Үкімет мүшелері ұшақпен ұшуға 20 млрд теңге жұмсайды деген ақпарат жалған

1803

Премьер-министрдің баспасөз қызметі желіде тараған деректерге қатысты түсініктеме берді. 

Үкімет мүшелері ұшақпен ұшуға 20 млрд теңге жұмсайды деген ақпарат жалған

Бұған дейін мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істеген журналист әлеуметтік желілерде Үкімет мүшелерінің ұшу шарттары мен оларды тасымалдау қызметтерінің құны 15-20 млрд теңгеден асады деген  ақпарат таратқан.Тіпті, бұл қаражат республикалық бюджеттен жұмсалатынын жазып, көпшіліктің таңданысын тудырып, талқысына түскен. Алайда ресми орган бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, жоққа шығарды, деп хабарлады inbusiness.kz.

"Іс жүзінде 2021 жылға ҚР Премьер-министрі мен Премьер-министрдің орынбасарлары бастаған қазақстандық делегациялардың аса маңызды ұшу сапарларын (литерлік рейстерді) жүзеге асыруға 578 млн теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған", – деп жазылған Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жоғарыда аталған сома 2021 жылы Үкімет мүшелеріне көлік қызметтерін қамтамасыз етуге есептелген. Бұл ретте төлем қазақстандық делегациялардың орындалған нақты өңірлік және халықаралық ұшу жағдайлары бойынша төленеді.

"Мәселен, 2020 жылы осы мақсатта 578 млн теңге қарастырылса, іс жүзінде 275,6 млн теңгеге жұмсалды", – деп көрсетілген хабарламада.

"Премьер-министр мен Премьер-министрдің орынбасарларында арнайы бекітілген жеке ұшақтар жоқ. Ұшақ арқылы жүзеге асырылатын сапарлар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу үшін Қазақстан өңірлері ішінде, сондай-ақ Мемлекет басшысының шет елдермен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да бірлестіктер аясында экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында таяу және алыс шетел мемлекеттеріне тек қызметтік мақсаттарда орындалады", – деп нақтылап өтті баспасөз қызметі.

Кестесіз жолаушыларды тасымалдау бойынша әуе көлігі қызметтерін, оның ішінде ел аумағындағы және халықаралық рейстер бар – ҚР ПІБ "Бүркіт" мемлекеттік әуе компаниясы" ШЖҚ РМК көрсетеді.

Министрлер бастаған қазақстандық делегациялардың ұшу сапарларын коммерциялық әуе компанияларының рейстік жолаушылар ұшақтары жүзеге асырады.

Сонымен қатар мемлекеттік ақпарат құралының экс-журналисі ұшақта жолаушыларға қызыл және қара уылдырық, арақ пен виски, экзотикалық жемістер берілетінін жазған еді. Алайда бұл ақпаратты да ведомство жоққа шығарды. 

Бортта тамақтандыру – "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңына, жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұсынылады.

Мәселен, рейстің ұшу ұзақтығы 1 сағатқа дейін болған жағдайда жолаушыларға алкогольсіз салқын сусындар мен снэктер, ұзақтығы 1-3 сағаттан асса, ыстық тамақ пен шай, кофе ұсынылады. 

"Осылайша, мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисті таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Өкінішке қарай, бұл ‒ фактілерді бұрмалаудың және қоғамдық резонанс тудыру үшін жалған ақпарат таратудың тағы бір жағдайы", – деп түйіндеді Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу