Үкімет астық өндірушілерді ішінара қолдайды

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2573

Қазақстан аумағында астық тасымалдауды субсидиялау туралы шешім қабылданды.

Үкімет астық өндірушілерді ішінара қолдайды

2018 жылдың қаңтарынан бастап ел үкіметі Қазақстан аумағында астық тасымалдауды субсидиялауды бастайды. Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында вице-министр Нұржан Әлтаев атап өткендей, бұл бағытқа тиісті қаржы да бөлінген.

"Қазақстандық астықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 1 қаңтардан бастап ел ішінде астық тасымалдауды субсидиялау жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа 9,7 млрд теңге бөлінді", – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Нұржан Әлтаев субсидиялаудың тетігі қандай болатынын түсіндіріп айтпады. Тек, бұл мәселе үкіметте талқыланып жатқанын тілге тиек етті. Бір анығы – тиісті шешім қабылданып, қаржының бөлінгендігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай мүмкіндіктің мүлдем қарастырылмағанын хабарлаған болатын. Шенеуніктер нарықтағы баға азық-түлік келісімшарт корпорациясы белгілеген (үшінші сұрыпты бидайдың тоннасына 60 мың теңгеден бесінші сұрыпты бидайдың тоннасына 33 мың теңгеге дейін) деңгейде сақталатынына сенімді еді. Алайда күтілгендей болмады. Осылайша үшінші сұрыпты бидайдың нарықтағы бағасы тоннасына 30 мың теңге деңгейіне дейін төмен құлдырады. Бүгінде шаруалар "баға саясатындағы жағдайдың ушығып тұрғаны соншалық, алдағы көктемгі егіс науқанына қауіп төнуі мүмкін" екенін ашық айтып жүр.

"Барлық облысты аралап шықтық. Бәрінде бір проблема бар. Олар астықты сата алмай отыр. Осының салдарынан ертең астық кем себіледі. Келесі жылы астықтың 30-40%-ы себілмей қалуы ықтимал, – деді Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әуезхан Даринов.

Ол тығырықтан шығудың мынадай жолын ұсынып отыр – азық-түлік келісімшарт корпорациясы астықты фермерлерден сатып алуы керек. Одақтың есептеуінше, шамамен 2 млн тонна астықты сатып алу қажет. Бұған 80-100 млрд теңге керек екен. Әуезхан Дариновтың сөзінше, 2017 жылғы астықтың сапасы жоғары. Сондықтан биылғы астықты кейін өткізсе де, ешқандай мәселе туындамайды. Фермелер үшін мәселені шешудің басқа жолы жоқ.  

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаевтың айтуынша, бүгінде компаниялардан шамамен 270 мың тонна астық сатып алынған. Аталған көрсеткішті 330 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл – азық-түлік келісімшарт корпорациясы қолданыстағы келісімшарттар бойынша жүзеге асыра алатын көлем. Бұл көлемнің 50%-ын жоғары ақуызды бидай құраса, қалғаны арпаға тиесілі.

"Қатардағы төртінші сұрыпты астыққа қатысты айтарымыз, біз өнімді негізінен Орталық Азияға экспорттайтын жеке бизнеспен бәсекелес емеспіз. Қазір шамамен 800 мың тонна көлемінде ауыспалы қор бар. Бұдан бөлек астық міндеттемелерінің қайтарылуын күтіп отырмыз. Егер компаниялардың бюджет тарапынан алған теңгелік қарыздары пайызсыз болғанда, біз нарықты жеткілікті көлемде зарарсыздандыра алар едік", – деді Сәбит Қашқымбаев.

"Барлығы тек несиелеуге байланысты. Егер біз ақшаны банктерден тартсақ, оның пайызы жоғары болмақ. Ал сырттан қарыз алсақ, алдымыздан валюталық тәуекел шығады", – деп түсіндірді ол.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілі астық нарығында орын алған мәселе ресейлік астықтың ағынына тікелей байланысты дейді.

"Ресейдің шекаралас аудандарынан біздің елге астық жеткізілуде. Оның бағасы 30 мың теңгеден аспайды. Жеткізіліп жатқаны – төртінші сұрыпты астық. Оның құрамы үшінші сұрыпты астықтан аса ерекшеленбейді. Яғни ұн өндірісіне жарап тұр. Бұл – бақыланбайтын үдеріс. Сондықтан қанша көлемде астық жеткізіліп жатқанын да бағалай алмаймыз", – деді Сәбит Қашқымбаев.

Бұл мәселеде ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы қандай екені белгісіз. Нұржан Әлтаев фермерлер одағынан астықты сатып алуға қаржы бөлу туралы хат келіп түскенін растады. Қазір ол министрдің қарауында.

"Вице-министр ретіндегі, жалпы бизнес-процеспен жете таныс адам ретіндегі менің көзқарасым: егер кәсіпкер бір нәрсе өсірсе, оны нарықта өзі сатуға тиіс. Оның өндірген өнімін мемлекет сатып алуы керек деген міндет жоқ", – деп  жеке көзқарасын білдірді Нұржан Әлтаев.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться