Теміртау маңындағы ауыл 30 жылдан бері құрттаған су ішіп отыр

2151

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы. 

Теміртау маңындағы ауыл 30 жылдан бері құрттаған су ішіп отыр

Liter.kz: "Уәдеден шаршадық: Теміртау маңындағы ауыл тұрғындары 30 жылдан бері құрттаған су ішіп отыр", деп жазады аталмыш газет тілшілері. Бұл суды ішуге болмайды, балалар ауырып жатыр, ал жергілікті билік бұл мәселеге назар аударар емес.

Күллі әлем Илон Масктың ракеталары мен 5G-ді талқылап жатқан тұста кейбір қазақстандықтарға жай ғана су құбыры арман. Теміртаудан 15 шақырым жерде орналасқан Тасауыл атты елдімекен тұрғындары 1990 жылдан бері сусыз отыр. Ауыл тұрғындары су алу үшін бірнеше шақырым жердегі жалғыз су тартқышқа барады. Бұл жердің суы құрттап кеткен, бұл сумен ыдыс жууға да болмайды, бірақ амал жоқ. Балалары осы судың сапасыздығынан жиі ауырады. Сол себепті ауыл тұрғындары әрдайым жергілікті билік өкілдеріне шағым айтады, ал олар өз кезегінде құрғақ уәде беріп қана қояды. 

"Су өзекті мәселенің бірі болып тұр. Біз техникалық суды пайдаланып отырмыз. Техникалық судың аты техникалық су, ештеңеге жарамайды, онда қоқыс болады, құрт болады, лас болады. Ыдыс жууға келмейді. Сол себепті бізге таза су құбырын тарту керек. Балаларымызға құтыдағы суды сатып алып береміз. Әкімшілік су жүргізіп береміз деп 2003 жылы уәде еткен", –дейді ауыл тұрғыны Сәуле Тұрманова.

camonitor.kz: Аталмыш басылым кезекті мақаласын қазақ киносындағы мәселелерге арнаған. Бірақ бұл жолы сала кемшіліктері жайында сыншы немесе сарапшы емес, көрермен-киносүйгіш өз ойын білдірген.

Өз пікірін ортаға салуға ниет білдірген көрерменнің есімі – Данияр Наурыз. Оның пікірінше, отандық киноматографияның деңгейі – жалпы Қазақстанның қалай қалыптасқанын көрсететін маңызды индикатордың бірі. Сол себепті көркем фильмдер мен мультипликацияны қоғамнан бөлуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық киногерлердің шығармашылық және азаматтық шикілігін көруге болады.

"Қарапайым мысал келтірейік. Қазақстан ғарышқа ұшу үшін айлақ алаңына айналды, мемлекеттің табиғи байлығы ғарыштық бағдарламаны іске асыру үшін айтарлықтай қолайлы болды. Алайда бұл тақырып отандық киноматографияда көрсетілмеген, ғылыми фантастика жанры мүлдем жоқ. Ал бізде жазушы-фантастар жоқ емес. Мәселен, КСРО Астрономиялық қоғамының мүшесі Жүніс Сахиев бар. Біз күні бүгінге дейін тұңғыш қазақ ғарышкері Тохтар Әубәкіров туралы биографиялық фильм түсірген емеспіз", – дейді Данияр Наурыз.

caravan.kz: Қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздардың мұңына арнаған мақаланы осы газет бетінен оқуға болады. Ұстаздардың айтуынша, дәрісті өз тілінде жүргізгені үшін ағылшын тілі мұғалімдері марапатталады, ал қазақ тілінің ұстаздары сөгіс алады.

Қыркүйектің 22-сі күні Қазақстанда Тілдер мерекесі аталып өтеді. Жыл сайын бұл күнге орай түрлі шаралар ұйымдастырылып, ән айтылып, би биленеді. Үстіміздегі жылы пандемияға байланысты бұл шаралар онлайн түрінде өтеді.

Басылымның хабарлауынша, бұл шараның жағымды және жағымсыз жағы бар екен. Бұл туралы газет тілшілеріне өз есімін айтқысы келмеген ұстаздар қауымы жеткізген. Себебі тілге соншалықты мән берілгенімен бұл тілдің деңгейін Конституцияда көрсетілгендей мемлекеттік тіл дәрежесіне көтермейді.

"Ұстаз үшін ең қиын, психологиялық тұрғыда ауыр сәт – тілге деген менсінбеушілік. Біз балаларға осы тілді зорлап үйрететін сияқтымыз. Сол үшін бізге ата-аналар, басшылар жиі ұрысады. Қарапайым мысал келтірейік. Ағылшын тілі туралы сөз бола қалса, ата-аналар ұстаздың барлық талабын орындауға тырысады. Артық сөз айтпай, ақшасын аямай, керек дәптерін, оқулығын алып береді. Ұстаз сабақ барысында барлығын ағылшын тілінде, аудармасыз айтса, ешбір ата-ана наразылық білдірмейді. Ал енді қазақ тіліне келер болсақ, онда әңгіме басқаша өрбиді", – дейді ұстаз маман.

Сабақ барысында орыс тілінде аудармасы болмаса, ата-аналар шағым айтып, мектеп басшыларына барады. Өз кезегінде мектеп басшылары қазақ тілі пәнінің мұғалімін қыспаққа алады. Нәтижесінде сабақ екі тілде өтеді. Осындай мұңын айтқан ұстаздар неге өзге пән ұстазы болмағынын айтып, ренжіген.

express-k.kz: "Семейде мемлекет қорғауындағы ескерткіштер қирап жатыр", деп жазады басылым. Аталмыш газеттің хабарлауынша, ХІХ ғасыр ескерткіші – бұрынғы зооветеринарлық институт ғимараты қирау алдында тұр.

Бұл ғимараттың тағдырын енді арнайы құрылған комиссия өкілдері шешеді. Оның бүгінгі жағдайын зерттеген мамандар "30 жыл бұрын өртенген тарихи ғимарат апаттық жағдайда тұр" деп қорытынды жасаған.

"XIX ғасырда салынған ғимарат сәулет жағынан ерекшеленбейді, бұл тарихи ғимарат. Бұл жерде кезінде қыздар гимназиясы болған, соңынан әскери госпиталь болған. Жергілікті билік өкілдері бұл ғимаратты туристерге көрсететін нысандар тізіміне енгізген болатын. Қала әкімі Ермак Сәлімов болашақта бұл ғимаратты жеке азаматтардың қолынан коммуналды меншікке қайтаратынын хабарлаған, алайда әкімнің бұл жоспары қағаз жүзінде қалатын түрі бар",-  деп жазады басылым.

Семейде мемлекет қорғауында тұрған тағы бір тарихи ескерткіш – алғашқы телеграф ғимараты. Басылымның хабарлауынша, көне болғандықтан бұл ғимарат ескерткіштер тізімінен алынып тасталған. Оның әбден тозып кеткеніне ешкім таңғалмас, себебі бұл екі қабатты, кірпіштен салынған үй көптен қараусыз тұрған еді.

"Бұл үйдің мемлекет қорғауындағы ғимарат екенін қабырғаға ілінген тақтайшадан ғана білуе болатын",– деп жазады басылым. 

Гүлмира Қамзиева


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу