Бұл туралы ведомствоның inbusiness.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтылған. Елде пластикті өңдеуге сұраныс жоғары, бірақ кәсіпорындардың өңдеу қуаты жеткіліксіз. Дегенмен пластикті өз бетінше жинап, өңдеп, кәдеге жаратып жүрген жобалар бар.
Ірі қалалардағы экобекеттер мен пластикті өңдейтін кәсіпорны жоқ облыстар
Алматы қаласында Almaty Arena кешенінің жанындағы эконстанцияға тұрғындар пластик, қағаз, картон, түссіз шыны бөтелкелер мен банкілер өткізеді. Бұл – қалдықтарды сұрыптап, өңдеуге жіберетін Ecosen компаниясының пункті. Ecosen-нің қала ішінде қайта өңделетін қалдықтарды қабылдайтын үш пункті бар. Ecosen менеджері Мұхтарбек Ілиястің айтуынша, қабылдау пунктерінде күн сайын 150-200 келі пластик жиналады, бұл бір айда шамамен 4,5 мың келі пластик деген сөз.
Сурет: Балжан Смаилова
"Адамдар картон, пластик, алюминий банкасын, металл және тағы да басқа қалдықтарды тапсырады. Осылайша оларға екінші өмір береді. Біз пластик қалдықтарды қабылдап, оларды Қазақстанның ішіндегі қайта өңдеу зауыттарына өткіземіз", - деді Ecosen менеджері Мұхтарбек Ілияс.
Мұхтарбек Ілиястың айтуынша, қалдықтардың көп бөлігі әлі де полигонға кетіп жатыр, ал онда пластик пен қайталама шикізат ұзақ уақыт шірімейді.
"Егер де 2023 пен 2024 жылдарды салыстыратын болсақ, адамдар шикізатты айтарлықтай көп тапсыра бастады", - деді Ecosen менеджері Мұхтарбек Ілияс.
Астанада да пластиктер мен қайта өңделетін қалдықты жинайтын пункттер бар. 2015 жылдан бері елордада жұмыс істейтін "LS Astana" компаниясының 3 қабылдау пункті тұрғындар өткізген тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, оны қайта өңдеу кәсіпорындарына жібереді.
"Осыдан 5 жылғы уақытпен салыстырғанда халықтың белсенділігі артты деуге болады. Мектеп оқушылары, тұрғын үйлерде тұратындар тұрмыстық қалдықты тапсырады", - деді "LS Astana" ЖШС директорының көмекшісі Гуляйхан Тулеубаева.
Қабылдау бөлімшелерінде айына пластиктің ПЭТ түрі тонналап жиналады.
"Біздің жіберген пластик қалдықтардан кәсіпорындар қайтадан ПЭТ жасап, күртешелердің астарын, түрлі түсті жіптерді шығарады", - деді Гуляйхан Тулеубаева.
Алайда мұндай пластикті өңдейтін пункттер елдімекенде жоқ. Экология министрлігінің бізге берген дерегінше, елде пластикті қайта өңдейтін жалпы қуаты 115 мың тонна болатын 50 кәсіпорын жұмыс істейді. Дегенмен Шығыс Қазақстан облысында, Ұлытау және Жетісу өңірлерінде пластикті қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Еліміздің жылына шамамен 400 мың тонна пластикті қайта өңдейтіндей әлеуеті бар. Десек те бүгінгі таңда бұл сала қарқын алған жоқ.
Инфографика: Ахтам Зиперов
Сала неге дамымай отыр?
Пластмассаны шығарғаннан кейін оны барынша жинап, қайта өңдеу аса маңызды.
"Пластик қалдықтар табиғатқа түскен жағдайда олардың түріне байланысты жүз жылдан мың жылға дейін ыдырайды. Мысалы, полиэтилен пакеттер 100-200 жыл аралығында ыдырайды. Ал пластиктен жасалған сусындарға арналған бөтелкелерде бұл көрсеткіш 450 жылға тең. Әрине, пластиктердің табиғатқа келтіретін зияны бар. Әлемнің әр түкпірінде пластиктен зардап шегіп жатқан биоалуантүрлілік саны көп", - деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова.
Қазақстанда 2016 жылы өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі енгізілгеннен бері 2021 жылға дейін қаптама қалдықтарды өңдеу деңгейі 2,6 пайыздан 21 пайызға дейін өсті. Себебі қалдық жинаушылар мен өңдеушілер утильалым есебінен төлем алып отырды, деді ол.
"Оларда бір мотивация пайда болды. Жаңа мекемелер ашыла бастады. Нәтижесінде, пластикті өңдеу деңгейі ұлғайған болатын. Бізде қабылданған жасыл экономикаға көшу концепциясы бойынша қалдықтарды өңдеу деңгейі 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жетуі керек. Сондықтан алдағы 5 жылда қаптама қалдықтарды өңдеуді қолға алу керек", - деді Лаура Мәлікова.
Сарапшы мәселені шешу үшін жүйелі шешімдер керек деп есептейді.
Қайта өңдеуге жатпайтын пластик түрлері бар. Эколог бұл санатта сүт және май өнімдері үшін қолданылған қаптама қалдықтары бар екенін айтты.
Сөзінше, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеудің экологиялық пайдасы полигондардағы қалдықтардың санын азайтады.
"Кез келген экологиялық тұрғыдағы өзгеріс ең әуелі мемлекеттен басталады. Мысалы, былтыр АҚШ-қа барған сапарымда мені таңғалдырғаны олардың қонақ үйлерінде біздегідей әр бөлмеге пластик бөтелкеге су құйып қоймайды. Әр қабатта су толтыратын құрылғы тұрады, сол жерге барып, суды өзіңіздің ыдысыңызға құйып, толтырсаңыз болады. Сондай-ақ, барша қоғамдық орындарда – әуежайда, темір жол станциясында, университетте, туристік орындарда сондай ауызсуды тегін толтырып алуға болатын, ішуге болатын қондырғылар орнатылған. Бұл – қалдықтарды азайтудың жүйелі шешімі. Оған қоса бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 6-шы мақсатын орындау, яғни ауызсуға және санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Сондықтан бұл жерде инфраструктуралық өзгерістер қажет", - деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы.
Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, әлемнің пластикпен ластануы оны ойланбай пайдаланудың нәтижесінде толық бақылаудан шығып кетті. Ал оның зардабы ауыр.
"Ғылыми зерттеулер әрқайсымыздың ағзамызда бірнеше грамм пластик бар екенін көрсетіп отыр. Бұл нанопластик деген атауға ие. Оның өте кішкентай бөлшектері қазірдің өзінде бүкіл жерде бар. Келешекте салдары қандай болатынын ешкім де білмейді", - деді эколог.
Дмитрий Калмыков пластикті қайта өңдеу мәселесі мемлекет тарапынан қолдау болған жағдайда ғана дамитынын баса айтты.
"Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл үрдісті бұрыннан бері ұйымдастыруға тырысқанымен, қазір ол іс жүзінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Бизнес қайта өңдеу саласына мемлекет тарапынан қолдау болған кезде ғана инвестиция құяды. Мен қайта өңдеу бойынша субсидияларды алу мүмкін емес болған соң ісін тоқтатып, банкротқа ұшыраған шағын қайта өңдеу кәсіпорындарын білемін", - деді ол.
Шетел тәжірибесі
Жапонияда тұрмыстық қалдықты сұрыптауға жіті мән беріледі. Әрбір тұрғын қоқысты нақты санаттарға бөлуге міндетті. Себебі сұрыпталмаған қалдық қабылданбайды. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сенсек, Күншығыс елінде жылына шамамен 9 млн тонна пластик өндіріледі, оның 80 пайызы қайта өңделеді әрі утилизацияға кетеді.
Ал Германияда пластиктерді қайта өңдеу үлесі 50-60 пайызға дейін жетеді. Пластиктен жаңа бөтелкелер, қаптамалар, құрылыста, жиһаз жасау саласында пластик бөлшектер, текстильді талшықтар өндіріледі. Мұнда да Жапониядағыдай қалдықтарды сұрыптау жүйесі жақсы дамыған.
Швеция тұрмыстық қалдықтарды толығымен қайта өңдеу және оны энергия көзіне айналдыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Полигондарға түсетін пластиктің көрсеткіші төмен. Қайта өңдеуге келмейтін пластик заттар қоқыс жағатын зауыттарға жіберіліп, кейін одан жылу бөлінеді.
Шешім бар: Пластиктен тастөсеуіш пен полимер люктерін өндіреді
Үй тазалауға арналған тұрмыстық химиядан қалған құты, пластик бөтелке, сусабын мен сұйық сабын құтылары, пластик ыдыстар, көлік бампері мен пластик жәшіктер тазартылып, ұнтақтағыш машинаға салынған соң лезде ұсақталған материалға айналды.
Ұнтақталған пластик құрылыс құмымен қондырғыда араластырылып, икемді әрі жұмсақ массаға айналғанша қыздырылды, кейін икемді қоспа шықты. Артынша ол формаға салынып, белгілі бір қысымда сығымдалып, полимер люгі жасалды. Люк суыған соң, тегістеліп, боялды.
Қарағандыдағы VSK.Karaganda кәсіпорны осылайша тұрғындар мен ұйымдардан жиналған пластикті өңдеп, одан полимер люктері мен тастөсеуіштер жасап шығарады. Кәсіпорын айына 700 тонна, күніне орта есеппен 2-2,5 тонна пластик зат жинайды. Мұнда 100-ге жуық адам еңбек етеді.
Үлкен шаһарларда шойыннан жасалған кәріз люктердің орнын полимер люктері басып жатыр. Полимер люктер қолдануға ыңғайлы, шірімейді, ұзақ мерзімге шыдайды, төмен және жоғары температураға төзімді. Асфальт қабатын тоздырмайды және көліктердің жүруіне ыңғайлы. Ең бастысы, шойын люктерді шешіп алып металға өткізгісі келетін ұрылардың полимер люктерге көзі түспейді.
Сурет: VSK.Karaganda
2012 жылдан бастап жұмыс істейтін VSK.Karaganda кәсіпорны әлеуметтік кәсіпкерлікті ұстанады. Бастапқыда мекеме картон жинап, оның бәрін Алматыға зауытқа жіберіп отырған.
"Алғашында қаражат та, адам ресурсы да жеткіліксіз еді. Жұмыстың ілгерілеуі үшін жақсы құрал-жабдықтар қажет болған. Кейін қаланың ішіне біртіндеп қабылдау пункттері орнатыла бастады. Басында олардың саны аз болатын. Бүгінде Қарағанды облысы бойынша 13 қабылдау бөлімшелері бар. Экостанциялар Теміртауда, Саранда, Шахтинск, Абай, Қарағандыда орналасқан", - деді VSK.Karaganda менеджері Асқар Хамитов.
Қарағандыдағы экобекет қоқысты қабылдап қана қоймай, оларды қайта өңдеуге де маманданған. Асқар Хамитов экопункттердің саны жеткіліксіз екенін айтты. Сөзінше, мекеме экостанцияларды жалға алады.
VSK.Karaganda биылдан бастап тастөсеуіш жасауды қолға алды. Оны әзірге тек тапсырыс бойынша жасайды.
"Келесі жылдан бастап толық сатылымға шығады деген жоспар бар. Қазіргі таңда полимерден жасалған люкқа сұраныс бар екенін байқап отырмыз. Олардың бағасы да, сапасы да адамдарға ұнап жатады. Айына 3 600 данадан 5 000 данаға дейін люк шығарылады. Бұл жылына орташа алғанда 48 мың тонна деген сөз. Люктың 80 пайызы пластик қалдықтардан, 20 пайызы құмнан тұрады", - деді Асқар Хамитов редакция тілшісіне берген сұхбатында.
Асқар Хамитов люк негізінен мамырдан қазанға дейінгі аралықта сұраныста болады дейді. Себебі бұл кезеңде адамдар құрылыс, жөндеу жұмыстарын жиі жүргізеді. VSK.Karaganda шығаратын бір люктың ең қымбаты 7 мың теңге болса, ең арзаны 3 мың теңгеден сатылады.
"Люктарды шығарып бастаған уақытта Қарағандыға олар Ресейден әкелінетін. Оның бір данасы 20 мың теңге тұратын. Ал ең арзаны 8 мың теңге еді. Біздің баға төмен. Бір дана люкқа кететін пластик қалдықтар мен құмның бағасын есептеп, содан өнімнің бағасы шықты", - дейді ол.
Қарағандыда мекеменің тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған базасы бар. Люк және тастөсеуіш шығаратын цех сонда орналасқан. Мекеме болашақта қоқыс жинауға арналған қара пакеттерді де шығармақ. Оны полиэтиленді қайта өңдеу арқылы өндіреміз деп отыр.
Бизнестің тасы өрге домалауы үшін мемлекеттің көмегі керек-ақ. Әсіресе, бұл экологияға үлес қосып отырған, табиғаттың ластануының алдын алып жатқан жобалар үшін аса маңызды.
"Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Үкіметтен көмек алмаймыз. Бағдарламалар бар, бірақ оларды былай есептеген кезде көмек айтарлықтай емес. Себебі несие алуға тура келеді, оның пайызы көп. Шарттары да кішкене қолайсыз. Негізінен Үкіметте бағдарламалар бар. Біз оларға қатыспаймыз. Бәрін өз қаражатымызбен істейміз", - дейді Асқар Хамитов.
Люктарды шығару үшін көбінесе жемістерді сақтауға арналған жәшіктер, көліктің бамперлері, тұрмыста пайдаланылатын пластик ыдыстар, ойыншықтарды пайдалануға болады.
"Алғашында бізде пластиктер бітіп қалатын. Қазір біз тек қана өзіміз жинаған пластиктерден ғана люктарды жасаймыз, сырттан сатып алмаймыз. Қарағанды қаласының әкімдігімен жасалған келісімге сәйкес, облыс орталығына сеткадан жасалған контейнерлер қойғанбыз. Осындай сеткалардың саны шамамен алғанда 500-ден асады. Әкімдік бізге 100 контейнер жасап берді. Қалғанының өзіміз істеп, орната бастадық. Сетканың сол жағында тұрған маңдайшада пластмасс бөтелке, полиэтилен мен жәшіктің суреті бар. Адамдар оның ішіне қағазды да, пластикті де, пластмасс ойыншық пен бөтелкені де тастайды. Бәрін арнайы көлікпен әкетеміз. Кейін оны қайтадан сұрыптамыз", - дейді VSK.Karaganda менеджері Асқар Хамитов.
Пластиктен жасалған дайын өнімді тұрғындар мен кәсіпкерлер сатып алатын көрінеді.
"Біз салықты көп төлейміз. Кәсіпкерлерге жеңілдік жасалу керек. Пластикке екінші өнім береміз. Экологияға зиян әкелмейміз. Логистика құны өсіп жатыр. Көмек болса, онда тіпті жақсы болар еді", - дейді Асқар Хамитов.
Бұл тәжірибені тек жекелеген өндіріс орнында емес, мемлекет деңгейінде де дамытуға болады.
Экология министрлігінен "Қарағандыдағы vsk.karaganda жобасы пластикалық қоқысты қабылдап қана қоймай, оларды қайта өңдеуге де маманданған. Өндіріс орнында пластиктерден люк, тастөсеуіш жасап шығарылады. Министрлік бұл тәжірибені қарастыруға және оны өзге өңірлерде дамытуға дайын ба?" деп сұрадық.
"Министрлік қалдықтарды полигондарға көмуге жол бермеу мақсатында олардың қайта өңдеу тереңдігін арттыруға бағытталған жобаларды қолдайды. Еліміздің аумағында пластик қалдықтарынан канализациялық құбырлар мен люктер, пленкалар, геотекстиль, гранулалар және басқа да өнімдер шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді", - делінген министрліктің жауабында.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.