Ұн бағасы 5-7%-ға қымбаттауы мүмкін

6647

Астық өңдеушілер одағы ауа райы шығынға ұшыратуы мүмкін деп отыр.

Ұн бағасы 5-7%-ға қымбаттауы мүмкін

Елдегі астық жинау аяқталысымен, нан, оның ішінде нанның бағасы жайлы мәселе көтерілетіні үйреншікті жағдай. Биыл ұн бағасы қымбаттай ма және ұн өнеркәсібі өкілдерінің келешегі қандай екені жайлы астық өңдеушілер одағының төрағасы Евгений Ган abctv.kz – ке берген сұхбатында әңгімеледі.

- Жақында Шымкент қаласының билігі нан бағасының қымбаттағанын хабарлады. Бірақ бүгінгі күні нан бағасы басқалармен салыстырғанда ең төмен. Өңірдегі нан бағасының әртүрлі болуы немен байланысты?

-  Сіз орташа статистикалық сатып алушының үлгісін бақылаған кезіңіз болды ма? Шын мәнісінде, нанның бағасына ешкім мән бермейді, алады да кассаға төлеуге барады. Бүгін ғана осы мәселе жайын сөз еткенбіз. Нан бағасы қымбат болмау керек деген ұғым бұрыннан қанымызға сіңіп қалған әдет. Мұның қаншалықты жақсы, жаман екенін білмеймін. Мен үшін бұл жаман әдет. Осы әдеттен арыла алмай келеміз. Тұтынушы қоржынында нан мен нан өнімдеріне арналған шығын шамамен  5-7%. 

Бізде халықтың аз қамтылған тобы бар. Нанды тегін таратқан күннің өзінде аз қамтылған отбасылардың мәселесін шешпейтініміз анық. Оларға тек нан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қолдау қажет.

Жалпы мұны жасауға болады. Барлық наубайхананы муниципиалдық етіп, барлық шығынды қалалық бюджетке артып қояйық. Бұл оның жағдайына әсер етпейді. Кезінде мұны ауыл шаруашылығы министрлігімен есептегенбіз. Аз қамтылғандарға нан бойынша өтемақы бөлу үшін сол кезде 16 млрд теңге қажет болған еді. Қазір оны шамамаен бір жылға 25, тіпті 35 млрд теңге деп алайық. Осымен барлығы шешілсін. Ал адамдар өздеріне жасалып жатқан қамқорлықты сезінеді. Үкіметтің рейтингі көтеріледі. Сонымен қатар бұл әлеуметтік карта болуға тиіс. Одан ұялатын ештеңе жоқ. Бұл нан картасы емес. Бұл - тегін жүруді, дәрі-дәрмекке арналған жеңілдікті, ТКШ шығысын қарастыратын әлеуметтік карта.

АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрлігі бюджетінің 80%-ы әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге жұмсалады. Одан олар кедей болып қалған жоқ. Бұл қиын деп айтады, бірақ бұл бір жағынан жақсы, себебі бұл өндірістің артуы мен сауданы шектеуге тікелей әсер етпейтін мемлекеттік қолдау шаралары. 

Кезінде осы мәселе жөнінде бір ауыл шаруашылығы министрімен дауласқанмын. Сонда ол жұрттан қайыр сұрап кетеміз деген болатын. Ал қазір жыл соңында біздің министрліктердің бюджетті игере алмағанын естігенде, ашуың келеді.

Нан бағасы неге бір жерде арзан, бір жерде қымбат дегенге байланып қалдық. Жалпы нан мәзірі, салмағы және басқа да ерекшеліктеріне қарай әртүрлі.

Ас атасы – нан екені рас, бірақ нанның тауар екенін де естен шығармау керек. Оның бағасы қанша тұрса, сонша болу керек. Сонымен қатар наубайханалар әкімдіктен аз қамтылғандар тізімін сұрап, оларға көмектеспек болып, ұсыныс жасаған еді. Бірақ оның ақысына нарықтық баға бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беруді қалаған.

-  Оралда кондитерлер ұн мен басқа да құрамдас бөліктердің бағасы өсуінен, өз өнімдерінің бағасы өскені жайлы айтып отыр.

-  Өзіңіз қарап көріңіз, биыл астық дайындау басталғанда баға былтырғы жылға қарағанда, жоғары болды. Жобамен алғанда 10 мыңға жоғары болды дейік. Біз қаласақ та, қаламасақ та астық бағасы ұн бағасына қосылады. 100 пайыз қосылмайтыны анық, бірақ бір-бірімен байланысты екені айтпаса да түсінікті. Бізге, ұн тартушыларға, "сіздерге астықтың арзан болғаны тиімді шығар" дегенді айтады. Мен оларға сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс емес, тек бізге ғана емес, барлығына ішкі өңдеуге арналған астық бағасының тұрақты болғаны жақсы. Осыған қарап, баға саясатын жасап, халықты тыныштандыруға болатынын айтамын.

Белгілі бір уақытқа дейін бізде нан бағасын тұрақтандыру бойынша меморандум болды. Оның да жақсы жақтарымен қатар кемшіліктері бар. Тағы қайталап айтамын, тізбектің түпкілікті звеносы-тұтынушыны субсидиялау керек. Яғни астық пен өңдеуге субсидия беріп керек емес, өйткені бұл заңсыз шараларға, қымбаттауға әкеледі деп ойлаймын. Біріншіден, уақытша кешіктіру болады, өйткені бізде астық қоры бар. Кейде ұн мен нан бағасы астық бағасынан кейін ешкім қымбаттатпай-ақ өздігінен көтерілетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Мұндай да болады. Қалыпты жағдайда осындай уақытша, бір ай-бір жарым айға  кешіктіру болады да, содан кейін ұн мен нан бағасы бірте-бірте көтеріледі.

Өндірушінің бағаны төмендеткенін сатып алушы байқамайды, өйткені сауда бағаны түсірмей ұстап тұрады. Ал егер өндіруші бағаны көтеретін болса, сауда да бағаны бірден өсіреді.

- Ұн бағасы қаншалықты қымбаттауы мүмкін?

-  5-7%-ға қымбаттайды деп ойлаймын. Нан өнімдері саласында жұмыс істеп келе жатқаныма біраз жыл болды, бұл салада нанды егілген егіннен емес, қоймадағы астықтан білу керек деген жақсы сөз бар. Яғни қазір біздегі астық қандай болатыны жайлы сөз таластыра алмаймын. Өйткені ауа райының бір аптадан кейін қалай болатынын білмейміз. Сонымен қатар биыл құрғатуды қажет ететін астық көп болады. Бұл үлкен мәселе, себебі  құрғатуға көп дизель отыны қажет. Ал бұл қосымша шығын.

-  Экспортқа қатысты жағдай қалай, сыртқы нарықта өз ұстанымдарыңызды қалай ұстап тұра аласыздар?

- Ұн экспорты бойынша біздің сала АӨК-нің барлық саласынан ерекшеленеді. Біз саланы дамыту деңгейі бойынша барлығынан 10-15 жылға алға озып кеткенбіз. Біздің өнімге деген үлкен сұраныс пен қолайлы шарттар болды. Біздің бүгінгі таңдағы туындап отырған мәселелеріміз өзгеше.

Ұн туралы сөз қозғай бастағанда, астықты өңдеуге қатысты мәселелерді астықты қайдан сатып алу керек, оны қандай диірменде тартамыз, қалай сақтаймыз, оның сапасын қадағалау тұрғысынан қарастырмаймыз. Ал сүт сатушыларда мұндай мәселе бар, оларға сүт сатып алатын орталықтарды, қандай да бір сүт өңдеумен айналысатын зауыттарды, мал соятын орындарды  құру керек. Бізде мұндай мәселе жоқ. Бизнес мұның барлығын өзі істеу керек. Неге дейсіз ғой. Тұрақты өткізу орны болу үшін. Біздің ұн Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ауғанстан елдеріне жеткізіледі.

2011 жылы Өзбекстан өздеріндегі ұн қуаттарын дамыту мақсатында импорттық ұнға 10% шамасында салық бекіту туралы қаулы шығарды. Кейін бұл 10 пайыздан 15 пайызға дейін көтерілді. Бұл салықты басында 15 пайыздан 11-ге, содан кейін 11 пайыздан 5%-ға дейін төмендетеміз дегенімізге бес жыл уақыт кетті. Былтырғы жылы елбасы Өзбекстанның жаңа президентімен кездескеннен кейін, акциздер алынып тасталды. Бірақ осы уақыт ішінде Өзбекстан жылына 1,5 млн тоннаға дейін өңдеу көлемі бар қуатты ұн өнеркәсібі желісін құрып алды.

Тәжікстанда тарифтік емес шектеу шараларын қолданады. Оларда бидайды сырттан әкелгенде ҚҚС 10%-дан төмен, ал ұн үшін 18%. Ал Қырғызстан импортық бидайға арналған ҚҚС-ны мүлдем алып тастады. Яғни барлығы тарифтік емес шектеу шараларын жасап жатыр, әрқайсысы өздерінің экономикалық мүдделерін сақтауда. Бизнестің аты бизнес. Сонымен қатар Ауғанстанда бидай импортын жан-жақты дамытуға және өздерінде ұн өнеркәсібін қалыптастыруға дайын. Олар өздеріндегі бұрыннан қалған диірмендер барын, соны іске қосуға дайын екендіктерін айтып отыр. 

Жалпы ұн өнеркәсібі жайлы айтар болсақ, тәуелсіздік алғаннан бері ұн өндіру көлемін 2,3 есе, ал экспорт көлемін 16-18 есе арттырдық. Соңғы екі жылда сыртқы нарыққа 2,3 тонна астық жеткізіп отырмыз, ал ел ішінде 1,8 млн тоннаны "жеп қоямыз". Осыдан 5-7 жыл бұрын Өзбекстан біздің ең ірі сатып алушымыз болып, жалпы көлемде 65-66%-ды алатын, ал қазір бірінші орында Ауғанстан тұр. Ауғанстанға жыл сайын 1,5 млн тоннаға жуық ұн экспорттаймыз.

2016-2017 жылдары Ауғанстанға 1 млн 545 тонна ұн жеткіздік, ал Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан бойынша жеткізу төмендеп келеді. Осы арада бізді Ауғанстан құтқарып отырғанын атап кету керек. Өзіміздегі жетістіктерге біздегі ұнның сапасы жақсы немесе сыртқы нарықта белсенді болғаннан емес, астықтың әлемдік бағасының едәуір түсіп кетуі арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бұдан бұрын 2011 жылы ұнға арналған бидайдың әлемдік бағасы бір тонна үшін 350 доллар шамасында болған болса, қазір ол 200 долларға дейін түскен.

Ауғанстанның ұн нарығы айтарлықтай қызық. Ауғанстанға ұнды Пәкістан мен Қазақтан экспорттайды. Осыған дейін біздің ұнның пәкістандық ұнмен ара қатынасы 20-да 80 болатын. Әлемдік ұн бағасы 350 доллар болып, астық пен ұнға субсидия болған кезде Пәкістан сыртқы нарықта жақсы сауда жасады. Бірақ әлемдік баға түскеннен кейін, біздің ұн арзан болып, бұл нарықта басымдыққа ие болдық. Пәкістандықтар біздің ұнның неліктен өтіп кетіп жатқанын түсіне алмай, мұның себебін анықтау үшін тіпті халықаралық компанияларға зерттеу жасатты. Ал  шындығына келер болсақ, мұның себебі айтпаса да түсінікті еді.

Бүгінгі күні қазақстандық ұн тартушылар үшін осы 1,5 млн тоннаны импорттау – үлкен жетістік. Егер ұнның әлемдік бағасы бір тонна үшін 280-300 долларға дейін көтерілетін болса, пәкістандық экспорттаушылар тағы алға шығып, жағдай өзгеріп, ұн экспорттау "қақпасы" жабылып қалуы мүмкін.

-  Қандай шаралар ұсынасыз?

- Биылғы жылдың ортасында "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп ұн өнеркәсібін дамытудың жол картасын әзірледік. Біздегі импорттың үлесі шамамен 0,1%. Өзімізді қамтып отырмыз. Бүгінгі таңда 5,5 млн тонна астықты өңдейміз, сондай-ақ 11 млн тоннаны да өңдей аламыз. Бірақ оны кім сатып алады?

Қазір жаңа транзиттік дәліздерден бастап, бірқатар кешенді шараны ұсындық. Біздің идеямыз мемлекеттік органдар мен серіктестеріміз- Түркіменстан және Ауғанстан тарапынан қолдау тапты. Түркіменстан арқылы астық пен ұн жеткізетін жаңа көлік дәлізін жасап жатырмыз.Бұл – бір. Өзбекстандағы серіктестерімізбен келіссөз жүргізіп жатырмыз, яғни ішкі және сыртқы жеткізулерге арналған тарифтерді ретке келтірмекпіз. Тап кеше маңызды құжатты алдық. Өзбек темір жолы әр вагонға 280 доллар салық салып отырған қосымша алымды алып тастауға қол жеткіздік.

Нақты шаралар бар. Өзбек бизнесі қарап отырмай, өз мүддесін мақсат етіп отырғаны түсінікті. Бірақ қиындықсыз шаруа бітпейтіні анық. Біз президенттің экспорттық әлеуетті дамытуға қатысты берген тапсырмасын толығымен орындауға дайын екенімізді тағы да қайталап айтамын. Жол картасының әзірленген алғашқы редакциясы ауыл шаруашылығы министрлігінде мақұлданғанын атап кету керек. Алға қойған мәселелерді толық шештік десек те болады.

Осыған қаншама уақыт жұмсадық, ақырында мақсатқа жеттік. Біз көптеген сала мен сыртқы нарықтағы қиындықты артта қалдырдық. Осы нарыққа келіп, үлкен көлеммен тұрақты жұмыс істейтін адам ерте ме, кеш пе, бәрібір осы қиындыққа тап болар еді. Басқа елдер кез келген жағдайда өңделген өнім экспортын жауып, тек шикізат сатып алуға тырыса береді. Енді біздің  алдымызда өңделген ауылшаруашылық өнімін экспорттауды қолдау жүйесін құру міндеті тұр.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Айгүл Төлекбаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу