Украинаның контршабуылдарын тығырыққа тіреген төрт фактор

1889

Арада жарты жыл өтсе де Киевтің Ресей мен Қырым арасындағы құрлықтық жолды алу арманы әлі орындалмай тұр. Бұл сәтсіздіктің бірнеше себебі бар. 

Украинаның контршабуылдарын тығырыққа тіреген төрт фактор Фото: John Moore

Украина өзінің шығысындағы Ресей басып алған жерлерді қайтарып алу үшін жазда қарымта шабуылға кірісті. Содан бері алты ай өтіпті. Бірақ Киев күштері Ресейге қарсы күресте аз ғана табысқа жетті.

Ресейдің қорғаныс шебі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең үлкен және аса берік болып шықты. Сондықтан Украинаның Ресей мен оккупацияланған Қырым арасындағы құрлықтық жолды алу арманы орындалмады.

Украина армиясын майдан шебінде тығырыққа тіреген кейбір факторларға тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

  1. Украина күштері ұзақ майдан шебінде үшке бөлінді

Украина контршабуылдарының жүрегінде Запорожье майданы тұрды. Себебі ол - Ресей бақылауындағы территориялардың ортасына жік салуға апаратын тікелей жол. Дәлірек айтсақ, Орехов ауылынан Токмак арқылы Мелитопольге дейін созылып жатқан 80-шақырымдық бұл бағыт алынса, Ресей армиясына Қырымнан көмек жеткізетін жол жабылар еді.

Бірақ Украина әскері бар күшті осы мақсатқа жұмсағанның орнына, майдан шебінде ресейліктерге үш бағытта шабуыл жасай бастады Сол шайқастардың бірі Донецк бағытындағы Бахмут маңындағы позицияларды ұстап тұру үшін жүргізілді.

  1. Ресейде қорғанысты мықтауға уақыт болды

Украинаның контршабуылдарды бастауға уақыт таңдауы Ресейге әсіресе Запорожье майданындағы шептерді мықтауға уақыт бере отырып, шешуші рөл ойнады. Украина шабуылдарды бастамас бұрын жауынгерлерін жаттықтыруға, стратегияларын талқылауға және Батыстан қару тасымалдауға айлар жіберді. Ал Ресейде осынау шешуші кезеңде окоптар қазуға, майданның стратегиялық учаскелерін миналауға уақыт болды.

Барлаушылар спутниктен түсірілген суреттерге сараптама жасап, Ресейдің сенімді стратегиялық қорғанысын анықтаған. Америкалық сарапшы Брейди Африк "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында Ресейдің бекіністерін "бір-біріне жақын әрі қатар-қатар орналасқан" деп сипаттады. Сонымен қатар, Украинаның оңтүстігіндегі оккупацияланған территорияларға апаратын негізгі жолдар миналанды. Оның үстіне, бұл аймақтың ашық және жазық жері Украинаның кез келген әрекеттерін қиындатып отырған.

  1. Баяу прогресс және адам күші мен қару-жарақ тапшылығы

Африктің айтуынша, Украина армиясының мардымсыз жетістіктері аймақтағы бекіністердің айтарлықтай тығыз орналасқанынан және олардың қолындағы ресурстардың көлемінен хабар береді. Алты айға созылған қызу шайқастарға қарамастан, Украина бар болғаны 7,5 шақырым алға жылжып, Роботине ауылына жетті.

Ресейдің қорғаныс шебі танктерге қарсы қатар-қатар бөгеттерден, траншеялар мен туннельдердің күрделі желілерінен, стратегиялық камуфляжды батареялардан, танктер мен командалық пунктерден тұрады. Осынау көпқырлы қорғаныс стратегиясы майдан шебін бұзып өтуге әрекеттенген Украина күштері үшін үлкен проблема туындатты. Және де бұның барлығына орыс артиллериясының үздіксіз соққысы қолдау көрсетіп отырды.

Украина әскерлері де, ресейліктер де қаза тапқандар туралы ақпаратты ресми түрде жарияламаса да, екі тарап та адам күші мен ресурстар жағынан айтарлықтай шығынға ұшырады. Ресей алдыңғы шептегі бөлімшелерін күшейту үшін нашар дайындалған сотталғандарды "Storm-Z" жазалау батальондарына қосты. Ал Украинаның саны шектеулі, шайқастардан шаршаған жауынгерлері берік қорғаныс мен қауіпке қарамастан, ресейліктердің күштері мен активтерін үлкен шығынға ұшыратты.

  1. Жіті бақылаудағы миналар

Ресей өз әскерлерінің майдандағы позицияларының алдында өте күшті бірінші қорғаныс шебін құрды. Олар жаяу әскерге және көлікке қарсы миналардың тығыз қабаты деп аталады.

Ресей миналарының арасынан өтетін жол ашу уақыт тұрғысынан да, адам мен техника жағынан да контршабуылдардың ең қымбат міндеттерінің біріне айналды.

Украина бұл қауіпті жерден өту үшін Батыстың минадан тазарту машиналары мен танктерін және оқ өтпейтін көліктерін пайдаланды. Бірақ армияның миналарды залалсыздандыру әрекеттері Ресейдің барлаушы дрондарын басқаратын мамандандырылған ұшқышсыз аппараттар бөлімшелерінің жіті бақылауында болды.

Ресейлік дрондар минадан тазарту машиналарын мұқият бақылап, артиллерия мен шабуылдаушы тікұшақтарға ақпарат беріп отырды. Оның үстіне, дрондардың жетілдірілген оптикалық мүмкіндіктері әдейі жіберілгнен түтіннің астындағы нысанды да көре алған.

Алдыңғы шептегі танктер мен минадан тазартатын машиналар көзге түсіп, жойылғанда, олардың соңында келе жатқан Украинаның соққы беруші күштері маневр жасай алмай, ресейлік артиллерияның нысанасына айналды.

Сондықтан, миналарды тазарту артиллерияның әсерін азайту үшін үлкен шабуыл топтарына емес, кішігірім әрі баяу қозғалатын бөлімшелерге тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу