Ұсақ шаруа қожалықтарына да субсидия беріледі

7492

2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама баянды болса құба-құп.

Ұсақ шаруа қожалықтарына да субсидия беріледі

Өткен жылы мемлекет басшысының жарлығымен "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" бекітіліп, 2017 жылдың ақпан айынан бастап оны жүзеге асыру қолға алынған еді. Бұл бағдарламада белгіленген мәселелер толық жүзеге асырылса, 2021 жылға қарай елімізде агроөнеркәсіптік кешендегі ахуал түбегейлі жақсаруға тиіс. Яғни ет және ет өнімдерін сырттан әкелу – 15%-ға, сүт және сүт өнімдерінің импорты – 18%-ға, көкөніс пен бақша  өнімдері – 52%-ға дейін төмендейді деп межеленген. Ал ауыл шаруашылығы  техникаларын жаңарту жыл сайын 4%-ға артып отыруға тиіс. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін 34%-ға көтеру керек. Осы шаруаларды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы саласын ел экономикасының көшбасшысы деңгейіне көтеруге болады деген үміт бар.

Ниет дұрыс, дегенмен миллиардтаған қаржымен бекітілген бағдарлама бұрынғылардың жолын құшпай, нақты жүзеге асса құба-құп.

Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі  өздерінің бірді-екілі малына, үй маңындағы бау-бақшасына ғана иек артады. Бір қызығы қалалардағы ет базарларына әкелінетін еттің ауқымды бөлігі осындай төрт-бес сиыр асырап жан сақтап отырған тұрғындардың үлесіне тиеді екен. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қыруар қаржы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына беріліп келді. Ал құдайдың тізімінде болғанмен, биліктің есебінде жоқ мал ұстап, бақша салып отырған жеке тұрғындарға ешкім, ешқашан көмек көрсеткен емес. Тіпті олардың малдарын қалай асырап жатқандығында да ешкімнің шаруасы болған емес. Солтүстік аймақтарда қысқа қарай шамасы жететін қазақтардың бәрі  соғым сояды. Соғымға негізінен жылқы сойылады. Жасыратыны жоқ, сол соғымның 70-80%-ы жеке мал иелерінен алынады. Яғни соғымды қамтамасыз етіп отырғандардың дені жекеменшік иелері. Сондай-ақ бау-бақша өнімінің де біразы солардың үлесіне тиеді. Еліміздегі егіншілік жері ең көп аймақ саналатын Ақмола облысында көкөніс, картоп өсіретін ірі шаруашылықтар некен-саяқ. Тек соңғы жылдарда ғана әртараптандыруға бағдар ұстап, облыс, аудан басшылары тарапынан  қысым жасалумен ғана іргелі шаруашылықтар аздап көкөніс, картоп өсіре бастады. Әйтпесе бұрын шаруашылықтардың бәрі көктемде сеуіп, күзде жинап алатын бидай егумен ғана шектелетін.

"Жылқының еті жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді" дейтін қазақ үшін аса қадірлі түлікті өсіруге ден қойған ірі шаруашылықтар басқа өңірлерді білмейміз, Ақмолада бірлі-жарым ғана. 3 мыңдай жылқы ұстайтын Атбасар ауданындағы "Бастау" серіктестігінен басқа жылқы өсіретін шаруашылықтарда оның басы ондап қана саналады.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнге дейін дәнді дақылдардан басқа мал, сүт өнімдері мен көкөніс, картоп өнімдерін өндіруде жеке тұрғындар мен шағын шаруа қожалықтарының үлесі мол. Халық тұтынатын ең қажетті өнімдерді өндіріп отырғанмен олар мемлекет тарапынан берілетін субсидия түріндегі көмектен аулақ қалып отыр. Милилиардтаған субсидия қаржысы негізінен ірі шаруашылық құрылымдарына беріліп, жекеменшік иелері мен фермерлер әупіріммен өз жағдайларын өздері жасауға мәжбүр. Осы орайда, "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" бұл олқылықты жойып, субсидиядан жеке мал иелері мен шаруа қожалықтары да үлес алуына мүмкіндік жасамақ.

Рас, ауыл шаруашылығының болашағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кейінгі жылдары мықтап қолға алына бастаған кооперативтердің қандай деңгейде екендігіне байланысты шығар. Дегенмен тап қазір нарықтағы ет өнімдерінің негізгі бөлігі жекеменшік иелері мен шағын шаруа қожалықтарының үлесінде отырғанын теріске шығара алмаймыз. Абырой болғанда, жаңа бағдарламада бұл жағдай ескерілген екен. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілгенде өнім шығарушылардың бәрі, оның ішінде бірді-екілі малы бар тұрғындар да ескерілетін болады. Қарапайым тілмен айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндердің барлығына қолдау көрсетілмек.

2017-2021 жылдарға арналған бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін барлығы 2,3 трл теңге қарастырылған. Орта есеппен алғанда  жылына 475 млрд теңге бөлінеді деген сөз. Бұл қаржының 1,2 триллионы республикалық бюджеттің еншісіне тисе, жергілікті бюджеттерден 852 млрд теңге және басқа да қаржы көздерінен 306 млрд теңге қарастырылмақшы. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін аграрлы аймақ саналатын  Ақмола облысының бюджетінен де біраз қаржы бөлінеді.

Бағдарламаны жүзеге асыру Ақмола облысында бүгінде қордаланып қалған бірқатар мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізетіні анық.  Ең алдымен, жыл санап тұрғын саны азайып, кейбіреулерінің айдың күннің аманында  жұрты ғана қалып жоғалып бара жатқан ауылдарды сақтауға мүмкіндік тумақ. Ауылда жеке малымен, бау-бақшасымен жан баққандарға мемлекет тарапынан осы бағдарлама аясында қолдау көрсетіліп жатса, ауыл адамдарының еңсесі көтеріліп, күнкөріс қамымен қалаға қашпай, малын бағып, бақшасын салып ауылын көгертер еді. Ауылдың негізгі тірегі ұсақ шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылық десек, бұл саланы қаржылық қолдау арқылы көтеру ауылды көтеру деген сөз. Күнкөріс жайымен амалсыз үйренген жерін тастап, қалаға кетіп жатқан адамдар, оның ішінде жастар жеке шаруашылықтарын құрып, өздерін де, елді де көтеруге үлестерін қосуға мүмкіндік ашылмақ. Ендігі тілек, триллиондаған теңге қаржы бөлінген "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іс жүзінде жүзеге асса дейміз.

Қалкөз Жүсіп, Ақмола облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу