banner

Үкімет өзенге бола өз резервін ашты

17341

Орталық Азияда "екінші Арал" болмауы үшін Қазақстан шұғыл мол қаржы бөлді.

Үкімет өзенге бола өз резервін ашты

Премьер Асқар Мамин қол қоятын "Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы" қаулы жобасы жария етілді.

Оған сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 2019 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен 350,2 миллион теңге қаражат бөлінбек.

Бұл сома қосымша су беретін трактісі бар Аспара гидроторабын реконструкциялауға жұмсалады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл жобаға бұрын да қаражат бөлінгенін еске салады. Атап айтқанда, ел Үкіметінің 2018 жылғы 29 қарашадағы қаулысына сәйкес шұғыл шығындар үшін былтырғы бюджеттен Аспара гидроторабының қоректендіру трактісін қайта жаңартуға жарты миллиардтан аса – 510 миллион теңге жұмсалған.

Үкімет резервінен алынып отырған жаңа транш сол құрылысты тезірек аяқтауға керек көрінеді.

Министр аталған су құрылысы салынғасын, өзеннің Қазақстан бөлігінде 10 мың гектар суармалы жер пайда болып, ол вегетация кезеңінде суармалы сумен кепілді қамтамасыз етілетініне сендіреді.

Әйтпесе, экологтар екі елдің аумағында ағатын бұл өзеннің жыл өткен сайын құрғап бара жатқанын мәлімдеп, біраздан бері дабыл қағуда. 

Аспара өзенінің бассейні екі облыс аумағында, яғни Қазақстан жағында – Жамбыл облысының Меркі ауданында, ал Қырғызстан жағында – Шу облысының Панфилов ауданында орналасқан.

Оның жалпы ауданы 1 мың 200-ден астам шаршы шақырымға дейін созылып жататын. Бастауын Қырғызстанның солтүстік-батысындағы Батыс Тянь-Шаньнан алып, солтүстікке арқырай ағады да, оңтүстік Қазақстанға қарай бет қояды.

Экологтардың мәліметінше, қазіргі кезде Аспара тек ескі сағаларымен келіп құйылатын еріген қар суымен және жауған жаңбыр суымен ғана толығады.

Жер бетіндегі климаттың өзгеруінің ықпалын Орталық Азия да сезінуде. Нәтижесінде, осы өзеннің заманауи ауданы бастапқы 1208,6 шаршы шақырымнан бүгінде 769,5 шаршы шақырымға дейін құлдырап кетті. Бірақ бұдан да төмен болып шығуы ғажап емес.

Аспара суының Қазақстан мен Қырғызстан арасында бөлінуінің есебін бұрын "Гранитогорск бекеті" жүргізетін. Кейін ол пост жұмысын тоқтатты. Тиісінше, ол қайта қалпына келтіруді, суды есептеудің заманауи құралдарымен жабдықтауды талап етеді. 

Бұл трансшекаралық өзен мұзтаулар мен қар суынан қоректенетін өзендерге жатады. Сондықтан жылдық су ауқымының 60%-дан астамы көктем мен жаз кезінде қалыптасатын.

Алайда Орталық Азияда да климаттың өзгеруіне орай негізгі арналарының аңқасы кебе бастады. Кейінгі он жылда Қырғыз Алатауының шыңдары да жалаңаштанып барады. Бұрынғы ірі мұзтаулардың көбінің орнында тек түнерген жартастар мен эрозияға ұшыраған жерлер ғана қалған. Бұдан бөлек, таулы өсімдіктер ауданы да азаюда екен. Ертеректе тау басының біраз бөлігін жайлаған шыршалар мен аршалар жойылуда.

Қосымша су беретін трактісі бар Аспара гидроторабын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау өзенді сақтап қалуға мүмкіндік беруге тиіс.

Осының арқасында Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өркен жая алады. Мысалға, 2012 жылдары егіндік алқабы 7,1 мың гектарды құраған болатын. Кейін судың жетіспеуі кесірінен ауыл кәсіпкерлері кетіп қалып, бүгінде көптеген егіс алаңдары игерілмей бос жатыр. Жаңа гидроторап іске қосылысымен мұндағы егістік көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде.

Аспараның суы молдау арнасы қырғыз бөлігінде орналасқан, сондықтан оның бойында ауыл шаруашылығы буырқана дамыды. Бірақ кейінгі жылдары көршіде де дағдарыс. Айталық, оларда өзен маңайында небары 11 мыңдай гектар жерде ғана егін өнеді. Бұрын бірнеше есе көп болған деседі. 

Қалай болғанда, егер бөген арқылы суын жинақтап, толығуына жол ашса, Аспара тек егістік егуге ғана емес, сондай-ақ мал шаруашылығын өркендетіп, оның өнімдерін өңдеу, жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру бағыттарындағы үлкен әлеуетін ашпақ.

Бұған қоса, оның жағасында қажетті пайдалы қазбалардың бар болуына орай кірпіш секілді құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын тұрғызуға мүмкіндік бар.

Егер өзеннің құрғауы тоқтаса, ол маңда бұрынғыдай бал арасын өсіру шаруашылығы да дамуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу