердің біздің елге жасаған сапары бір көрмемен шектелмейді. Осы шараның қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Ташкент хәкімінің бірінші орынбасары Нозим Хұсанов бастаған делегаттарымен кездесуі өтті. Көрме барысында кәсіпкерлер арасында бетпе-бет кездесулер ұйымдастырылады, ал шара соңында қонақтар Шымкенттің инустриялы аймақтарын және "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағын көреді.

Сонымен қатар Ташкент пен Шымкент арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

Міндет – тауар айналымын арттыру

Жалпы алғанда екі жақ та көрмеге үлкен үміт артып отыр.

"Көрмеден кейін бизнесмендер, іскер адамдар кездесіп, хаттамалар мен меморандумдарға қол қояды деп ойлаймын. Бұл Ташкент пен Шымкеттің кәсіпкерлері арасындағы өзара сауда қатынастарына тың серпін береді, елдер арасындағы бауырлас қарым-қатынастың нығаюына жол ашады", – деп баса айтты Жансейіт Түймебаев.

Нозим Хұсанов та осындай нәтижеге үмітті екенін білдірді және Ташкент өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Екі тарап та бұл кездесуден күтілетін басты нәтиже туралы сөз қозғады, яғни көрме өзара тауар айналым көлемін арттыруға үлес қосады деп күтіледі.

"Бүгінде Қазақстан біздің еліміздің жетекші сыртқытауар серіктестерінің бірі болып табылады, – деп назар аударды Нозим Хұсанов. – Ташкенттің сыртқы сауда айналымындағы Қазақстанның үлесі былтыр 10%-дан асты. Сандық есеппен бұл 500 млн доллар. Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша көрсеткіш 150 млн долларға жетті".

"Қазіргі кезде біздің елдер арасындағы экономикалық қатынастардың жанданып келе жатқаны байқалады, – деді өз кезегінде ОҚО әкімі. – 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның Өзбекстанмен жасаған сыртқы сауда айналымы 1,5 млрд долларға жетті, оның 30%-дан астамы немесе 532,4 млн доллары Оңтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиеді".

Кездесуде мәлім болған мәліметке сәйкес, қазір Өзбекстанда шамамен 230 кәсіпорын қазақстандық капиталдың қатысуымен жұмыс істеуде, оның 150 Ташкенттің өзінде орналасқан. Ал Қазақстанда 130-дан астам бірлескен өзбекстандық кәсіпорын бар, олар сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, медицина және білім беру салаларында жұмыс істейді.

Қазақстанның Өзбекстанға шығаратын экспортының басым бөлігін мұнай және оның өңделген өнімдері, ұн, дәнді-дақылдар өнімдері, қара, түсті металл, цемент, трансформаторлар, бейорганикалық химия өнімдері, азық-түлік тауарлары алады.

Ал Өзбекстаннан Қазақстанға, өз кезегінде, көкөніс өнімдері, мақта, тоқыма және дайын тігін бұйымдары, тыңайтқыштар, механикалық жабдықтар, пластмасса, ағаш және гипстан жасалған бұымдар, мата импортталады.

ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының ақпараты бойынша, ОҚО-дан Өзбекстанға негізінен өсімдік майы, кондитерлік өнімдер, дәрі-дәрмек және трансформаторлар экспортталады.

Ал Өзбекстаннан ОҚО-ға жемістер, көкөністер, шырын, тоқыма бұйымдары мен кілемдер импортталады. ОҚО-дан Өзбекстанға экспортталған өнім көлемі өткен жылы 194 млн долларды құраса, импорт 338 млн долларға жетті.

Жансейіт Түймебаев 22-23 наурызда Астанада және 29 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында өткен елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің кездесуінде тауар айналымын 5 млрд долларға дейін арттыру туралы келісімге қол жеткізілгенін еске салды.

Бизнеске жол ашатын қақпа

ОҚО-ның мүмкіндіктері жоғары екеніне Жансейіт Түймебаев сенімді.

"ОҚО еліміздің ең тығыз орналасқан өңірі болып табылады, – деп түсіндіріп өтті ол. – Оның көптеген сала бойынша әлеуеті зор. Облыс аумағында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істейді.

Біздің өңірде болашақ инвесторларға бизнесін дамыту үшін жақсы жағдай жасалған, 11 индустириалды аймақ және "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы орналасқан.

Облысымыздың аумағында Өзбекстанның кәсіпкерлерімен табысты қарым-қатынас жасайтын мыңнан астам кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс істейді".

Өңір басшысы Өзбекстан бизнесмендеріне ОҚО арқылы жалпы саны 200 млн адамды құрайтын ЕАЭО нарығына шығатын мүмкіндік ашылатынына баса назар аударды: "Егер сіздер өнімді бізде өндірсеңіздер не ортақ фирмалар, холдингтер, компаниялар ашсаңыздар шекаралық рәсімдерсіз, баж салығынсыз-ақ өз тауарларыңыызды одақ елдеріне сата аласыздар".

Осыған орай ол өзбекстандық әріптестерді бұл мүмкіндікті пайдаланып, ортақ кәсіпорындар ашуға шақырды.

"Қазіргі тауар айналымының көлемі екі жақтың да көңілінен шықпайды", – деді Өзбекстанның тауар-өнеркәсіптік палатасының аумақтық басқарма басшысы Ұлықбек Абдуллаев. Оның ойынша, бұл көрсеткіштерді екі-үш есеге емес, одан да жоғарға арттыруға болады.

Тауар айналымын арттыруға не кедергі деген сауалға Ұлықбек мырза келесідей жауап берді:

"Мен бұл сұрақты өз-өзіме қойдым. Біздің сауда-өнеркәсіптік палаталарымыз арасында тығыз байланыс орнатылмағаннан болар. Екіжақты тауарайналым көлемінің төмен болуы бір-біріміздің нарықтарымызды білмегеннен, бизнесті дамытуға жасалатын шаралар туралы ақпараттың жеткіліксіз болуынан деп ойлаймын".

Ұлықбек Абдуллаев атап өткендей, сауда-өнеркәсіптік палата Шымкентте ортақ кәсіпорыдар ашу жөнінде бірқатар іс-шара өткізуді ойластырып отыр:

"Біздің өңіріміз құрылыс материалдарын шығару саласында қарым-қатынас орнатуға мүдделі", – деп алдағы ынтымақтастықтың бір бағытын аңғартты.

Ал Ольга Ларина ОҚО басшысының ЕАЭО елдерінің нарығына шығу үшін осы өңірде ортақ кәсіпорындар ашу туралы ұсынысы көңілінен шыққанын мойындады. Ол да өз жерлесі сияқты өнеркәсіптік құрылыс материалдары саласында өзара тиімді байланыс орнату қажет деп есептейді.

Алайда Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын жандандырудың кемшіл тұстары да бар. Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев жақында өңірге жасаған сапарында айтып өткен болатын.

"Қазір Өзбекстанмен қарым-қатынас реттеліп келеді, экономикалық байланыстар кеңейеді. Осыған байланысты Өзбекстанның өндірушілерімен экономикалық бәсекелестік арта түседі. ОҚО өзбек тауарларының жолында алғашқы болып тұр. Бұл отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша ұсыныс жасауды талап ететін күрделі мәселе", – деді Тимур Құлыбаев.

Хикмат Райымбеков көршілес елдерде өндірілетін арзан тауардың көптеп келуі қазақстандық кәсіпкерлер үшін қауіп тудыратынын мойындайды. Бірақ бұдан үлкен трагедия көріп отырған жоқ, керісінше, бұл дамуға ықпал етеді деп есептейді:

"Нарықтың заңы осындай. ЕАЭО және ДСҰ аясында, әрине, отандық тауар өндірушілерді қорғау керек. Бірақ бәсекеге қабілетті тауар шығару үшін олар өздері қимылдауы керек. Қазақстанның кәсіпкерлері сапаға назар аударып, сонымен ұтуы керек деп ойлаймын".

Әйгерім Сүлейменова, Клара Ларина, Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу