Үкімет бизнесті тексеруге мораторийді ішінара жоймақ

2498

Премьер-министр бұл тосын шешімнің мәнісін түсіндірді.  

Үкімет бизнесті тексеруге мораторийді ішінара жоймақ

Парламентшілер қайтадан партаға отырып, саясат сахнасында жаңа маусым ашылғаннан кейін билік осы мәселені көтергені есте. Содан 2 қыркүйекте, Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бизнесті тексеруге мораторийден бас тартуды ұсынды. Себебі тексеру жүргізілмеуі кесірінен, кәсіпкерлердің кассалық тәртібі бұзылған. Қарапайым тілмен айтқанда, салықтан жалтаратындар көбейген.

Бұған қоғам қарсы шықты, "Атамекен" ұлттық палатасы Президенттің бастамасына нұқсан келтіретін кесірлі ұсынысты бұғаттап тастады. Сонымен тынғандай болған.

Алайда енді қоғамдық талқылауға елең еткізерлік құжат шығарылды: Үкімет қаулысының жобасы "Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлыққа толықтыру енгізу туралы" Президент Жарлығының жобасы туралы" деп аталады. Аты айтып тұрғандай жаңа қаулы елде мораторий енгізген Жарлықты өзгертпек.

Жаңа құжатқа Ауыл шаруашылығы министрлігі бастамашы болып отыр. Ол арқылы АШМ бақылау объектілеріне бару арқылы тексерулерге мораторийдің әрекет ету аясынан "тексерулердің, бақылау мен қадағалаудың профилактикалық ветеринариялық және фитосанитариялық түрлерін" шығарып әкетпек.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің түсіндіруінше, ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерiне барып тексеру "бақылау нысандарынан сынама алу, диагностика жүргізу немесе ветеринарлық-санитарлық сараптама жасау үшiн" қажет. Сондай-ақ мораторий тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауға кедергі келтіріп отырғаны алға тартылды.

"Тексерулердің, бақылау мен қадағалаудың профилактикалық ветеринариялық және фитосанитариялық түрлерін мораторийдің әрекет аясынан шығару нәтижесінде еліміздегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік күшейтіледі. Жануарлардың адамдарға да берілуі мүмкін ерекше қауіпті ауруларының елге әкелінуінің және таралуының алдын алу мүмкін болады", – деді министр.

Мал індеті Қазақстанға қымбатқа түсті

Мұндай қадамға баруға өзге елдерден келетін жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының таралу қаупі итермелеуде. Бұл жайында Президент Қ. Тоқаевқа жолдаған түсіндірме жазбасында Премьер-министр Асқар Мамин мәлім етті.

"Ұзаққа созылып кеткен әрі шиеленіскен эпидемиологиялық ахуал кесірінен бүгінде елдегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлау қаупі тууда. Былтыр жоғары патогенді құс тұмауының жаппай өршуі осының айқын дәлелі. Небәрі екі айда – 2020 жылғы қыркүйек-қазанда 8 облыс аумағында құс тұмауының 98 ошағы тіркелді. Жануарлардың ерекше қауіпті ауруының осынша кең ауқымда таралуы, сондай-ақ құс тұмауы вирусының H5N8 жаңа подтипінің тіркелуі бұған дейін болмаған. Осы аурудан келген экономикалық залал 3,1 миллиард теңгені құрады. Бұл сома жойылған үй құстарының иелеріне келтірілген залалды өтеу үшін республикалық бюджеттен бөлінді", – дейді Үкімет басшысы.

Негізінен 5 құс фабрикасы шығын шекті: оларда құстардың барлық басы жойылды. Еліміз бойынша барлығы 2 миллион құс қырылған. Оның 97%-ы – құс фабрикаларында.

Үкімет басшысы ветеринарлық препараттардың республикалық қорынан 2020 жылы құс тұмауына қарсы жалпы құны 225,9 миллион теңге тұратын 4,4 миллион доза вакцина шығындалғанын жеткізді. Нәтижесінде, қаупі жоғары аймақтарда құстарға жаппай әрі міндетті вакциналау жүргізілді. Жағдай биыл да қайталана жаздаған. Оған тосқауыл қою үшін Үкіметке 2021 жылы төрт еседей көп қаражат жұмсап, 806,6 миллион теңге сомасына 19,3 миллион доза құс тұмауына қарсы вакцина сатып алуға тура келіпті.

"Осы жылы да әлемде жануарлар аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал күрделі күйінде қалып тұр. Халықаралық эпизоотиялық бюроның дерегінше, құс тұмауы індеті Еуропада, Шығыс Азияда, көрші Қытай мен Ресейда және басқа да шекара маңындағы елдерде ары қарай тіркелуде. Індеттің Қазақстанға енуі мен таралуының негізгі көзі – жабайы және синантропты құстардың миграциясы болып отыр", – деп хабарлады Асқар Мамин Мемлекет басшысына.

Жаңа індеттер шекараны шабуылдауда

Үкіметтің мәліметінше, әлемде өзге індеттер де өрістеп, эпизоотиялық ахуал нашарлап бара жатқан көрінеді. Нақтылай кетсек, шошқалардың африкалық обасының Еуропада 2 088 ошағы, Қытайда – 8 ошағы, ал Ресейде – 47 ошағы ресми тіркелді. Бұл аса қауіпті ауруды негізінен елдер арасында көшіп-қонып жүретін жабайы қабандар жаяды. Олар індетті далада еркін жайылатын шошқаларға жұқтырады. Ары қарай вирус "халал" емес ет және ет өнімдерін жейтін адамдарға көшеді. Олар өз кезегінде халыққа таратуы мүмкін.

2021 жылдың басынан бері Қазақстанның 6 облысының тұрғындары арасында күйдіргінің (Сібір жарасының) 17 жағдайы тіркелді. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылдың 8 айында – 4 жағдай ғана болған. Яғни жыл өткен сайын көбейіп бара жатқанға ұқсайды.

Қазақстандықтар арасында күйдіргімен сырқаттанудың расталған 17 жағдайдың 7-еуі – Түркістан облысында, 4-еуі – ШҚО-да, 3-еуі – Қостанай облысында, сондай-ақ 1-1-ден СҚО-да, Жамбыл облысында және Шымкент қаласында тіркелді.

Қазақстан бойынша халықтың күйдіргімен сырқаттану көрсеткіші 2021 жылдың 8 айында 100 мың тұрғынға шаққанда – 0,08-ге жетті және 2020 жылмен салыстырғанда бірден 4 есе өсті (былтырғы 8 айда – 0,02).

Мораторийдің айыбы неде?

Ресейдің бері ұшып өтетін құстардың, Қазақстанға қашатын доңыздардың мораторийге қандай қатысы бар?

"Эпидемиологиялық тергеп-тексеру барысында анықталғандай, халық арасында күйдіргінің тез таралуына сиыр, қой-ешкі және жылқы союға ауырғандардың қатысуы, ауру малдың сойылуы себеп болған. Бұл ретте ветеринариялық куәландыру жүргізілмеген. Аталған қауіп-қатерді шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге қойылған мораторий ушықтыра түсуде", – делінген Президентке түсіндірме жазбада.

АШМ байламынша, мораторий кесірінен ветеринарлық инспекторлар құс фабрикалары мен басқа да мал шаруашылығы кәсіпорындарына тексеру жүргізе алмауда. Тиісінше, олар осы саладағы бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар мен нұсқамалар бермейді.

Мысалы, былтыр құс фабрикаларын эпизоотиялық тексеріп, құс тұмауы ошағын тіркеу кезінде ветеринарлық-санитарлық талаптар мен нормалардың сақталмағаны әшкереленген. Атап айтқанда, құстарға жем мен су берудің технологиялық схемаларындағы кемшіліктер салдарынан құс фабрикаларына желдету және жем-су беру жүйелері арқылы жабайы құстар, иттер мен мысықтар еніп кетіпті.

"Сонымен қатар вакциналаудың кеш жоспарлануына және кеш жеткізілуіне байланысты құстарды құс тұмауына қарсы вакциналау мүлдем жүргізілмеген. Бұл бұзушылықтарға жол бермеген жағдайда, отандық құс фабрикаларында өте қауіпті аурудың кең таралуының алдын алуға болар еді", – деп санайды Премьер.

Сол себепті Үкімет Ресейдің және іргедегі өзге елдердің шекаралас аймақтарында жоғары патогенді құс тұмауы штамы, нодулярлы дерматит, шошқаның африкалық обасы және жануарлардың басқа да аса қауіпті індеттері жаппай тарала бастаған қазіргі шақта мораторийдің ары қарай әрекет етуі орынсыз деген ұйғарымға келді.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу