Украинадағы соғыстың құны қаншаға жетті?

3926

Батыс басылымдарының дерегінше, бұл шайқастан қаза тапқан жауынгерлердің саны қазірдің өзінде жарты миллионға жетіп қалған.

 Украинадағы соғыстың құны қаншаға жетті? Фото: reuters.com

Ресейдің Украинаға басқыншылығы 2022 жылдың 24 ақпанында басталғаннан бергі 18 айда ондаған мың адамның өмірі қиылып, миллиондағаны босқындық кебін киіп, әлем экономикалық күйзеліске ұшырады.

Соғыстың әсеріне қатысты қысқаша мәліметтер төмендегідей.

Өлім

Бұл - Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан бері адамдарды ең көп қырғынға ұшыратқан қарулы жанжал.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының (OHCHR) мәліметі бойынша, шілдедің соңына дейін 9 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 16 мыңдайы жараланған.

New York Times газетінің мәліметінше, бұл соғыс жалпы алғанда 500 000-ға жуық әскери қызметкерді өлтірді немесе жаралады.

Осы басылым Украинаға жақтас Америка Құрама Штаттары әкімшілігіне сілтеме жасап, 120 мыңға жуық ресейлік сарбаздың қаза тауып, 170-180 мыңы жараланғанын, ал Украина әскери құрбандарының саны 70 мыңға жетіп, 120 мыңдай украиналық сарбаздың жараланғанын хабарлап отыр.

Ресейлік шенеуніктердің айтуынша, АҚШ әдетте РФ армиясының шығыны туралы сандарды көбейтіп көрсетіп, бұл деректерді Мәскеуге қарсы насихатқа пайдаланады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу былтыр 21 қыркүйекте 5937 ресейлік сарбаздың жан тәсілім еткенін айтқан еді. Содан бері бұл мәлімет жаңартылған жоқ және Украинадағы ресейліктер шығыны мемлекеттік құпия болып қалып отыр.

Украина да қанша жауынгерінің өлгенін айтпай, әскерилер арасындағы өлім-жітім жөніндегі ақпарат майдан даласындағы ұрыс тактикасына кері әсер ететіндіктен, оны мемлекеттік құпия ретінде таратпай келеді.

Донбасстағы қарулы қақтығыс 2014 жылы Украинадағы Майдан революциясында кремльшіл президент биліктен тайдырылып, Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан кейін және ресейшіл сепаратистер Украина қарулы күштерімен соғысқаннан кейін басталды.

2014 жылдан 2021 жылдың аяғына дейін Украинаның шығысында 14 000-ға жуық адам қаза тапты, солардың 3106-сы - бейбіт тұрғындар.

Босқындар

Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі агенттігі 2022 жылғы басқыншылықтан бері миллиондаған украиналық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын айтады. Украинада 41 миллионнан астам халық тұрады.

Сонымен қатар, Украинада шамамен 17,6 миллион адам шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж, оның ішінде 5 миллионнан астамы соғыс салдарынан елдің қауіпсіз аудандарына қоныс аударған.

БҰҰ-ның өзге бір мәліметінше, Еуропада Украинадан 5,9 миллионнан астам босқын тіркелген.

Украина

Гарвардтың Кеннеди мектебі жанындағы Белфер орталығының дерегінше, Ресей соғыс басталғалы Украинаның 11% аумағын басып алды.

Ресей 2014 жылы Украинадан аннексиялап алған Қырымды қосқанда, қазір Украинаның шамамен 17,5 пайызын, шамамен 106 000 шаршы шақырым аумағын бақылап отыр.

2022 жылы Украина армиясы ресейлік күштерді айтарлықтай территориядан ығыстырғанымен, маусымда басталған контршабуылдан үлкен қадамдар жасай алмады. Себебі ресейліктер мыңдаған гектар жерді миналап, қазып тастаған.

Украина теңіз жағалауының бір бөлігін жоғалтты, оның экономикасы құлдырап, кейбір қалалар шайқастардың кесірінен күйреп, босап қалды.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Украина экономикасы 2022 жылы 30%-ға қысқарды, ал биыл 1-3%-ға дейін өсуі мүмкін.

Украинаның соғысқа қанша қаржы жұмсағаны әзірге белгісіз.

Ресей

Ресейдің де соғысқа қанша жұмсағаны - мемлекеттік құпия. Дегенмен, бұл елдің экономикасы 2022 жылы екі таңбалы сандармен азаяды деген болжам орындалмады.

Халықаралық валюта қорының баяндамасына қарағанда, 2022 жылы РФ жалпы ішкі өнімі 2,1%-ға қысқарғанымен, биыл 1,5%-ға өспек.

"Рейтер" агенттігінің дерегінше, Ресей 2023 жылға арналған қорғаныс шығындарын екі есеге арттырып, 100 миллиард доллардан асырған. Бұл -барлық мемлекеттік шығындардың үштен бір бөлігі .

Ресейдің әскери шығындары өсіп, санкциялар оның энергетикалық кірістерін кемітіп жатқандықтан, Мәскеу қазір бюджет қайтсе де тапшылығын бақылауда ұстауға күш салып жатыр.

Ресей Еуропа газ нарығының негізгі бөлігін жоғалтқанымен, мұнайын әлемдік нарықтарға сатуды жалғастыра алды.

Тағы бір айта кететін жайт, Ресей Батыс қаржы нарықтарынан аластатылып, оның олигархтарының көпшілігі санкцияға ұшырады және РФ бүгінде микрочиптер сияқты кейбір заттарды сатып алуда қиындықтарға душар болып отыр.

ЦРУ директоры Уильям Бернстің ойынша, Путин Ресейді "уақыт өте келе Қытайдың экономикалық колониясына" айналдыруы мүмкін.

Бағалар

Украинаға басқыншылық пен Батыстың санкциялары тыңайтқыштардың, бидайдың, металдар мен энергия бағасын күрт өсіріп, инфляцияны шарықтатып, жаһанды азық-түлік дағдарысына ұшыратты.

Ресей – әлемде Сауд Арабиясынан кейінгі екінші ірі мұнай экспорттаушы ел. Ол табиғи газ, бидай, азот тыңайтқышы мен палладий экспорттайтын үлкен мемлекет саналады.

Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін, көп ұзамай әлемде мұнай бағасы 2008 жылғы рекордтардан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді.

Батыстың қаруы

Бұл басқыншылықтан бері Америка Құрама Штаттары Украинаға қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 43 миллиард доллардан астам көмек көрсетті. Сол пакеттің ішінде "Стингер" зениттік жүйелері, Javelin танкіге қарсы қаруы, 155 мм гаубицалары мен химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық шабуылдардан қорғауға арналған жабдықтар бар.

Киль жаһандық экономика институтының мәліметінше, номиналды түрде Украинаға ең көп жәрдем берген елдер санатына АҚШ, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Германия және Жапония кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу