Темір сынығын қорытатын алпауыт зауыт Үкіметтен көмек сұрады

5608

Елу миллиардтай табысы бар кәсіпорынның шығыны ішінара бюджеттен өтелуі мүмкін. 

Темір сынығын қорытатын алпауыт зауыт Үкіметтен көмек сұрады

Пандемия көп саланы, қаншама кәсіпорынды тұралатты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Таяуда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары арасында сұрау жүргізіпті. Зауыт-кәсіпорын жетекшілері мен топ-менеджерлерінің 59%-ы пессимизм танытып, ахуал ары қарай өзгеріссіз қалады деп санайды. Тек 20%-ы ғана "жақын арадағы келешекте ағымдағы уақытпен салыстырғанда қаржы-шаруашылық қызметі жақсарады" деп күтеді. Қалған 9%-ы кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі одан әрі нашарлайды деп болжайды.

Бір анығы, кәсіпорындардың біразы мемлекеттен қолдау-көмек күтеді.

"КазФерроСталь" ЖШС бас директоры Аида Бекманова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа өтінішпен жүгінді. Бұл – метал сынықтарын және қара метал қалдықтарын делдалсыз, өзі тікелей сатып алып, өңдеумен айналысатын ірі металлургиялық кәсіпорын. Ол осы "ломнан" әртүрлі метал өнімдерін жасайды. Жылына 500 мың тонна болат бұйымдарын өндіреді.

Ол Алматы қаласының Түрксіб ауданында тіркелген, өндірістік базасы да мегаполис аумағында орналасқан. Сонымен бірге өңірлерде құрылған филиалдары Алатау жақтағы негізгі өндіріс орнына метал сынықтарын үздіксіз жеткізеді.

"Біздің зауыт Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің қатарына кіреді. Өнімдері 100% экспортқа бағдарланған. 2019-2020 жылдары шетелге жөнелтірлен өнімнен түскен экспорттық түсім 46 миллиард теңгеден асты. Соның ішінде бюджетке миллиард теңгеден астам салық төледік. Кәсіпорын 800-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кезінде Инвестициялар және даму министрлігі "КазФерроСталь" компаниясын Қазақстанның 6 ірі металлургиялық зауыты тізіміне қосқан болатын", – дейді кәсіпорын басшысы. 

Компанияның өндірісті кеңейту, жаңғырту және өндіріс көлемін ұлғайту жоспары болған. 

Кейінгі жылдары болатты көп тұтынатын АҚШ пен Еуропа бұл салада біраз кедергілер, қосымша экологиялық салықтар енгізуде. Ал өз елімізде қолдау аз болып тұрған көрінеді.

"Бүгінде зауыт болат дайындамасының 3 түрін өндіріп, экспорттайды. Мысалы, былтырғы 2020 жылы оның СТ5 түрінің 79 мың 335,56 тоннасын жасап, шетелге 26 миллион 818 мың долларға (11 миллиард 259 млн теңгеге) өткіздік. СТ3 түрін 167 мың 638,36 тонна көлемінде өндіріп, 57 млн 144,5 мың долларға немесе 23 млрд 433,6 млн теңгеге 100% экспорттадық. Ал СТ20ГС түрінің 5 мың 181,87 тоннасын шығарып, оны жаһандық нарыққа 1 млн 710,4 мың долларға немесе 734,8 млн теңгеге саттық. Кәсіпкерлік кодексте индустриалдық-инновациялық қызмет нысандарына мемлекеттік қолдау, отандық өңделген тауарлар экспортын ілгерілету шаралары қарастырылған. Бірақ біздің зауыт шығаратын болат дайындамалардың үш түрінің тек біреуі ғана осы қолдау тізіміне кіреді", – дейді кәсіпорын басшысы.

Бұл жерде мәселе "Отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу" тізбесі туралы сөз болуда. Көптеген кәсіпорын өз өнімін соған енгізуге тырысады. Сонда оның шығындарының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алмақ.

Қалай болғанда, ел Үкіметі металлургиялық алпауыттарды қорғауға бейім отыр. Кәсіпорын басшысына қайтарған жауабында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов әріптесі Бақыт Сұлтановқа осы мәселені құлаққағыс ететінін жеткізді.

"Шығындары ішінара өтелетін отандық өңделген тауарлардың тізбесіне қосу мәселесі қазір Сауда және интеграция министрлігінің (СИМ) құзырына жатады. Өз кезегінде біздің министрлік СИМ-ге аталған тауарларды сол тізімге қосу туралы ұсыныс бағыттайды", – деді министр.

Онсыз да күреп табыс тауып отырған компанияның шығынын ішінара өтеуге бюджеттен қанша миллиард жұмсалатыны әзірге белгісіз.

Жалпы, металлургтердің тәбеті арта беруі ықтимал. Өйткені биылдан бастап, АҚШ қазақстандық тау-кен өндірісі өнімдері – болат, уран, ферроқорытпа, тантал, кремний, қорғасын, мырыш, бериллий, хром және металдардан жасалған бұйым түрлері үшін ұзақ жылдар бойы қолданылып келген преференцияларын жойды. Осы GSP режимін жою туралы шешімді Президент болып тұрған тұста, өткен жылдың аяғында Дональд Трамп қабылдаған болатын. АҚШ Конгресі бұған қарсылық танытпай, келісе салды. Нәтижесінде, биылдан бастап америкалық нарыққа отандық осы тауарлардың кіруі қиындады. Себебі кедендік баж салығы артты.

Айтқандай, америкалық құқық қорғаушы ұйымдар "кәсіподақтарды қудалағаны үшін" Қазақстанды осы преференциядан айыруды талап еткен болатын.

Әйтсе де, Сауда және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, АҚШ Конгресі бұған дейін осы игілікті пайдаланып келген барлық 119 елді тегіс GSP режимінен шығарып тастады.

"Осылайша, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап өзге елдерге қолданылған кедендік баж салықтарының базалық мөлшерлемесі бүкіл 119 елге, соның ішінде Қазақстан тауарларына да қолданыла бастады. Бұл ретте кедендік баж келесідей өсті: уран бойынша – 3,33%; ферроқорытпалар – 4,73%; тантал – 2,5%; кремний – 5,4%; қорғасын – 2,5%; мырыш – 1,5%; бериллий – 5,5%; хром – 3%", – деп түсіндірді СИМ.

Бұған қоса, АҚШ өздеріне барлық елдерден келетін болат пен алюминийге айыппұлдық баж алымын енгізді. Еуроодақ та өз өндірушілерін қорғау үшін ұқсас тетіктерге жүгініп жатыр.

Осылайша, метал нарығы жыл өткен сайын саналуан қыспаққа қалуда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу