Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9%-ға түсірді

7125

Карантин инфляцияны шектеген.  

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9%-ға түсірді

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/- 1,5 п.т. дейін тарылта отырып, жылдық 9,00% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Осылайша өтімділікті ұсыну операциялары 10,5%-пен,  өтімділікті алу операциялары бойынша 7,5%-пен есептелетін болды.

Мұны ресми орган мамыр-маусымдағы болжамдарының орындалмауымен түсіндіріп отыр. Бірінші жартыжылдықта проинфляциялық тәуекелдердің әлсіреп, экономикалық белсенділік барынша күшті қысқарды. Карантинді қатаңдату шаралары да қосымша дезинфляциялық әсер берген көрінеді.

"Базалық инфляция жалпы инфляцияға қарағанда баяу өсті. Яғни инфляцияның монетарлық құрамы байыпты қарқынмен кқтерілді деген сөз. Экономикадағы доллар үлесінің арту тәуекелдері айтарлықтай төмендеді. Мөлшерлемені төмендетуге оның да үлкен әсері болды. Теңге активтерін қорғауға бағытталған жедел шаралар жарты жылда депозиттерді долларландыру көрсеткішін 43,1%-дан 40,0%-ға дейін төмендетті", – деп жазады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Бнак мамандарының айтуынша, дәлізді тарылту туралы шешім шешім ақша нарығының мөлшерлемелерін базалық мөлшерлемеге жақындатуға мүмкіндік бермек. Осының арқасында кредиттердің құны түсіп, күшейтілген карантин салдарының ықпалын реттеуге мүмкіндік туындайды. 

 Маусым айында жылдық инфляция ол 7%-ті құрады. Жылдық мәнде бағаның өсуі 11,1%- болып,  сәуір-мамыр аралығында  жеміс бағасы 23%, макарон өнімдері 15,3%, ет және ет өнімдері 14,0%, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 13,5%, балық және теңіз өнімдері 11,7% өсті. Ал азық-түлікке жатпайтын инфляция болжамдардан төмен қалыптасып, 5,4% болған. Баға өсімінің айлық серпіні тұрақты және 0,5%-дан аспайды.

Желтоқсан айына қарай жылдық инфляция 8-8,5% шамасында болады деген болжам бар. Әсіресе жыл аяғына қарай инфляция артуы мүмкін. 

"Бірінші жартыжылдықта жалпы ішкі өнімнің барынша айтарлықтай төмендеуі 2021 жылы нысаналы дәліздің 4-6% күйінде сақталуын қамтамасыз етеді. Алғашқы алты айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1,8%-ке қысқарды. Бұл 2020 жылғы мамырдың ортасынан бастап карантин шараларының бәсеңдеуіне және сауда мен қоғамдық тамақтану объектілерінің ашылуына қарамастан, қызмет көрсету секторындағы төмендеуге негіз болды. ІЖӨ серпініне ақпарат пен байланыс (9,0%), денсаулық сақтау, білім және мемлекеттік басқару салалары оң үлес қосты. Тау-кен (2,2%) және өңдеу өнеркәсібінде (4,8%) өндірістің өсуі байқалады.  Құрылыс қарқынының 11,2% артуы, ауылшаруашылық өндірісінің көлемінің 2,4% көбеюі экономикалық белсенділікті арттырды. Салалар бойынша көрсеткіштің баяулауы көбінесе қызметтер мен өнеркәсіп секторында байқалады", – делінген баспасөз мәліметте.

Әлем бойынша COVID-19 пандемиясының қайта өршу тәуекелі жоғары болып тұр. Бұл белгісіздікті күшейтіп, болжам жасаушылардың аяғын тұсауда. Қытай экономикасының қалпына келуіне қарамастан, әлемдегі әлеуметтік толқулар, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қатынастардың нашарлауы, дамыған елдерде төмен инфляция ұзақ уақыт сақталуы, кейбір елдердегі жоғары жұмыссыздық пен берешектің өсуі де жаһандық экономикаға кері әсер етуде.

"Consensus Economics жыл соңына дейін Ресей экономикасы 5,2%-ға қысқаратынын болжап отыр. Еуоропалық Одақ экономикасының өсімі де болжасбойынша 8,4%-ке дейін төмендемек. Тек Қытай экономикасы бойынша болжамдар өзгерген жоқ. Сондықтан, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын қайта қарау қажет. Әзірге әлемдік мұнай нарығындағы жағдай салыстырмалы түрде оң деп сипатталады. Көптеген елдерде карантин шараларының әлсіреуі сұраныстың қалпына келуін ынталандырады және мұнай бағасына оң әсер етеді. Әлемдегі локдаунды алып тастағаннан кейін және тиісінше өнеркәсіптік секторды қайта іске қосқан соң мұнайды тұтыну айтарлықтай ұлғайды. EIA деректері бойынша, 2020 жылғы маусымда алдыңғы аймен салыстырғанда мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 5,3 млн баррельге ұлғайды. Мұнайды тұтынудың өсуі Қытайды қоспағанда, барлық ірі мұнай импорттаушы елдерде тіркелген", – деп жазады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

ОПЕК+ келісімі және АҚШ пен Канадада мұнайдың барынша аз өндірілуі Brent сұрыпты мұнайдың  бір баррелін 42 доллардан жоғары ұстауға мүмкіндік беріп тұр. Осылайша 2020 жылдың екінші жартысында және 2021 жылы мұнайға сұраныстың өсуі күтілуде.

Дегенмен, екінші тоқсандағы мұнай бағасының төмен болуы, оны өндіру қарқынының қысқаруы төлем балансының себеп болды. Базалық мөлшерлемені түсіру туралы шешім инфляцияның болжамды дәлізден ауытқу тәуекелдерін, сыртқы сектордағы қалпына келу қарқынының белгісіздігін және ұлттық экономиканың едәуір қысқаруын ескере отырып қабылданған көрінеді. Ұлттық Банк инфляция серпініне әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың мониторингін жүргізе бермек. Бүгін бекітілген базалық мөлшерлеме енді 7 қыркүйекте нақтыланады.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу