Теңге құлады, енді не болады?

13142

Валюта бағамы, экономика жағдайы туралы сарапшылар болжамы. 

Теңге құлады, енді не болады?

Өз мәлімдемесінде Ұлтты банк төрағасы Ерболат Досаев коронавирус жайын ауызға алды. Қытай дертінің не қатысы бар? Әлемді жайлаған індет салдарынан әлемде, әсіресе, шың елінде өндіріс тоқыраған. Сөйтіп, мұнай және қуат көздеріне деген сұраныс та төмендеді. Сұраныс төмендесе, сатып алушы азайып, баға арзандайды. Нарық заңы.

Осыған орай 8 наурызда "ОРЕС+" елдері бағаны көтеру мақсатында мұнай өндірісін де қысқарту туралы мәмілелесу үшін құрылтай шақырды. Алайда Ресей бұған дейінгі кезеңде "қара алтын" өндірісін азайту кесірінен біраз нарықты жоғалтып алғанын алға тартып, мәмілелесуден бас тартқан. Келіссөздердің тығырыққа тірелуі кесірінен осының алдында әр бөшкесі 52 доллардан сатылған мұнай бағасы бірден 33,94 долларға дейін құлады. Нәтижесінде, Қазақстанның ұлттық валютасы Ресей рублімен бірге құнсызданып сала берді.  

Кеше түнде Шымкенттің айырбас пункттері валюта сатуды тоқтатқан. Өзге қалаларда да АҚШ долларын табу мұңға айналыпты. "Ұлттық банк валюта сатуға тыйым салып, мораторий жариялапты" деген де қауесет тарады. Бірақ оны билік жоққа шығарды. Дүйсенбіде Нұр-Сұлтан мен Алматыда да валюта іздеп сенделгендер қарасы қалың болды. Айырбастау бекеттерінің біразы долларды сатпай, ұстап қалған. Сатқандары 1 доллар үшін 400 теңгеге дейін сұрады.

Қазіргі кезде елордада валюта сататын орындарының жеткілікті саны жұмыс істеп тұр. Қарбалас байқалмайды. Доллар бағамы 396–398 теңге аралығында құбылады. Үкімет оны оң жаққа өзгерту шараларын қабылдауда. Әйтсе де, кейбір сарапшылар теңгенің тұғыры көп нығая қоярына сенбейді.

"Мысалы, бүгін таңертең мұнай бағасы 6%-ға көтеріліп, $36,54 межесіне жетті. Одан еліміздің ұлттық валютасы беки түскен жоқ. Бұған Ұлттық банктің 10 наурыздан бастап базалық ставканы 9,25 пайыздан 12 пайызға дейін жоғарылатқаны да қуатты әсер ете алмай тұр. Ұлттық банк бұл қадамға "сырттан төнген тәуекелдердің теріс ықпалы аясында баға тұрақтылығын сақтап қалу" үшін барғанын мәлімдеді. Әсері қайда? Оның орнына енді Қазақстанда қарапайым қазақстандықтарға арналған ипотека, кәсіпкерлерге берілетін несие қымбаттап шыға келеді. Себебі, банктер, басқалар 12 пайыздан арзан кредит бере алмай қалады", – дейді экономист-ғалым Болат Сейілбек.

Қаржыгер, бизнесмен Айдан Кәрібжанов девальвация келе жатқанын білдірді.

"Барлығы да сол туралы ойлап отыр, бірақ айтуға қорқады. Барлығы мұнай бағасы мен рубль бағамына үреймен қарап отыр. Меніңше, теңгені шұғыл девальвациялау керек. Әйтпесе, Ұлттық қордағы ондаған миллиард доллар босқа шығындалып кетеді", – дейді Айдан Кәрібжанов.

Ол ұлттық валютаны ары қарай құнсызданудан сақтап қалам деп Ұлттық банктің нарыққа доллар төгу, интервенция жасау ниетін құптамайды.

Қаржыгер мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанда да, Ресейде де бюджет табыстарының күрт кемуіне әкелетініне назар аудартты.

"Ресейде билік шығыстарды, әлеуметтік және әскери бағдарламалар шығындарын қысқартпайды. Ендеше бір жол қалады: станокты іске қосып, ақша басу. Бұл инфляцияға, рубльдің сабан ақшаға айналуына соқтырады. Яғни, мұнай табыстарының төмендеуін мемлекет девальвацияланған рубльдегі қолдаудың артуымен өтейді. Осылай бірнеше жыл шыдап, коронавирусты және америкалық тақтатас мұнайын өндірушілерді артта қалдыруға болады. Содан кейін мұнай бағасы қайтадан шарықтап, бақуатты заман туады. Мұнай мен рубльдің жағдайы болашақта да Қазақстан экономикасына тікелей ықпал ететінін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ", – дейді Айдан Кәрібжанов.

Оның байламынша, қазір қиын болғанымен, кейін ол игілікке айналады.

Айтқандай, "қара алтын" бағасының төмендігі қазақ еліне де қолайлы деген пікірлер айтылуда: сонда Үкімет мұнай өндірісінен өзге салаларға басымдық беріп, экономиканы әртараптандырады. Өйткені осы наурызда басталған күйзеліс Қазақстан экономикасының сол бұрынғыдай мұнайға тәуелді екенін паш етті.

Экономист Олжас Құдайбергенов бағалардың бұрынғы қалпына кері қайтуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

"Жаһандық нарықта тауарлардың көбі небары 3-4%-ға ғана арзандады, ал мұнай құнының құлдырауын 30 пайыздан асып кетті. Бұған Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы кикілжің түрткі болғаны мәлім. Мұнай алпауыттары төбелесуде. Егер олар алда өзара келісімге келе алса, мұнай бағасы биікке өрлей жөнеледі. Келіспесе, Brent маркасының 32 долларға дейін арзандауы – тек басы ғана болмақ. Жалпы, мұнай бағасының құлдырауы, коронавирус эпидемиясы, карантин, ЖІӨ өсуінің баяулауы, логистикалық және өндірістік тізбектердің бұзылуы – осының барлығы әлемде алапауыт дауыл туғызуы ғажап емес. Қазақстанға стандарттан тыс дағдарысқа қарсы шараларға баруға тура келеді", – дейді Олжас Құдайбергенов. 

Әлеуметтік желілерде пікір білдірген қазақстандықтар "жинақты енді қандай валютада сақтау керек?" деген сауал күлкі туғызатынын айтады. Себебі, алдыңғы девальвациядан сауығып үлгермеген бұқарада басыартық қаражат жоқ. Ал, мамандар "долларда, еурода, юаньда, алтында сақтаңыз" деген ескі кеңестерін жалықпай қайталап жатыр.

"Мен Мәскеудемін. Ресейде доллар қымбаттағанымен сауда орындары өз жұмысын сол баяғыдай байсалды жалғастырып жатыр. Салондардағы көліктердің, дүкендердегі тұрмыстық техниканың бағасы өзгеріп кеткен жоқ. Ал Қазақстанда доллармен бірге бәрі қымбаттайтыны мәлім. Сондықтан елді толғантатыны – мемлекеттің баға көтерілуіне жол бермеуі. Егер бұл биліктің қолынан келмесе, онда бұрыннан созылған дағдарыс үстінен жаңасы басып, жұртшылықты жаншып тастауы ықтимал. "Қара алтынның қарғысы" дегеннің кері сол болмақ", – дейді экономист Болат Сейілбек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу