Вашингтон мен Теһранның текетіресі

4635

Иранға салынған санкция әлемнің 8 еліне салқынын тигізуі мүмкін.

Вашингтон мен Теһранның текетіресі

Былтыр Құрама Штаттар Иранға қарсы санкцияларды қайта жандандыра отырып, бірқатар елдерді Ислам Республикасынан шектеулі мөлшерде мұнай сатып алғаны үшін жазаламауға келісім берген еді. Сол жеңілдікке әлемнің 8 мемлекеті іліккен. Олар – Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Тайвань, Түркия, Италия, Грекия.

Таяуда Вашингтонның шешімін өзгертетіні белгілі болды. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео мәлімдегендей, АҚШ Теһранның ядролық бағдарламасы мен баллистикалық зымыран сынақтарын және Сирия мен Йемендегі әскери жанжалдарға килігуін тоқтату үшін Ираннан мұнай шығаруды мүлде доғаруды талап етпек.

"Нөлге беттеп барамыз. Барлық бағыт бойынша нөлге ұмтыламыз. Құрама Штаттарда жеңілдіктер кезеңін мамырдың 1-нен кейін созу жоспары жоқ", – дейді Америка дипломатиясының жетекшісі.

Оның сөзінше, бұл шараның мақсаты – Иранды жыл сайын мұнай саудасынан табатын 50 млрд доллар күнкөрісінен айыру.

"Мақсатымыз қарапайым: заңсыз режимді ондаған жылдар бойы Таяу Шығысты тұрақсыздандыруға жұмсаған қорынан айырып, Иранды қалыпты елге айналуға ынталандыру", – деді мемлекеттік хатшы тағы бір сөзінде.

Сонымен қатар ол Дональд Трамп әкімшілігі нарықта мұнай тапшылығына жол бермеу үшін Сауд Арабиясымен, Біріккен Араб Әмірліктерімен жұмыс істеп жатқанын жариялады.

Дегенмен Сауд Арабиясы "қара алтын" өндірісін арттырғанмен, Венесуэланың мұнай индустриясына жарияланған санкцияларға байланысты дүниежүзілік нарықты энергетикалық шикізатпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету мүмкін болмайды деген қауіп бар. Сәуірдің 22-де Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің құны 74 долларға дейін өсті. Бұл – қараша айынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

"Әлем қоймаларында мұнай азайып келеді, Венесуэлада өндіріс төмен және соғысқа байланысты Ливиядан көмірсутегін нарыққа жеткізу қиындауы мүмкін. Осындай жағдайда Иран экспортына шектеу қою – әлем биржаларында шикізат бағасын ұстап тұруға мүмкіндік бермейді деген қауіп бар", – дейді Hedgeye компаниясының өкілі Джой Макмонгл Reuters  агенттігіне берген сұхбатында.

Помпео әр-Риядтың нарықта мұнай ұсынысы деңгейін төмендетпеу уәдесінде тұратынына сенімді. Ал Саудияның энергетика министрі Халид әл-Фалих ұсыныс пен сұраныс арасындағы тепе-теңдікті сақтап тұру үшін ОПЕК-тегі экспортерлермен бірлесіп әрекет ететінін айтты. Тағы бір сөзінде министр АҚШ-тың мәлімдемесінен кейін "мұнай нарығындағы жағдайды жіті қадағалап отырғанын" баяндады. Айтпақшы осы мәселені талқылауға тиіс ОПЕК ұйымының келесі кездесуі жылдағыдай маусымға жоспарланып отыр.

Соңғы бірнеше аптада Дональд Трамп өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасына Иран мұнайын импорттауға қатысты жеңілдіктердің жойылғанын қалайтынын анық ескертті. Оның кеңесшісі Джон Болтон болса, осы бағытта әкімшілікте жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Сауд Арабиясы мен ОПЕК-тің өзге мүшелері кейінгі айларда экспортты күрт қысқартты. Сонымен қатар ОПЕК өзінің Ресей тәрізді одақтастарымен бірлесіп, мұнай өндірісін тәулігіне 1,2 млн баррелге дейін азайтуға келісті Бірақ сол қысқарту деңгейі белгіленген межеден асып кетіп, бір Саудияның өзі халықаралық нарыққа шығаратын мұнай көлемін күніне 800 мың бөшкеге дейін кеміткен.

Санкциялар қайта енгізілгенге дейін Иран ОПЕК-те өндіріс бойынша төртінші орында тұрып, тәулігіне 3 млн баррелге дейін мұнай шығарған. Бірақ оның экспорты сәуір айында 1 млн баррелге дейін төмендеді.

Қанша жерден эмбаргомен жазаланып жатса да, Теһран Вашингтонның алдында иілер емес. Оның мәлімдеуінше, Иран шет мемлекеттердің импорттық жеңілдіктерден айрылуына дайын отыр, ал революция сақшылары АҚШ-тан кек алу үшін Парсы шығанағындағы мұнай танкерлері өтетін негізгі жол – Ормұз бұғазын кез-келген уақытта жаба алады.

Италия, Грекия, Тайвань Ислам Республикасынан бұл шикізатты сатып алуды мүлде тоқтатты. Сарапшылардың пікірінше, Қытай мен Үндістанға мұндай шешім қабылдау оңайға соқпайды. Тағы бір импортер - Түркия АҚШ-тың шешімін айыптап, оның қадамы бейбітшілікке қызмет етпейтінін ескертіп отыр. Азия елдері болса, әзірге Вашингтонның әрекетіне қарсы ештеңе деген жоқ. 

Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілді Чэнь Шуан Бейжіңде өткен брифингте мәлімдегендей, оның елі Американың Иранға қарсы біржақты санкцияларына қарсы, ал Қытайдың осы таяушығыстық мемлекетпен екіжақты қатынас орнатуы заңға қайшы емес.

"Йонхап" агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея Иран мұнайын импорттауға байланысты жеңілдіктердің мерзімін созу мақсатында Құрама Штаттармен барлық деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр. Корея сол мерзімді Сеул үшін мамырдың 2-нен кейін ұзартуға күш салмақ.

Reuters-тің  хабарлауынша, Үндістанның мұнай өңдеуші зауыттары шикізатты өзге елден сатып алу жолдарын қарастырып жатса да, ресми Дели бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Жапонияның Вашингтондағы елшілігі де үнсіз отыр. Айта кетейік, Күн Шығыс елінің премьер-министрі Синдзо Абэ жұма күні ресми сапармен АҚШ-қа барады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу